Арқа төсінде құт қонып, ырыс дарыған ауыл көп. Өрісіне мал жайылып, еккен егісі бітік шығатын Шет ауданының Көктіңкөлі ауылы – соның бірі. Мұнда Владимир Ковальчук есімді кәсіпкер тұрады. Осыдан отыз жыл бұрын ол құрған «Жаңа» шаруа қожалығы бүгінде қанатын кеңге жайып, қабырғалы агрокешенге айналды. Ұлты белорус Владимирдің қазақ болып кеткеніне көбі қайран. Алған жары орыс ұлтынан. Айналасындағылар іскер азаматты «Сары қазақ» дейді. Өйткені соғымға ту бие сойып, қазы-қарта жеп, қымыз ішпесе, көңілі жайланбайтын жомартыңның өзі.
Аталған агрокәсіпорын сан салалы бағытта ырысын еселеп отыр. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта оның иелігінде екі жүз ірі қара, жүзден асып жығылатын жылқы, жүз елу қойы бар.
Төрт түліктен несібе тапқан ағайынға ауыл шаруашылығы техникаларының сақадай сай болуы қашанда маңызды. Бұл шаруаға да Владимир мығым. Шаруашылыққа қажет техниканың түр-түрі бар. Олардың бұзылмай, жылдың кез келген мерзімінде сағаттың механизміндей сартылдап жұмыс істеп тұруына шаруашылық басшысы баса мән береді.
Фермер шаруашылығының мүмкіндігін тек малдың өсімімен ғана өлшемейді. Егістік алқабындағы шаруаларды да игеріп, игілігін арттыруды көздейді. Сөйтіп, өзіне тиесілі 500 гектардың жартысына егін салып, қалған 250 гектарына арпа, бидай, сұлы егіп, астық қамбасын толтырып алды.
«Биылғы жерге салған өніміміз бітік шықты. Қамбамызды қампайтып алдық. Көп шаруа молшылыққа кенелді. Төккен терімізді, еселі еңбегімізді Жер ана ескерсе деп тілейміз. Агросаланың қиындығы көп. Үнемі ізденіп, жетіліп отырмасаң, шаруаң іркіліп қалады. Сондықтан өзің агроном, ветеринар, малшы, механизатор болмасаң, мал бітпейді», дейді фермер.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
2017 жылы Үкіметтен аз пайызбен несие алған ол қорасын асыл тұқымды сиырға толтырады. Несие қаржысына Ресейден етті әрі сүтті «Симменталь» тұқымынан 50 сиыр әкеледі. Содан бері ірі қараның кесекті еті, мол сүті көл-көсір табысқа кенелтіп, берекесін әрі қарай арттырған көрінеді. Шаруашылық жыл сайын 8000 тонна ет, 9 тонна сүт өнімін өндіріп, саудалап отыр.
Атырабына «Сары қазақ» деп аты танылған оның бойында дарқандық бар, өзінен артылғанымен өзгеге қарайласатын қайырымды жандар қатарынан. Кәсіпкер өзі туып-өскен Көктіңкөлі аулына қарасты Әлихан елді мекеніне барынша жағдай жасап отыр.
– Шарапатты іс адамгершілігі жоғары, рухани әлемі бай, жан дүниесі таза адамдардың ғана қолынан келеді. Владимир – осындай санаттағы азаматтың бірі. Барын ауылымен бөліседі. Жылда Әлихан аулының жалғызбасты қарт адамдарына көмірін, қысқы жемшөбін түсіріп береді. Мектеп алдындағы 250 шаршы метр жерге асфальт төседі. Мектептің акт залына пластикалық терезе орнатқызды. Жылда Көктіңкөлі стансасының бәйгеден өтетін маусымашардың бас жүлдесіне ірі қарасын тігеді. Мұнымен қоса округімізге қарасты Жыланды аулының ұзындығы 9 шақырым кіреберіс жолын жөндеуге де демеушілік жасады. Қыста ауылдың жолдарын қардан тазартуға қаржысын да, техникасын да аямайды, – дейді Көктіңкөлі аулының әкімі Қуаныш Қоршабеков.
Атпал азамат Владимирдің мұқтаж жандардың жағдайын жүрегімен қабылдап, қолынан келгенше жәрдемдесуге дайын тұратын атымтай-жомарттығын ауылдастары да ризашылықпен айтып жүреді. Шынтуайтында, батыл фермер кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін жан-тәнімен сезінеді. Туған ауылын түлетуге үлес қосып жүргені де сондай ұстанымының арқасы болса керек.
Істің қиюын тауып, шаруашылықтың тасын өрге домалатып жүрген кәсіпкердің отбасын да үлгі қылуға болады. Босағасына береке, шаңырағына шаттық үйірілген отаудың бірі. Жары Натальяның қазаны оттан түспейді. Бие сауып, қымыз ашытады. Сиырдың сүтінен қаймақ, май, сыр, ірімшік, құрт дайындайды. Ақ дәмнің бәрі дастарқанда жайнап тұруы керек деген үрдіс бар екен.
– Құт-берекенің барлығы дастарқаныңның молшылығымен келеді. Отағасы жылқы етінсіз отыра алмайды. Даладан мал түгендеп келген күні міндетті түрде қазанға ет саламын. Қонаққа есігіміз ашық. Жылда құран оқытып, шекемізді береміз. Бізді енді танығандар аң-таң болып жатады. Кәдімгі қанымыз да, жанымыз да қазақ болып кеткен, – дейді фермердің жары.
Отбасындағы ұлы Павел мен қызы Любовь әкесінің жанында жүріп, еңбекке ерте араласқан. Бала кезінен шаруа істеп, шымыр болған олар спортқа жақын. Павел – еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Қызы Любовь ауыр атлетикадан ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүр. Ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатының күміс медаль иегері.
Владимир Ковальчуктің ауыл шаруашылығы саласындағы маңдай тері атаусыз, ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы еңбегі бірнеше мәрте түрлі марапатпен аталып өткен. Ал іскер азамат өзі жақсылық жасаған жандардан алғыс алуды марапат біткеннің төресіне балайды.
Міне, шағын ғана ауылда тұрып, шаруашылығын дөңгелетіп қана қоймай, айналасына шарапатын тигізіп жүрген, «Сары қазақ» атанған азаматтың әлемі осындай ізгілікке толы.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Көктіңкөлі ауылы