Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында елімізде жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, төрт түліктің ішінде жылқы саны әжептәуір өскен. 2014 жылы 1 миллион 938 мыңға жуық жылқы болса, он жылдың ішінде 4 миллионнан асты.
Қамбар ата түлігін асылдандыру заман талабы дейміз, бірақ бұл шаруаны атқаруға келгенде көрсеткіш көңіл көншітерлік емес. Мұны форумда Президент те айтты. «Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Елімізде жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет», деді Мемлекет басшысы.
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау, көбейту мақсатында арнайы заң да қабылданды. Жаңа заң аясында мініске қажет жылқы басын көбейтіп, тектік қорын сақтаумен қатар, асыл тұқымдық қасиетін жақсартуға басымдық беріледі. Селекциялық жұмыстар сатылай жүзеге асып, асылдандыруға көңіл бөлінбек.
Білікті мамандар ертеден қаузап жүрген жылқы шаруашылығы институтын әлдеқашан құруымыз керек еді. «Ештен кеш жақсы». Президенттің пәрменінен кейін құзырлы органдар шаруаны тиянақтап, бөлінетін қаржыны нақтылайтыны анық.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикібаев бұл мәселе отыз жылдан бері көтеріліп келе жатқанын жеткізді. «Жылқы шаруашылығын өркендетеміз десек ғылыми орталық не болмаса институт құру қажет екенін айтып-ақ келеміз. Бүкілресейлік жылқы институтын, Англияның, Францияның зерттеу институттарын да білеміз. Жұмысы жүйелі дамып отырады, жылқы түлігін өсіруде ештеңеге алаңдамайды. Президенттің жылқы тұқымын асылдандыруға қатысты, жалпы қылқұйрықты көбейту жөнінде көтерген ұсынысы, жүктеген тапсырмасы орынды. Жалпы, ғылыми негізге сүйенгенде, асыл тұқымды түлік саны жалпы жылқы санының 10%-ынан төмендемеуі керек. Мысалы, қораңызда 100 бас жылқыңыз болса, соның кемінде 10 басы асыл тұқымды болуы керек. Бұдан азайып кетсе асылдандыру ісі құлдырайды деп мал басын кемітпейтін еді. Кейін заман ыңғайы өзгерді, жеке шаруашылықтар құрылып, әркім өзімбілемдікке салынды да, бұл талап ескерілмей қалды», дейді ғалым.
«1998 жылы жаңа жылқы тұқымы ретінде тіркелген Мұғалжар жылқы тұқымын көбейтудің тиімділігі зор. Ақтөбе облысындағы «Мұғалжар жылқы зауыты (бұрынғы «Ембі жылқы зауыты»), Қарағанды облысы, Шет ауданындағы «Шолақ еспе жылқы зауыты» һәм Қызылорда облысындағы «Құланды жылқы зауытының» мамандары бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде, осы жылқы тұқымы бекітілді. Мұғалжар жылқысының мықтылығы сондай, жыл он екі ай жайылымда жүреді. Қолға қарамайды, тебінмен-ақ қытымыр қыстан аман шығып кетеді. Өзге қазақы тұқым, жабы жылқысына қарағанда етті келеді. Селекциялық жұмыстың оң нәтиже бергені шығар, Мұғалжар жылқысы елімізде брендке айналды. Тұқымын өсіруге құмбыл шаруалардың да қатары қалың, үнемі сұрап, іздестіріп отырады», дейді Н.Кикібаев.
Ғалым жылқы шаруашылығы институты ашылып, білікті ғалымдарды тартса, Қамбар ата түлігін асылдандыру шаруасы жанданатынын атап өтті. Тіпті ертеректе «Мемлекеттік асыл тұқым» кітабы шығып, елдегі асыл тұқымды жылқылардың дерек, дәйегі осы кітапқа қатталғанын да айтты. Егер кітапқа жылқы туралы мәлімет енбесе, ол асыл тұқым ретінде мойындалмаған. Ағылшындар да үш ғасырдан бері таза қан жылқы түлігін зерттеп келеді. Ғалым Мұғалжар жылқылары 1930 жылдары «Ембі жылқы зауытындағы» Зубр, Бархат, Писатель атты айғырлардан тарағанына тоқталды.
