Донорлық жүрек трансплантациясы – жүрек-қан тамырлары жүйесі ауыр ауруларын емдеудің жалғыз жолы. Алайда мұндай күрделі операциялар қайтыс болғаннан кейінгі донордан, оның жақын туыстарының келісімін алған кезде ғана жүзеге асырылады. Тіндердің үйлесімділігі, қан топтары, басқа медициналық факторлар мен көрсеткіштер де ескеріледі.
UMC Жүрек орталығының пациенті Индира Смағұлова өзінің толыққанды, саламатты өмір сүру мүмкіндігін ұзақ күтті. 2022 жылғы 13 қаңтарда таңертең клиника дәрігері донордан жүрек трансплантациясының мүмкіндігі туралы хабарлады. Индираға 2012 жылы кеңейтілген кардиомиопатия диагнозы қойылды. Бұл ауруда жүрек қуыстары мен өлшемдері ұлғаяды, ол өз кезегінде жүрек жеткіліксіздігінің дамуына, ағзаның қанды тиімді айдай алмауына әкеледі.
2018 жылы UMC басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя бастаған клиника тобы пациентке «Jarvik» механикалық сорғысын сәтті имплантациялады. Бұл толық имплантацияланатын жүректі қолдау жүйесі пациенттердің өмір сүру сапасын ұзарту, жақсарту мақсатында жасалады, көбінесе «трансплантацияға көпір» болып табылады. «Jarvik» технологиясы LVAD құрылғыларының екінші буыны болып, ұзақмерзімді пайдалануда жоғары сапа көрсетті. Құрылғыны имплантациялау пациенттің жағдайын жақсартуға көмектесті, келесі бірнеше жыл ішінде Индира өзін жайлы сезінді, жүрек трансплантациясын күту тізімінде болды.
«Денсаулық жағдайына байланысты Астанаға көшіп келдім, донорлық жүректі күтіп, механикалық құрылғымен 4 жыл жүрдім. Клиникадан қоңырау түскен кезде жаңа өмірге мүмкіндік бар екенін бірден білдім. Клиника тобы операцияны сәтті жүргізіп, қалпына келтіруге көмектесті. UMC Жүрек орталығының ұжымына, барлық дәрігерлерге алғысымды білдіремін», дейді пациент.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, ол жоспарлы тексерулерге қатысып, қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдауды жалғастырып жатыр. Тұрақты жұмысы бар Индира күн сайын донор мен оның туыстарына өмір сүруге мүмкіндік бергеніне алғыс білдіріп отырады.
Осы уақытқа дейін UMC Жүрек орталығының командасы 98 жүрек трансплантациясын жасады. Оның ішінде екі операция клиника мамандарының қатысуымен алғаш рет Шымкент қаласында, бір операция Алматы қаласында жүргізілді. Статистикаға сәйкес, елде орган трансплантациясын күту тізімінде 4 000 пациент бар, оның 140-ы жүрек трансплантациясын қажет етеді.