• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:50

Орта ғасыр тарихын жаңаша зерделеу

27 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ортағасырлық Қазақстан тарихы: жаңаша зерделеу және міндеттер» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған еліміз­ге белгілі ғалымдар, тарих саласының жетекші маман­дары және ғылыми-зерт­теу институттарының өкіл­дері, докторанттар мен магис­трант­­тар қатысты.

Басқосуда ғалымдар Орта ғасыр тарихын зерттеу мен зерделеудің жағдайы және осы саладағы проблемалар туралы ой қозғады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудағы араб-парсы деректерін пайдалану және сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау мәселелері де сөз болды.

Жиын тізгінін ұстаған Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов тарихшылар үшін қызықты кезең келгенін жеткізді.

– Соңғы жылдары төл тарихымызды жаңаша зерделеуге көңіл бөліне бастады. Бір жағынан, қоғамда тарихымызға қатысты сан алуан пікір бар. Бұған билік те назар аударды. Осы бағытта еліміздегі тарихшылар конгресі біраз жұмыс атқарды. Алдағы желтоқсан айының соңында ұлттық тарихшылар форумы өтеді деп жоспарланып отыр. Соның алдында жиналып, біраз дүниені пысықтап алайық, – деген Ерлан Бәтташұлы, сөзін одан әрі жалғап: – Біздің тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін қалай жазылғаны белгілі. Қазір егемен елміз. Еркінбіз. Соның бір белгісі – санадағы, ғылымдағы еркіндік. Алайда еркіндік деп тарихи деректерден ауытқуға болмайды. Бұған дейін қалыптасып қалған қасаң тұжырымнан арылатын уақыт жетті, – деді академик.

Кейінгі жылдары көкірегі ояу, са­насы сергек халыққа жанашыр аза­маттардың ұлт тарихына қызы­ғушылығы артқан. Сондай бір­қа­тар азаматтар тарихымызға қатыс­ты шетелдегі архивтер мен кі­тапханаларда сақталған көне кі­таптар мен қолжазбалар көшірмесін әкелуге қаржылай қол ұшын созып, қолдау көрсеткен.

Дегенмен заман өзгерді. Қазір сол тарихи деректерді түпнұсқадан тікелей тәржімалау мүмкіндігі туып отыр. Бірақ Ерлан Сыдықов ол үшін тіл білетін білікті маман қажет екенін айтады. Мәселен, елімізде шағатай, араб және төте жазу үлгісіндегі қазақ алфавитінен тікелей аударатын мамандар өте тапшы.

Одан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, экономист-ғалым Жақсыбек Құ­лекеев өзінің бас болуымен тари­хымызға қатыс­ты бірқатар құнды кітап ауда­ры­лып жатқанын баяндады. Со­ны­мен бірге кеңес заманында отан­дық ғалымдарға Алтын Орда дәуі­рі­нің құрылған кезеңін зерттеуге тыйым салғанын айта келіп, біз­дің тарихшыларға XVII-XVIII ғасыр­дан бергі уақытты зерттеуге ғана мүмкіндік берілгенін тілге тиек етті.

– Мен тарихшы емес­пін, бірақ тарихтың жанашыры­мын десем болады. Кез келген ақы­лы толысқан азамат: «Біз кім­біз,тарихымыз қан­дай?» деген сауал­дың жауабын білгісі ке­леді. Шындығында, тәуел­сіздік алғаны­мызға отыз жылдан асса да, біз тарихымызды әлі толық таныған жоқпыз.

Қазір үйде отырып, шетел кітап­ханаларынан кез келген іздеген материалыңды табасыз. Мысалы, Ұлыбритания кітапханасынан орта ғасыр тарихына, әсіресе біздің тарихымызға қатысты көптеген құнды кітаптың электрондық нұс­қасын алдым. Оны барлық азамат ала алады. Орта ғасыр тарихын зерт­­теу оңай емес. Осы ғасырға бай­­­­ланысты шетелдегі архивтерде жат­­қан қолжазбаларды табуымыз қа­жет. Солардың ішіндегі өзімізге қатыс­­ты дүниелерді аудару керек. Сон­дықтан тарихшылардың арасында парсы, шағатай, түркі тілдерін білетін мамандардың болғаны дұрыс. Әсіресе жас ғалымдарға көп үміт артуға болады. Ғылымды солар көтереді, – деді Ж.Әбдірахметұлы.

Еуразия ұлттық университетін­дегі «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығында сирек кітаптар мен қолжазбалардың біраз қоры сақтал­ған. Орталық директоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Данагүл Махат солардың ішінде өте сирек кездесетін құнды дүниелер бар екенін атап өтті.

– Біздің орталықта 13 қор бар. Солардың ішінде кеңестік кезең­нің сүзгісінен өтпей қалған қолжаз­ба­лар да кездеседі. Мүмкіндігін­ше, соларды зерттеп жатырмыз. Көне қолжазбаны оқу – оңай емес. Мәселен, Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты еңбегі бес томды құрайды. Бұл жинақ 90-жылдары шыққан. Бірақ оны шығарған мамандар тарихымызға қатысты бөлімін ғана алып, басқа жерлерін қысқартып, мазмұнын ғана берген. Сөйтіп, бір кітапқа сыйдырған. Орталық ғалымдары осы еңбекті біраз жылдан бері зерттеп келеді. Алғашқы екі томын аударып, жұртшылыққа ұсындық. Бір жағынан, бұл кітап – өте күрделі. Автор түрлі ғылымның басын тоғыстырып жазған. Ендігі бір өзекті мәселе – маман даярлау. Елімізде шығыстану мамандарын Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университеті даярлайды. Ал шығыстануды бітірген мамандар көп болғанымен көне қолжазбаны оқитын маман сирек. Біздің орталыққа да маман жетіспейді,– деді ғалым.

Жалпы, сирек кітаптар мен қол­жаз­баларды жинау, сақтау бойынша өзекті мәселелер қордаланып қалған. Айталық, елімізде 100 мыңға жуық қор болғанымен, оның аты бар да заты жоқ екен. Кей­бір мекемелер өздерінің сирек қоры­на 2000-жылдары шыққан кітап­тарды кіргізіп қойған. Қысқасы, Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Жандос Болдыков осы салада проблема көп екенін айтты.

– Бүгінге дейін елімізде сирек қорды сақтауға байланысты әлі толық ереже жоқ. Тіпті көне кітаптар мен қолжазбаларды сақтайтын еш­қандай жағдай жасалмаған. Қан­шама бағалы дүниеден осылай айы­рылып жатырмыз. Қазақ жерінен әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздан бастап, көп­теген ғұлама ғалымдар, ақындар шық­ты. Бірақ солардың еңбектері­нің бірде-бір түпнұсқасы жоқ. Бә­рі де көшірме. Мәселен, тарихымыз­ға қатысты біраз дерек Ресей архивін­де, кітапханасында сақталған. Биыл біз Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Әзербайжанға ісса­парға бардық. Бұларда көне қол­жазбаларды сақ­тау жоғары деңгей­де дамыған. Мысалы, көрші Өзбек­станда да бұл сала жақсы жолға қойылған. Өз мұрасын қызғыштай қорып отыр. Ал біздегі жағдай мүлде басқаша. Мен осы мәселені бес жылдан бері көтеріп келемін. Әлі шешімі табылмады, – деді ол.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде «Жо­шы ұлысы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсы­лық Сәбитов, ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Құралай Сейітқазина және тағы басқа ғалымдар сөз алып, тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында жиында көтерілген мәселелерге байланысты бірқатар ұсыныс жасалды.