• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 09:10

Ауыл шаруашылығы: Кадрдың қадірі бар ма?

66 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лерінің бірінші форумында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тар­тудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашы­лық басшылары бұл іске ерекше мүдделі» деген еді. Қазіргі уа­қыт­та аталған саланы білім­ді де білікті мамандармен қам­та­масыз етудің маңызы ерекше. Өйт­­кені агроқұрылымдар басшы­лары­­ның көбі бүгінде жасы егде тарт­­қан мамандардың орнын баса­­тын кадрлар жетіс­пейтінін, ал жас­тар ауылдан қалаға кетіп жат­қанын айтып, алаңдаушылық білдіріп жүр.

Бұл ретте осыдан біраз жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы активінің ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жиналысына қатысқанымыз ойға оралады. Сонда мінберге шыққан беделі зор шаруашылық басшысы: «Жастар оңай да ақшасы көп жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандарының көпшілігі бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?» деп қара аспанды төндірген. Оның сөзін бірнеше әріптесі іліп әкетіп: «Бәленшекең дұрыс айтады, ауылдағы жастардың жұмыс істегілері келмейді», деп жарыса «жылаған». Сөз кезегі Тайын­ша ауданындағы жақсы жетістік­терімен  аты шығып жүрген «СТЕМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) директоры Сергей Звольскийге тигенде, ол: «Мен жастардың жұмыс істегісі келмейді деген пікірмен келіс­пеймін. Сіздер механизаторларға қанша жалақы төлейтіндеріңізді неге айтпайсыздар? Біз көктемде жер жырту, тұқым себу, жазда егінді арамшөптерге қарсы өңдеу, күзде астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасып жүретін диқанға айы­на кемінде  бір мың доллар жалақы төлейміз. Сондықтан бізде ешқандай кадр тапшылығы жоқ», деген еді...

Қазір маман іздеген кәсіпкер де, жұ­­мыс іздеген адам да enbek.kz элек­­трондық еңбек бир­жасының қыз­­метін пайдаланады. Осы айда оған біз де үңіліп көрдік. Еліміздің бар­­лық өңірінде 53 «Ветеринар» ма­ман­дығы бос екен. Сондай-ақ 17 агро­­­ном мен 12 зоотехник жұмысқа ша­­­қы­рылыпты.

Осы орайда назар аударарлық жайт – ветеринарларды жұмысқа шақырған агроқұрылымдар сау­сақпен санарлықтай ғана. Со­лар­дың бірі – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қара­бұлақ ауылындағы «Батыр» шаруа қожалығы еңбек өтілі жоқ ветеринарлық санитарға 85 мың теңгеден басталатын жалақы ұсыныпты. Көмірлі өңірдің Шах­­тинск қаласындағы «АПК Волынское» ЖШС ветеринарлық техникке – 140–150 мың теңге, ветеринарлық дәрігерге –185–200 мың аралығында жалақы төлемекші. Бірақ ветеринарлық дәрігер үшін үміткердің 1 жыл жұмыс өтілі болуын талап етіпті. Ал бос орындардың көпші­лігі шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы мемлекеттік комму­нал­дық кәсіпорын саналатын вете­ринарлық стансаларға тиесілі. Олар ветеринарлық дәрігерлерге – 188–230 мың теңге, ветеринарлық фельдшерлерге – 85–180 мың теңге, ветеринарлық техниктерге – 85–210 мың теңге, малды өң­деу жөніндегі операторларға – 85–180 мың теңге, ветеринарлық сани­тарларға 100–120 мың теңге ара­лығында жалақы бермекші.

Жұмыс іздеген, еңбек өтілі жоқ агрономдарға 90–180 мың теңге аралығында жалақы ұсыны­лыпты. Солтүстік Қазақстан об­лы­сы Жамбыл ауданының Благо­вещенка ауылында орналасқан «Атамекен-Агро» ЖШС өзіне қажет агрономға 140–180 мың теңге жалақы төлеу үшін оның 2 жыл еңбек өтілі болуы қажет деп ұйғарыпты. Осындай маман­ның айлық еңбегін 150–200 мың тең­ге аралығында бағалаған Алматы облысы Талғар ауданының Пан­­филов ауылындағы «La Fattoria» ЖШС оның 5 жыл еңбек өтілі болуы міндетті екенін ескертіпті.

