Президент наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Атырау облысындағы экология мәселесіне ерекше назар аударған еді. Өйткені 125 жылдан бері мұнай мен газ өндірілетін бұл өңірдің ауасы тазармай тұр. Себеп – қоршаған ортаны ластаудың әлі тоқтамауы.
Жол картасында қамтылған іс-шара
Атырау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есеновтің айтуынша, 2022–2025 жылдарға арналған жол картасы жасақталған. Басты мақсат – мұнайлы өңірдің экологиялық проблемасын кешенді шешу. Жол картасында 45 іс-шараны іске асыру жоспарланған.
«Биыл жол картасын іске асыруда төрт іс-шара қамтылды. Біріншісі – Атырау облысының атмосфералық ауасының жай-күйін кешенді бағалау үшін шектеулі рауалды шығарындылардың (ШРШ) жиынтық томын әзірлеу. Жиынтық томды әзірлеуге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс берді. Оны мердігер мекеме – «Экосервис» ЖШС әзірледі. Екіншісі – Құрманғазы, Махамбет, Жылыой аудандарында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобасы. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысымен Құрманғазы ауданында кәріз-тазарту құрылысын жүзеге асырудың жобалау-сметалық құжаттамасын «Едем Строй» ЖШС дайындады. Жобалаушы компаниялар – «Vodecofiltr» ЖШС Жылыой ауданында, «Қазақ Су Арна Жоба» ЖШС Махамбет ауданында осындай жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр», дейді Е.Есенов.
Үшіншісі – Жылыой ауданындағы «Теңізшевройл» ЖШС-ның нысандарына жақын орналасқан елді мекендерде атмосфералық ауаның жай-күйін бағалау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Бұл жұмысты «Атмосферадағы ауаны қорғау республикалық ғылыми орталығы» ЖШС-ның мамандары қолға алған. Соның нәтижесі бойынша зерттелетін аумақтың атмосфералық ауасын ластаудың ықтимал көздері көрсетілген кәсіпорындар картасы әзірленеді. Ғылыми зерттеу жұмысы жөніндегі қорытынды есеп 2025 жылғы 31 қаңтарға дейін аяқталады.
Төртіншісі – Атырау қаласының маңындағы «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялауды аяқтау. Жайық өзенінің сол жағалауында, қаладан 1,5 шақырым жерде орналасқан нысанға қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оны іске асыратын мердігер мекемені айқындау мақсатында ашық электрондық конкурс өткізілді. Конкурстың қорытындысымен «Павлодар өзен порты» АҚ жеңімпаз атанып, қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Жаңадан салынған тазарту қондырғысының іске қосылуына байланысты Атырау қалалық әкімдігіне тиесілі бөлігінде ағынды суды ағызу жүзеге асырылмайды.
Сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС-на қарасты булану алаңын 4 секторға бөлу жұмысы жасалып, 1, 2-секторды рекультивациялау аяқталды. Алайда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы зауыттан шығатын ағындарды жаңадан салынған тазарту қондырғысына қабылдаудан бас тартқан. Соған байланысты 2 секторды рекультивациялау жұмысы уақытша тоқтатылды.
«Заңнамаларға енгізілген өзгерістер ескеріліп, 2024–2026 жылдарға арналған жаңа жол картасы жасақталды. Оны бекіту мәселесіне байланысты келісім жүріп жатыр.
«Биыл бірінші жартыжылдықта 1-санатты ірі кәсіпорындар табиғатты қорғау іс-шараларына 22 млрд 760 млн 863 мың теңге бөлуді жоспарлаған еді. Бұл қаржының 10 млрд 294 млн 787 мың теңгесі игерілді. Бұдан басқа облыстық әкімдік арқылы жоспарланған табиғат қорғау іс-шараларының 80 пайызы орындалды. Мәселен, атмосфералық ауаға бақылау жүргізуге қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынды. Исатай, Қызылқоға аудандарындағы канал жағалауында бөгет тұрғызу жұмысы орындалды. 2025 жылы Атырау қаласында, Жайық өзенінің оң жағалауында аяқталатын бірнеше жоба бар. Оның бірі – сарқынды сулардың булану алаңын тазалау. Екіншісі – кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңарту», деп мәлімдеді Е.Есенов.
Айыппұл мәселені шеше ме?
Экологтің мәліметінше, қоршаған ортаны ластаушылардың дені – мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-ға 142,956 мың тонна шекті шығарындыларға лимит берілген. Бірінші жартыжылдықта нақты шығарындылардың көлемі 30,465 мың тоннаны құрап отыр. Ал «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының лимиті 61,507 мың тонна болған. Каспий теңізінен мұнай өндіретін компанияның ауаға 10,2 мың тонна ластаушы заттар шығарғаны анықталған.
Сондай-ақ «Атырау жылу электр орталығы» АҚ атмосфералық ауаға 11,840 тонна шекті шығарындылар шығаруға рұқсат алған екен. Бірақ энергия мен жылу беретін монополистің шығарындылары 3,378 мың тоннаны құрап отыр.
