• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:30

Абай рухымен сырласқан әнші

16 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темір­қа­зы­ғы­на айналуы қажет», деген тұжырымы, шын мәнін­де, ойлы оқыр­манның қай-қайсысының да санасына сәуле құяры хақ. Соның айқын айғағы болса керек, «Астана Опера» теат­рында өткен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловтің қазақтың бас ақыны Абай Құнан­байұлының шығармашылығына арналған «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы зор табыспен өтті.

Айтулы жоба Мә­де­ниет және ақпарат ми­нистр­лігінің қол­дауы­мен ұлы ақынның өмірден өтке­ніне 120 жыл толуына орай бірінші рет ұйымдастырылыпты. Моноопера авторы әрі орындаушысы Шахимардан Әбіловтің айтуынша, оның «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы – ондаған жылдардағы ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Моноопера жазу идеясы Лондонға сапары кезінде пайда болған. 1995 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі­мен жарияланған Абай жылын мерекелеу аясында Шахимардан Әбілов Лондонда Абай үйінің ашылуына қатысты. Осы салтанатты іс-шарада ол Қазақ­станның халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев және әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевпен бірге Чарльз ханзаданың оркестрімен атақты Барбикан орталығында өнер көрсетті. Сол кезде Абай ариясын шырқаған опера әншісі Шахимардан Әбілов алғаш рет Абай туралы көлемді дүние шығаруды ойлайды. Алғашқыда моноопера эксперимент ретінде Абайдың 3-4 әнімен таныстырылған, одан кейін отандық композиторлар Еркеғали Рахмадиев, Мансұр Сағатов, Мыңжасар Маңғытаев пен Төлеген Мұхамеджановтың Шахимардан Әбілов даусына арнап Абайдың өлеңдеріне жазған романстары қосылған.

–Тынымсыз ізденіспен қан­шама жыл өткенде сол арман ақиқатқа айналды. Абайға деген жүрекжарды сүйіспеншілігім мен құрметім моно­операға ұласты. Оны жасау үшін өте көп еңбектендім. Нәтижесінде, ақын­ның көп орындала бермейтін 10 туын­дысын таңдап, солардың негі­зінде моноопера жасадым. Кезінде Алматыдағы Абай атын­дағы ұлттық опера және балет театрының 17-маусымын «Абаймен» ашқан едім. Содан бері әр маусым сайын мен Абайды басқа қырынан тани түстім. Сол арқылы кәсіби тұрғыда ғана емес, рухани толыстым. Абай маған өмірлік рухани азық болды. Сондағы түйгенім – біз Абайды естуіміз әрі оның әлеміне шомуымыз керек, сол үшін моноопераны сахнаға шығаруды көкседім. Бүгінгі өзіңіз тамашалаған «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы үзіліссіз және көрермендердің қол шапалақтауынсыз тура 1 сағат 20 минут жүреді. Абай өзінен кейін өлмейтұғын сөз ғана емес, өлмейтұғын ән де қалдырған. Хал­қы­ның бойындағы көптеген кесір мінезді сынап кетсе де, бар ойы сол арқылы елінің мәртебесін көтеру болды. Туған халқының надан­дық қамытынан құтылып, білім мен рухани толысқан ұлт болуын армандады. Бір ғана Абай арқы­лы әлемге қазақтың кім еке­­нін көр­сете аламыз, сондықтан Абай­­­ды ұғыну – әрқайсымыздың пары­­зы­мыз деп білемін, деген Ш.Әбілов ұлы ой­шыл­дың 180 жыл­дығына орай келесі жылы оркестр­­мен бірге үлкен спектакль қоюды жос­парлап отырғанын да қоса атап өтті.

Расымен де, моноопера – ­сирек жанр, сондықтан көпшілік ұйып тыңдаған арнау-концерт «Астана Опера» көрермендері үшін қызықты оқиға, тың жаңалық бол­ғаны анық. Моноопера бағ­дар­ламасы негізгі үш бөлімге жүйе­леніпті. Бірінші бөліміне «Қараң­ғы түнде тау қалғып», «Қара­шада өмір тұр», «Қор болды жаным» және «Сегіз аяқ» туындылары енсе, екінші бөлім ұлы ақынның бала тәрбиесі, білім, ғылым, өнер, махаббат туралы «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы» өлеңдерін қамтиды. Ең соңғы үшінші бөлімінде «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қалам­қас» әндері шырқалды. Фортепиано партия­сын халық­аралық байқаулардың лауреаты, Шахимардан Әбіловтің тұрақты концертмейстері Әлияр Өтетілеу кемеліне келтіре орындады.

Осы тұста ерекше тоқатала ке­те­тін дүние – сахнаның әсем­ді­г­іне терең мағына үстеп, бей­не­лі­лік һәм мазмұндық тұрғы­дан көр­кемдік биікте шебер безен­дірі­луі де моноопера бір­тұ­тас­тығын түз­ген үш бөлімінің мағы­насын жан-жақты қырынан толым­ды жет­кізе білді. Мұндай ерек­ш­е көр­кемдік көпір Абайдың тари­хи дәуірін махаббат пен ақи­қат­ты іздеу жо­лын­дағы мәң­гі­лік та­қы­рып­тарымен шебер байланыстырды.

– Абай – терең ақыл, асқан пара­сат иесі, даналық пен кемел­дік деңгейі толық адам. Оның «Махаб­батпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жан­нан тәтті, Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деген өлең жолдарының өзі ақынның халықтық, ұлттық сипаттан биік адамзаттық тұлға екенін танытады. Біз сол Абай айтқан ізгілікті бойымызға сіңірсек, әлемді өзімізге бағындырар едік. Бізге Абайдың жүрегіндей сабыр жетіспейді. Бір ғұлама: «Абайды тану – Алаш баласының ақын алдындағы парызы» депті, хакімді тану – бәрімізге парыз. Әрине, Абайды толық танып білу қиын, бірақ соған ұмтылу керек. Ақынның өмірден өткеніне 120 жыл толуы­на орай бірінші рет осындай ауқымды іс-шара ұйымдастырылып отыр. Бұл ретте маған үлкен көмегін берген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және «Астана Опера» театры ұжымына зор алғысымды білдіремін. Әдетте, көптеген іс-шара ақынның туған күніне орай ұйымдастырылып жатады. Ал біз бірінші рет ақынның дүниеден өткен уақытына орай хәкім рухына бағыштап осы ән кешін өткізуді жоспарладық. Монореквием алдымен Алматыда қойылды, халық жылы қабылдады. Енді, міне, бас қаламыз Астанада өтіп жатыр. Көрерменнің ыстық ықыласына қарағанда, жобамыз сәтті өткен сыңайлы. Абайды сүйген, ақын мұра­сын құрметтеген барша хал­қыма алғысым шексіз. Жер ша­рындағы бүкіл адамзат бейбі­т­шілік пен достықта өмір сүріп, бір-біріне өздерінің бай дәстүр­лерін ашса, жаңа мәдени жа­у­һарлар жасаса екен деп тілей­мін, – деп тағылымды кештен ке­йін Қазақстан­ның халық әртісі Шахи­мардан Әбілов мазмұнды моно­опе­раның ерекшелігіне жан-жақ­ты тоқталып, Абай әлемін тануға талпынған барша тыңдарманға ризашылығын білдірді.