Зоотехник іздеп отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дарының ешқайсысы еңбек өтілі жоқ маманды жұмысқа алмайтын болып шықты. Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Москалевка ауылындағы «Моска­левское» ЖШС 1 жыл жұмыс тәжірибесі, техникалық және кәсіптік білімі немесе жоғары білімі бар зоотехниктерге 100–190 мың теңге аралығында жа­ла­қы тағайындамақшы. Сол­түс­тік Қазақстан облысы Мағ­жан Жұмабаев ауданының «Таманское» ЖШС 2 жыл еңбек өтілі, техникалық және кәсіптік білімі бар зоотехникке 125 мың теңгеден басталатын жалақы жеткілікті деп санапты.

Жоғарыда келтірілген мәлі­мет­терге қарап отырып, «Ауыл шаруашылығы құрылым­дары­ның басшылары кадр тапшы деп зарлап жүргендерімен, сол кадрдың қадірін біле ме екен?» деген ойға қаласың. Се­бе­бі еліміздегі орташа жалақы мөлшері қазір 390 мың теңгеден асып жығылды. Ал электрондық еңбек биржасында жас маман­дарға ұсынылып отырған мардымсыз жалақы жоғары оқу орын­дары түгіл, агротехникалық кол­ледждердің түлектерін қы­зық­тыруы да екіталай. Соған қарамастан, жас мамандардан кемінде 1 жыл еңбек өтілін талап ету ақылға қонбайды.

Жуырда Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі 23 жоғары оқу орнында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жүрген 7 212 студенттің 3 677-сі немесе 51 пайызы қыздар екеніне назар аударды. Мәжілісмендердің пікірінше, қыздардың көпшілігі оқу бітіріп, қолдарына диплом алғанымен, ауылға жұмысқа бар­майтындықтан, алдағы уа­қытта ауыл шаруашылығы ма­ман­дықтарына ер балаларды көбі­рек тарту қажет. Депутаттық сауалға жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов мек­тептерде жоғары сынып оқу­шы­ларын мамандық таңдауға бағыт­тайтын «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіл­гендігіне байланысты кәсіптік бағдар беру жұмыстары бар­лық шәкірттің қажетті ақпа­рат­қа тең қолжетімділігін қамта­ма­сыз ететіндігін, ал ауыл шаруа­шылығы мамандықтары бойынша ер балаларға басымдық беру қыздардың конституциялық құқын шектейтіндігін мәлім­деді. Шынтуайтында, ауыл ша­руашылығы мамандықтарын алған қыз-келіншектердің арасында таңдаған кәсібін дөңгелетіп әкеткендер аз емес. Мысал үшін, Ақмола облысындағы Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қады­ралинаның мамандығы – агроном. Ол кәсіби маман ретінде мансап баспалдақтарымен бір­тін­деп жоғарылап, сегіз жыл бойы облыстық жер қатынастары басқармасын басқарған.

Пайымдап қарасақ, ауыл шаруашылығы саласын ма­ман­дар­мен қамтамасыз ету үшін мемлекет өз тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын қолданып отыр. Он бес жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы – соның айғағы. Ал ауылға жұмысқа келген жас мамандарды тұрақтандыру үшін оларға лайықты жалақы төлеу – агроқұрылымдар басшыла­рының міндеті. Өкінішке қа­рай, олардың көбісі өздерінің сенім­герлік басқаруына мүліктік пайлары мен жер үлестерін берген жергілікті тұрғындарға және шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп жүрген жалдамалы жұмыскерлерге жыл сайын түскен ортақ табысты жария­л­ап, әділ бөліске салғысы кел­мейді. Есесіне қолдарында барында қоныштарынан басып, талайы долларлық миллионерге айналған. Ондайлар күзде егістік жерін пайдаланып отырған ауылдардағы әр отбасына бір-екі қап ұн немесе мал жемдейтін ша­малы астық беріп, жұртты жарыл­қап тастағандай кейіп таны­тады. Жыл қорытындысында үздік мамандар мен озат жұмысшыларға – қомақты сыйақы, пай мен жер үлесі иелеріне жартымды дивиденд төлейтін шаруашы­лық басшылары некен-саяқ. Сон­дықтан да Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері ауыл шаруашылығындағы осы көкейкесті мәселеге көңіл бөліп, ауыл еңбеккерлеріне, соның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа келген мамандарға – лайықты жалақы, тұрғындарға жер үлестері мен мүліктік пайларына сәйкес әділ дивиденд төлеу мәселелерін шешуге ба­ғытталған пәрменді шаралар қолданғаны және қажеттілігіне қарай қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізгені абзал. Бұл Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бастамасымен үйлесетін маңызды қадам болары анық.