• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:15

Ғалам ғажаптары: Ең көне көпір

52 рет
көрсетілді

Грекиядағы Аркадико көпірі – әлемдегі ең көне көпірлердің бірі. Тарихшылардың пайымдауынша, оның 3300 жылдық тарихы бар.

Көпір біздің дәуірімізге дейінгі 1300–1190 жылдар аралығында салынған деген дерек бар. Ол артефакт ретінде тарихи маңызға ие болғанымен, бүгінге дейін мызғымай, өзінің негізгі қызметін атқарып келеді. Көпірдің беріктігі әлемді таңғалдырып, сәулет өнерінің озық үлгісіне айналып отыр.

 

Түрлі тағдырды тоғыстырған

1961 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Иво Андричтің «Дрина көпірі» романына берілді.

Романда Балқан түбегінің 400 жылдық саяси-әлеуметтік тарихы мен рухани кескіні жүздеген кейіпкердің өмірі арқылы суреттеледі. Осман империясының дәуірі жүріп тұрған кезеңде, XVI ғасырдың басында серб баласы Мехмет паша түрік әскеріне алынып, империяға қызмет етеді. Кейін оның дәрежесі өсіп, уәзір болады. Сол кезде ол туған жеріне, Вышеградтағы Дрина өзеніне тас көпір салуды қолға алады. Роман сол көпірдің тағдыры арқылы XVI ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі Балқан аймағының тарихын баяндайды. Шығармадағы негізгі кейіпкер – көпірдің өзі, ол түрлі оқиғаны, қайшылықты, адам­дардың тағдырын байланыстырып тұрған ортақ арқау ретінде суреттелген.

 

Хаджу – шах шайханасы

Шығыс архитектурасының ай­рықша үлгілерінің бірі – Хаджу көпірі. Ол XVII ғасырда парсы шахы ІІ Аббас­тың бұйрығымен салынған. Көпір 25 аркадан тұрады.

Бұл көпір Заянд өзеніндегі су деңгейін бақылап тұру үшін бөген ретінде де пайдаланылады екен. Хаджу көпірі сол кезде мәдени-әлеуметтік орталық ретінде де ерекше мәнге ие болған. Мұнда тіпті табиғаттың көркем көрінісін тамашалау үшін шах ІІ Аббасқа арналған тас орындық орнатылған. Кейбір деректерге сәйкес көпірдің бір бөлігінде сұлтанның шайханасы болған.