Эмиссиялар нормативін асыра пайдаланатын кәсіпорындар да бар. Соның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Мұндай дерек экология департаменті мамандарының жоспардан тыс тексеруі кезінде анықталған. Бірақ көмірсутекті шикізатты өңдеп, жанар-жағармай шығаратын кәсіпорынға бірнеше рет айыппұл салынса да, табиғатты бүлдіруді тоқтатар емес. Мұнай өңдеуші кәсіпорынның шекті шығарындыға рұқсаты 16,224 мың тоннаны құраған еді. Бұл кәсіпорынның ауаға шығарғаны – 5,402 мың тонна.
«Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты экологиялық заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелерінде «АМӨЗ» ЖШС-на жалпы сомасы 1,8 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды. Бұған кәсіпорынның эмиссия нормативтерін, эмиссияларды асыра пайдалануы, өндірістік экологиялық бақылауды бұзуы, апаттық жағдайларды хабарламауы себеп болды», дейді Е.Есенов.
Сондай-ақ техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті экология департаментінің өтініші негізінде тексерілмеген өлшем құралдарын пайдалануға тексеріс жүргізген. Соның қорытындысымен «АМӨЗ» ЖШС-на 5,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Ал «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалына жүргізілген бақылау кезінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 10 дәйекті дерегі тіркелген. Бұл компания 4 жылдан бері заң талабын бұзуды жалғастырып келеді.
«Біріншіден, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары толық көлемде, уақтылы орындалмады. Екіншіден, сарқынды суды тазартылмаған күйде әрі нормасыз ағызып жіберу дерегі бар. Үшіншіден, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар орындалмай отыр. Төртіншіден, күкірт блогін игеру кезінде заң талаптары бұзылып, атап айтқанда, шаңды басу жұмысы жүргізілмейді. Бесіншіден, өнеркәсiптiк шығарындылардың сынамаларын алатын арматура жоқ. Алтыншыдан, жобада көзделмеген екі көлбеу контейнерлік резервуар, күкірт қышқылы бар бірнеше тынық резервуар орнатылған. Жетіншіден, былтырғы 3 тамызда өңделмеген күкіртті газды бақылаусыз шығару, шикі күкіртті газды апаттық жағу нәтижесінде реттелмейтін шығарындылар жүзеге асырылды. Сегізіншіден, 2020, 2021, 2022 жылдың төртінші тоқсанында (ПЭК есептері бойынша) артық шығарындыларды (разрядтарды) іске асырды. Тоғызыншыдан, күкіртті артық орналастыру жүзеге асырылды. Жобалық деректерге сәйкес, көрсетілген карталар күкіртті шикізат ретінде уақытша орналастыруға, кейіннен сатуға арналған. Алайда НКОК-та күкірттің барлық көлемі алмай орналастырылып келген. Оныншыдан, зертханалық зерттеулердің нәтижелерінде стандартталмаған, булану резервуарларында экологиялық рұқсатсыз жүргізілетін күкіртті сутегі анықталды», деп мәлімдеді Е.Есенов.
Осындай бұзушылықтар анықталған соң НКОК компаниясына жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Айыппұл қаржысы өндіріліп алынған.
Ауаға жағылған алау
Жол картасында Атырау облысындағы 5 табиғат пайдаланушыға қоршаған ортаға әсер ететін эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу қарастырылған. Оны алдымен енгізетін компаниялар – «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл», «Кazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы.
«Мәселен, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-да МАЖ барлық жүйені баптау, оңтайландыру, бас серверіне, қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкінің сервисіне деректерді беру жұмыстарын енгізу аяқталды. Мұнда автоматтандырылған жүйе 5 шығарынды көзіне, нақтысында қазандық агрегаттарының түтін құбырларына орнатылды. Енді азот диоксиді, азот оксиді (NO2, NO), күкірт диоксиді (SO2), көміртегі оксиді (СО), газдың метеопараметрлері ұдайы қамтылады», деді Е.Есенов.
Ал «АМӨЗ» ЖШС-да автоматты жүйе 4 шығарынды нүктесіне толығымен енгізілген. Сондай-ақ «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы 2023 жылғы 10 қазанда Ұлттық деректер банкінің сервисіне қолданыстағы жабдықтан екі термототықтырғышқа деректерді беруді бастаған. Осылайша, деректер қажетті 16 параметрдің бесеуі (SO2, NO, NO2, O2, температура) бойынша жүзеге асырылып отыр. МАЖ деректері ластаушы заттардың мг/м3 концентрациясында беріледі. Алайда шығарындыларды г/с-қа беретін термототықтырғыштар газдың жылдамдығын, қысымын, ылғалдылығын анықтау датчиктерімен жабдықталмаған.
«Биылғы 16 мамырда Ұлттық деректер банкіне алаудағы газ шығыны деректерін беру жүзеге асырылды. Дерекке сәйкес алау жағудың алты көзі анықталды. Оның ішінде екеуі термототықтырғышта, екі алау «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында, тағы екі алау «Теңіз» кен орнында тіркелді. «Теңіз» кен орнынан мұнай өндіретін «Теңізшевройл» ЖШС жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін МАЖ енгізуді жоспарлап отыр. Кен орнында барлық жүйені баптау, оңтайландыруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндағы дереккөздер саны – 16. Ал «KPI» ЖШС-да 31 желтоқсанға дейін МАЖ енгізу жоспарланды», деп мәлім етті Е.Есенов.
Атырау облысы