Қара күздің сілбіп жауған жаңбыры сап басыла сала ілбіп басқан автобуспен полигонға шығып бара жатқанбыз. Бір-бірімен мәре-сәре болып отырған журналистер қайдан білген, айдалада беттерін тұмшалаған әскерилер автобустың маңын қара түтінге бөктіріп, ішке ентелей енгенде, көпшілік орындарында қатқан. Екі-үш тілшінің басына қап кигізіп, қолдарын қайырған күйі іргесіндегі кірпіші мүжілген ескілеу ғимаратқа сүйрелей жөнелді.
Өскемен гарнизонының Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұл күні БАҚ өкілдері әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарға барынша ашық жауап ала алды. Тіпті, әскери киім киіп, төзімділіктері мен мергендіктерін де сынап көрді.
Ең әуелі әскери гарнизонның ат шаптырым аумағында ұйымдастырылған қару-жарақ көрмесін қызықтадық. АК-47 автоматтарынан бөлек әмбеге белгісіз қарудың түр-түрі тізіліп тұр. Соның бірі – ұшақты қарсысынан құлатып түсіретін, болмаса қуып жүріп ататын «Игла-1» зенитті жылжымалы қаруы. Иыққа салып, шүріппені басса, 2 мың метр қашықтықта қарыштап келе жатқан ұшақты жарып жіберуге қауқарлы екен. Сондай-ақ ұшқан оғы 3 мың метрге ұзап кеткен ұшақты да қағып түсіреді. Ал АК-47 автоматына тағылатын соңғы үлгідегі сүңгі пышақтың бірнеше функциясы барын кім білген? Кәдімгі пышақты тістеуікке айналдырып, болат сымды қиып жібере аласыз. Керек кезде балғаның да қызметін атқарады. Әр қаруды ұстап көріп, қызықтаған журналистер ауыр әскери техникаларды да тамашалаған. Жеңіл брондалған техниканы жоюға арналған тағы бір зенитті қондырғы минутына 1 600-2 000 оқты қарша бората алады екен. Енді ойлаңыз, көздеген нысанасын бір-ақ сәтті быт-шытын шығарады. Алайда, заманның дамуына қарай соғыс тактикасы да өзгерген. Жау тылына ұшып барып, жайпап кететін квадрокоптерлер шығып жатқан уақытта біздің техникалар қауқарсыз ба деген ойда қаларсың. Бірақ әскер басшыларының айтуынша, қазіргі таңда еліміз квадрокоптерге қарсы қару ойлап тапқан. Демек, Қазақстанның қаруы да әлемнен қалысып тұрған жоқ.
Ұйымдастырушылар баспасөз турының келесі бөлімі деп сарбаздар жатқан казармаға бастады. Мұндағы сарбаздар күні кеше ғана әскер қатарына алыныпты. Қаз-қатар тізіліп, қолдарындағы тілдей қағаздан анттың мәтінін жаттауға ден қойған. Төргі жақта екі сарбаз бейне қоңырау арқылы ата-анасымен сөйлесіп отыр. Командирлердің айтуынша, белгіленген уақытта әр сарбаз үй-ішімен сөйлесуге құқы бар. Бұрынғыдай хат жазатындар сирек. Әскер қатарына алынған әр сарбаз туралы жан-жақты дерек те осы жерде жинақталады екен. Көздері жәудіреп отырған балалардың бірі Ақтөбе облысынан келсе, енді бірі Павлодардан жеткен. Енді бірі – Алматы облысының азаматы. Барлығы бір жыл бір казармада бір кісідей әскери қызметін өтейді. Бір жыл аз ба, көп пе, әйтеуір әскери тәрбие алып шығады. Төсек жинап, жаға тігуден бастап, қару атуға дейін үйренеді.
Жарты жылды артқа тастаған сарбаздармен асханада жолықтық. Көйлегі көк, қарны тоқ көрінеді. Алып жатқан тамақтарының біріншісі көже болса, екіншісі – қуырдақ. Салаты да бар. Шай мен тәтті компот қатар беріледі. Үйде жей бермейтін алма, апельсин әскердегі мәзірде қарастырылған.
– Алты ай болды, Отан алдындағы қызметтік борышымды өтеп жатырмын. Алғаш келгенде 120 кг едім, қазір 90 килоға түстім. Күнделікті режімді сақтаймыз. Таңертең жүгіру, жаттығу, турникке тартылу... Таңғы асымыз да тойымды, құнарлы. Тәртіпке үйретеді екен. Әскерден соң да осы режімді бұзбауға тырысамын, дейді Жезқазғаннан шақырылған сержант Ерасыл Серікұлы.
Жезқазған, Алматы, Ақтөбе дейміз ғой. Сонау Сауд арабиялық Салих та 27943 әскери бөлімде борышын өтеп жүр. Абдалла Салих Сами Эль-Том Мухаммад ибн Ахмад Юсуфтың ұлты араб болғанымен, жүрегі – қазақ. Қазақшаға судай.
