• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Шарапова тағы да Серенаны жеңе алмады

333 рет
көрсетілді

АСТАНА. 31 қаңтар. Теннистен Австралия ашық біріншілігінің қыздар арасындағы бәсекесінде АҚШ теннисшісі Серена Уильямс жеңіске жетті. Ол финалда ресейлік Мария Шараповадан 6:3, 7:6 (7:5) есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Допты ойынға алғаш болып Мария қосты. Бастапқы соққыларын жақсы орындағанымен, ресейлік теннисші бұл геймде ұпайсыз қалды. Қарсыласының добын өз пайдасына шеше білген Серена екінші геймде де Шараповаға ұпай бермеді. Нәтижесінде, алғашқы сетте АҚШ теннисшісі 6:3 есебімен жеңіске жетті. Келесі кезең Серенаның айқын басымдығымен басталды. Қатарынан үш мәрте эйс жасаған ол екінші сеттің алғашқы геймінде оңай жеңді. Десек те, Мария сет барысында лайықты қарсылық көрсете білді. Тіпті, екінші геймде ол да үш рет қатарынан эйс жасап, Серенаның жойқын соққыларына жауап бергендей болды. Сондай-ақ, екі мәрте қарсыласының добынан ұпай алу мүмкіндігіне ие болғанымен, Уильямс брейк жасауға Шараповаға мүмкіндік бермеді. Екінші сетте әр теннисші өз добынан ұпай алып, есеп 6:6-ға жетті. Шешуші сет болмаса, мұндай сәтте жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталатыны белгілі. Ал бұл сында америкалықтың шеберлігі басым болды. Екі сетке созылған бұл кездесуде америкалық 18 эйс жасаса, Мария сондай 5 жойқын соққымен жауап қайтар білген. Осылайша, Мария Шарапова Серена Уильямсқа қатарынан 17-рет есе жіберуге мәжбүр болды. Бұл қос теннисшінің екеуара 19-ойыны. Алғашқы екеуінде Мария жеңіске жетіп, елдің назарына іліккен болатын. Себебі, ол сонау 2004 жылы болған оқиға. Ал ол кезде Серенаның атағы дүрілдеп тұрса, Мария аламанға енді қосылған 17-дегі қыз еді. Десек те, Мария сол 11 жыл бұрынғы жеңістен кейін Серенаның осал тұсын таба алмай келеді. «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында 4 рет кездесіп, соның біреуінде Мария жеңіске жетті. Жалпы, екеуінің WTA турнирлерінің шешуші тартысында 8 мәрте жолдары түйіскен екен. Соның екеуі Марияның алғашқы екі жеңісі болса, қалғаны Серенаның пайдасына шешілген. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының финалында да жанкүйерлер қос мықтының тартысына куә болды. Ол жолы Олимпиаданың алтын медалін АҚШ теннисшісі мойнына таққаны есімізде. Серена үшін бұл Австралия ашық біріншілігіндегі 6-жеңіс. Осыған дейін ол 2001, 2003, 2007, 2009 және 2010 жылдары Мельбурн төрінде топ жарған болатын. Жалпы спорттық ғұмырында 19 мәрте «Үлкен дулыға» турнирінде жеңімпаз атанған. Ал Мария бұл санаттағы сайыстарды 5 мәрте ұтса, соның біреуі Австралия ашық біріншілігі еді. Ресей теннисшісі аталмыш турнирді 2008 жылы жеңді. Бүгінде Серена мен Мария сәйкесінше әлемнің бірінші және екінші ракеткалары екенін айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: ausopen.com.