• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қараша, 2024

Жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі

118 рет
көрсетілді

Жылыту кезіндегі орын алатын жазатайым оқиға азаймай тұр. Қазіргідей озық технологияның заманында, айдың күннің аманында талай отбасы отқа оранып, бір-ақ күнде қайғыға батып қалып жатқаны жанға батады.

Тұрғын үйлер мен пәтер­­лердегі тұр­мыс­тық өрттердің негізгі се­беп­тері – жылыту жүйелері мен қон­дырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ереже­лерін өрескел бұзу, пешпен жы­лыту, электр желісін шама­дан тыс жүктеу, сондай-ақ қа­ра­пайым немқұрайлылық. Өткен демалыс күндері Төтенше жағ­дай­лар министрлігінің (ТЖМ) құт­қа­рушылары елордада және оған іргелес орналасқан Ақмола облысының елді мекендерінде жаппай профилактикалық рейд ұйымдастырды. Бұл іс-шара «Біз қауіпсіздік үшін» деген ауқымды бағ­дарламаның бір бөлігі ретінде жүр­­гі­зілді. Негізгі мақсат – өрт қа­уіп­­сіздігінің алдын алу, адам шы­­ғы­нын азайту, төтенше жағ­дай­­лар­ды болғызбау. Жылыту бас­­тал­ғалы бері елімізде 913 өрт тір­кел­ген. Салдарынан 41 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алған.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев рейд жүргізудің маңызды іс-шара екенін айтып берді.

«Елорда және оған іргелес орна­ласқан елді мекендердегі өрт жағдайынан сақтандыру мақ­сатында жаппай профи­лак­ти­ка­лық рейд жүргізу – өте ма­ңызды жұ­мыс. Әсіресе жеке үйлерді жы­лыту кезінде электр аспаптарын пайдалану ере­же­лерін дұрыс сақ­тамау салда­ры­нан қауіпті ай­мақ­тың біріне ай­нал­дық», деді ол.

Рейд барысында пешпен жылытылатын үйлерге ерекше назар аударылды. Құтқарушылардың айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі осы жеке үйлерде орын алады. Пештер жарамды күйде болуы, өрт қауіпсіздігінің барлық талабын сақтауды ескере отырып жабдықталуға тиіс. Пештерді пайдалану кезінде түтін жолдары мен пештерді күйеден тазарту, жанғыш шатырдың үстіндегі түтін құбырларында ұшқ­­ыш ұстағыш металл торлардың болуы, отынды, басқа да жан­ғыш заттар мен материалдарды от­тық­та орналастыру, жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмау сынды қарапайым талаптарды сақтау керек. Осындай іс-шаралар өрттің алдын алуға мүмкіндік береді.

Құтқарушылар мен волонтерлер тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әрбір үйдің тұрғындарына жылыту құрылғыларын дұрыс қолдану, электр сымдарын тексеру, өрт сөндіру құралдарын толықтыру секілді іс-әрекеттердің тәртібі түсіндірілді. Үш баланың анасы Айжан Жұмабаева адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алған мамандардың жұмы­сына алғысын білдірді.

«Біз электр құрылғыларын қалай дұрыс пайдалану керек екенін то­лық ұғындық. Құт­қа­ру­шылар үйге келіп, пештің түтін шы­ға­ра­тын бөлігін тексеріп берді. Енді бала­ларымның қауіпсіздігіне сенім­дімін», деді ол.

Рейд барысында құтқа­ру­шы­лар әлеуметтік осал топтағы тұр­ғындардың үйлеріне түтін мен у­лы газды анықтайтын ақылды құ­­рылғы орнатып берді. Бұл қа­уіп­ті жағдайды ерте анықтап, ды­быс­­тық дабыл қағу арқылы тұр­­ғын­­дарға қауіптің алдын алуға кө­мектеседі.

«Астанадағы өрт оқиғала­ры­ның саны жыл сайын артып барады. Биылдың өзінде 635 өрт тір­­­келді. Жеке тұрғын үйлердегі жы­­лыту құрылғылары мен электр жаб­­дықтарын дұрыс пайдалан­бау, қауіпсіздік ережелерін сақ­та­­мау – қайғылы оқиғалардың бас­ты себеп­тері болып тұр», дейді құт­­қа­ру­­шылар­.

Рейд өрттің алдын алуға ба­ғыт­­­­талған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұндай игі шаралар төтенше жағдайлардың санын азай­­тып қана қоймай, халықтың қа­­уіп­сіздік деңгейін арттыруға мүм­­­кіндік береді. Құтқарушылар ал­дағы уақытта бұл тәжірибені бас­қа өңірлерде де қолдануды жос­парлап отыр.