• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сенат 22 Қараша, 2024

Республикалық бюджет туралы заң Мәжіліске қайтарылды

54 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында маңызды мәселелер қаралды. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Палата депутаттары «Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт» туралы заңды қарап, мақұл­дады. Құжат нормаларына сәйкес мемлекеттік міндет­темелерді орындау бойынша шығыстарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2025, 2026 және 2027 жылдарға арналған рес­публикалық бюджетке кепіл­­дендірілген трансферттің мөл­шері 2 трлн теңгені құрайды. Сена­торлар атап өткендей, тиісті заңның қабылдануы бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтан­дыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды қарады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бюджеттің басым міндеті мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру болып қала береді. Осыған байланыс­ты алдағы үш жылға арнал­ған республикалық бюджет­тің пара­метрлері бюджеттік қағи­далардың сақталуын және бюджет шығыстарының әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырлануын ескере отырып айқындалған. Бюджет шығыстарының бірінші кезектегі бағыты – мемлекеттік әлеу­меттік міндеттемелерді толық көлемде орындау және ғы­лымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2025 жылы – 25 750 млрд теңге, 2026 жылы – 23 168 млрд теңге және 2027 жылы 24 566 млрд теңге сомасында жоспар­ланып отыр. Қаражат ағымдағы жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық үлгі қалып­тастыруға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыру үшін тиісті жағдай жасау арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері­нің форумында әлеуметтік шығыстардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жала­қысынан, зейнетақы мен жәр­демақыдан үнемдеуге болмайтынын нақты айтты. Келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары шамамен 40 пайызды құрап, 9,7 трлн теңгеден асады. Бұл биылмен салыстырғанда 867 млрд теңгеге артық. Аталған қаражат әлеуметтік төлемдерді ұлғайтуға, денсаулық сақтау жүйесін, сондай-ақ ғылым мен жоғары білім беру салаларын дамытуға бағытталады», деді Сенат төрағасы.

Республикалық бюджетті талқылау барысында сенаторлар Үкімет мүшелерінің алдында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, экономиканы әртараптандыру, салықтық түсімдер мен инфляцияның өсуі, гидротехникалық құры­лыстардың, жылу желілерінің жай-күйі, ауыл шаруашылығын қолдау және ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруға қатысты мәселелерді көтерді.

Осы ретте М.Әшімбаев өңір­лерді дамытуға ықпал ету сенаторлардың қызметіндегі басым бағыттардың бірі екеніне назар аударды.

«Сенаторлардың ұсынысы­мен ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауызсумен қам­тамасыз етуге арналған жоба­ларды іске асыру үшін респуб­ликалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында электр желілерін кеңейту, газ тасы­малдау жүйелерін дамыту, автокөлік жолдарын жөндеу сияқты ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін жобаларды қосымша қаржыландыру қарастырылып отыр. Осыған байланысты Үкімет сенаторлар көтерген мәселелерді назар­ға алып, алдағы уақытта тиісті жұ­мыстар жүргізеді деп сене­міз. Парламент Сенаты осы ба­ғыт­тарда бірлесіп жұмыс істеуге да­йын», деді палата спикері.

М.Әшімбаев отырыс барысында отандық машина жасаушыларды ұзақмерзімді қаржыландыру және шикізатпен қамтамасыз ету өзекті мәселе екенін де тілге тиек етті. Сенаторлар ұлттық экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және шикізаттық емес экспортты ұлғайту мәселелерін көтеріп, нақты проблемаларға тоқталған еді. Осыған байланысты Сенат спи­кері таяуда Қостанай қала­сында өткізілген машина жасау саласын дамытуға қатысты іс-шарада көтерілген түйткілдерге назар аударды.

«Сенат өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін тиісті құқықтық базаны қалыптастыру жолында тиісті жұмыс атқарып келеді. Осы жұмыс аясында дүйсенбі күні Қостанайда машина жасау саласын дамытуға арналған дөң­гелек үстел өткіздік. Сол жерде бірқатар мәселе көтерілді. Соның ішіндегі екі проблемаға тоқта­лып кетейін. Біріншіден, сол жерде біраз кәсіпорын өкілдері ұзақмерзімді және қолжетім­ді қаржымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл, осыған дейін айтылғандай, пайыздар­дың жоғары болуы, банктермен жұмыс істеудің қиындығы сияқ­ты түйткілдерді қамтиды», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, қаралып отырған келесі жылдың бюджетінде Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржысы азайған. Бұл – отандық кәсіпорындарды қаржыландырып отырған негізгі институттардың бірі. Сондықтан палата спикері алдағы уақытта аталған қордың қаржысын көбей­ту мәселесін қарастырудың орынды екенін айтып, Үкімет тарапынан осы бағыттарда нақты іс-шаралар жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

«Дөңгелек үстелде отандық машина жасаушылар көтерген тағы бір проблема – шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі. Бүгінде шикізатты өңдеу барысы өзекті екені белгілі. Алайда қазіргі таңда отандық тауар өндірушілер алюминий, мыс, мырыш, қорғасын сияқты шикізаттарды еліміздегі кен өндірушілерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Қалыптасқан тәртіп бойынша отандық кен өндірушілер халық­аралық деңгейге, Лондон металл бир­жасының бағасына қара­ғанда 5 па­йыздық жеңілдік беріп отыр. Де­генмен тауар өндіру­шілер мұ­ның өте аз екенін ай­тады. Сон­­дықтан отандық ма­шина жасау­­шылар, елімізде өңдеу­­ші өнеркә­сіп­ті дамытатын ком­пания­лар жә­не кәсіпкерлер үшін қазақ­стан­дық шикізаттың бағасын тағы да төмен­дету мәселесін пысық­таған орын­ды болар еді», деп палата төр­ағасы Үкіметті отандық өн­діру­­ші­­лерді алаңдатып отырған осы екі мәселеге назар аударуға шақырды.

Осылайша, сенаторлар рес­пуб­ликалық бюджетті концептуалды түрде қолдады. Дегенмен оны қарау барысында бірқатар өзгеріс енгізді. Нақты айтқанда, де­путаттар келесі жылға қосым­ша 60 млрд теңге бөлуді ұсынды. Бұл қаражат өңірлік дамуға, сумен жабдықтау және су бұру проб­­ле­маларын шешуге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру­ға, сондай-ақ басқа да бағыт­тарға арналған. Сол арқылы сена­тор­лар өңірлерде жергілікті тұрғын­дармен кездесулер барысында көтерілетін өзекті проблемаларды қамтығанын атап өткен жөн.

Осыған байланысты заңды Сенат депутаттары ұсынған түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.