– Қазақстанда туып, Арабияға көшіп кеткенбіз. Екінші сынып оқып жүргенде қайта көшіп келдік. Қазақша оқығандықтан, таза сөйлеймін, дейді Салих сарбаз.
Жаттығу алаңы. Бұл жерде БАҚ өкілдері әскери киім киіп, түрлі кедергілерден өтті. Көрген көзге оңай көрінгенімен, жаттығуға кірісіп кеткендердің кейбіреуі аһілеп-уһілеп, мәреге әзер жеткен. Спортқа қабілеті бар жігіттер кедергілерден қиналмай өтті. Кедергілер көзге оңай көрінгенімен, «оққа ұшқан» қаруласты соғыс алаңынан сүйреп шығару, одан соң тікенекті сым тартылған тұстан жер бауырлап өту оңайға соға қоймайды. Одан өттім бе десең, алдыңнан терең шұңқыр кездеседі. Ол жерден өзіңді ғана емес, 20 килолық жәшікті бірге сүйреп шығуың керек. Әлің бітіп, діңкең құрып тұрғанда әншейінде салмағы сезілмейтін қару да иықты басады. Оның үстіне айналаң көк түтін. Қақалып-шашаласың. Жаттығудан соң асфальтта өскен әріптестердің естен танып, құлап түскенін де көрдік. Алайда әскер қатарына алынған сарбаздар жаттығуға біртіндеп кіріседі екен. Ант қабылдай сала, үш шақырымға жүгіртіп жібермейді.
Тарп-тарп басып автобусқа жайғастық. Бағытымыз – полигон. Мергендігімізді сынамақпыз. Жалпы, журналистер үшін мұндай полигон ұйымдастырылып тұрғанымен, дәл бүгінгідей жаттығуға қатысып көргендері кемде-кем. Кейбіреулері жауды қырып салғандай, кедергіден ентікпей өткендерін айтып мақтанған. Әйтеуір, бір-бірін әзілмен қағытып, көңілді келеді. Әңгіме таусылған соң әнге басқан. Сол-ақ екен, ыңыранып келе жатқан автобус күрт тоқтап, айнала көк түтінге бөкті. Аспанға оқ атылып, қару кезенгендер апыр-топыр автобусқа басып кірген. Екі журналистің басына қап кигізіп, сыртқа сүйреген. Атылған автомат, жарылған гранат... Айнала азан-қазан болды да кетті. Іштей оқу-жаттығу екенін біліп тұрғанымызбен, ала көлеңке ғимаратқа алып кіргенде кейбір тілшілер сенер-сенбесін білмей сасқан. Енді не істер екен деп тұрғанымызда, тыстан маска мен каска киген бір топ сарбаз лап қойды. Ғимарат ішіне баллон лақтырып, түтінмен тұмшалады. Әлгі «лаңкестер» қолға түсіп, «тұтқындалғандар» құтқарылды. Шындығында, мұндай тосын сыйды журналистер қауымы күтпеген еді.
– Мұндай болатынын қайдан білгем. Қорқып кеттім. Бір сәт шынымен де шабуыл жасалды ма деп ойлап қалдым. Өйткені бәрі шынайы еді. Оның үстіне әріптесімді «тұтқындады». Ең бастысы, әскерилердің жұмысын түсіндім. Оңай емес екен. Сарбаздардың тіршілігін көрдік. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – дейді «Менің өлкем» газетінің тілшісі Дидар Ерболатқызы.
Иә, әскерилердің әккілігін, шапшаңдығын көрдік. Әр журналист АК-47 автоматынан оқ атып, мергендігін сынады. Атудың да әр тәсілін байқады. Әуелі орыннан оқ атса, кейіннен жүріп келе жатып, шүріппені басқан. Айта кетерлігі, фотожурналистер мен операторлар нысанаға дөп тигізіп жатты. Оған таңғалған әскерилер бас шайқасты.
– Әскери баспасөз қызметі күніне орай БАҚ өкілдеріне бөлімнің бір күндік жұмысын көрсеттік. Көрсетіп қана қоймай, журналистер қару асынып, өздерін әскери өмірдің бір сәтімен сезіндіріп көрдік. Бір таңғалғанымыз, бірқатар журналистің де физикалық дайындығы мығым. Мергендігін де көрсетті. Мұндай іс-шараны тағы да ұйымдастырамыз, деді 27943 әскери бөлімінің командирі, полковник Азамат Есімжанұлы.
Іс-шарадан соң сынақтан сүрінбей өткен БАҚ өкілдеріне «Әскери журналист» тәжірибелік курсынан сәтті өткені үшін арнайы сертификаттар табысталды. Осы орайда барлығы бірауыздан қару-жарақты жаттығуда ғана асып жүрейік деген тілекпен тарқасты.
ӨСКЕМЕН