«Қазіргі өсіріп отырған жылқыңыз Мұғалжар тұқымы болса, шежіресін тарқатқанда осы үш айғырға келіп тірелуі керек. Егер бұл жануарлардан тарамаса, онда асыл тұқымды Мұғалжар жылқысы екенін дәлелдей алмайсыз. Күй талғамайтын, кез келген өңірге бейімделіп жерсінетін Мұғалжар жылқысын өзге облыстарда да өсіруге күш салған абзал», дейді Н.Кикібаев.
Ғалым Қайрат Исхан жылқы түлігін асылдандыруда қордаланған күрмеулі мәселе шаш-етектен екенін жеткізді. «Елде 4 миллионнан аса жылқы бар екенін, оның тек 1%-ы ғана асыл тұқымды екенін Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты. Осы 4 миллион бас жылқының барлығы дерлік жекеменшіктің иелігінде. Сондықтан да ғылыми топ жеке шаруамен келісімшарт жасасып, жылқысын асылдандыру ісін қолға алады. Жыл сайынғы кешенді бағалаудан өткізіп, қай айғырды үйірге салып, қай биені етке жіберу керек деген мәселені талқылайды. Мұның барлығы да жылқы малының дене тұрқының өлшеміне қарап, сараланады. Жеке шаруа болғандықтан ол өз малының асыл тұқымды болғанын қаламаса, біздің талапты орындамайтыны анық. Селекциялық жетістікке жету мақсатында, жылқы тұқымын асылдандыруға кемінде 10 жыл уақыт кетеді. Осы мерзімнен кейін ғана нәтижесін көресің. Өйткені асыл тұқымды айғырдан туған құлынға екі жарым жылдан кейін кешенді бақылау жүргізіледі. Еркек жылқыны айғырлыққа салады, ол 3-4 жастан асқан соң үйірге түседі. Оның құлынын тағы 2,5 жасында кешенді бақылауға жібереді. Дене тұрқының өлшемдері, салмағы, бойының биіктігі, түрі, түсі бәрі де зерттеледі. Бұдан туған құлыннан әуел бастағы айғырдың қасиеті анықталса, онда селекциялық жұмыстың нәтижелі болғаны. Міне, жылқы түлігін асылдандыруда жұмыс осылай кезең-кезеңімен кешенді түрде жүргізіледі», дейді профессор.
Ғалым жылқы шаруашылығы жеке азаматтардың меншігі саналатындықтан, көпшілігі асылдандыру жұмысының 10 жыл ұзақ мерзімді қамтитынын қолай көрмейтінін, кейде селекциялық жұмыс қолға алынған соң бір-екі жылдан кейін шаруа қожалығын сатып жіберетіндер, мал басын азайтатындар да болатынын алға тартады.
«Біз жылқы шаруашылығы институтын ашамыз десек, ең әуелі мемлекеттік жылқы зауыты ашылғаны жөн. Тұқымдық, нәсілдік қасиеті жоғары айғырларды, аналық бас биелерді осы зауытқа шоғырландырып, асылдандыру ісін кешенді жүргізген абзал. Екіншіден, бұл шаруаны ғылыми негіздейтін ғалымдардың орталығы бір жерге шоғырлануы керек», деген профессор төрт түліктің ішінде тек жылқының терісі ғана суды бойына сіңірмейтін қасиетке ие екенін айтады.
«Осы ерекшелігін зерттей отырып жылқының терісін өңдеп шикізатқа айналдырып, одан өнім өндіретін технологияны дамыту қажет. Мұның барлығы да Президент ашу керек деп тапсырған жылқы шаруашылығы институтының келешекте атқарар шаруасы», дейді ғалым.
Қазақ даласында жабы типті жылқы тұқымы, міністі, шаруаға жегісті бағытқа бейімделген Қостанай жылқы тұқымы, Көшім жылқысы ертеден өсіріледі. Егемендік алғаннан кейін, 1998 жылы Мұғалжар жылқы тұқымы ғылыми негізде бекітілді. Ал былтыр Президенттің пәрмен беруімен, Адай жылқы тұқымы бекітіліп, өнімдік, спорттық бағытта жылқы басын көбейту қолға алынды.
Ғалым жылқы тұқымын асылдандырып көбейту ісінде селекциялық жұмыс бірнеше облыста жүргізіліп жатқанын, әлі де мемлекеттік қолдаудың қажет екенін алға тартты.