• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Туризм Кеше

Табыстың бастауы

68 рет
көрсетілді

Елімізде іскерлік туризмнің қарқын алуына ауқымды іс-шаралардың тигізер септігі мол. Тек соңғы үш жылда туризм­нің осы тармағының өзінен қазынаға қомақты қаржы құйылды.

Іскерлік туризмнің де табыс қайнары екенін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының «MICE – Туризм елшісі» бағдарламасын саралағанда анық көз жеткізесіз. 2021 жылдан бастап іске қосылған бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітерлік. Төрт жылдың ішінде 40 туризм елшісі тағайындалып, осы өрісті өркендетуге үлес қосып келеді. Халықаралық қауымдастық мүшелері, бизнес, ғылым, медицина, мәдениет сынды салалардың кәсіби мамандары да, ізгі ниет елші ретінде, іскерлік туризмді дамытуға күш салып отыр.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы елімізді іскерлік туризм орталығына айналдырып, маңызды іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуына елші­лердің де тигізер пайдасы зор екенін айтады. Әлемдік ауқым­дағы 11 ірі іс-шараны елде өт­кізудің нәтижесінде 6 мыңға жуық шетелдік делегат келіп, қазынаға 8 миллион АҚШ доллары мөлшерінде пайда түскен.

«MICE-туризм, яғни іскерлік туризмді түлету қалалардың экономикасын нығайтуға айтар­лықтай әсер етеді. Іскерлік іс-шаралар маусымдық туризмнен түсетін пайданы еселей түседі. Шетелдік іскер туристердің елімізге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Біз бұған дейін білім, геология, спорт, туризм, кәсіпкерлік саласында маңызды әлемдік іс-шаралар өткіздік. Осы шараларды ұйымдастыруға мемлекет қа­зынасынан бөлінген қаражат экономикамызға үш еселеніп құйылады. Жалпы кіріс шетелдік делегаттардың қаражаты есебінен түседі. Әрқайсысы біздің елімізге келген кезде орта есеппен 1438 доллар жұмсайды. Олар тек ғи­мараттарды жалға алу, қонақүйде тұру ғана емес, көлікті пайдалану, тамақтану, басқа да қызмет түрлеріне қаражатын жұмсайды, еліне кәдесый сатып алады. Міне, осылайша, іскерлік туризмді тұ­рақты жолға қою арқылы да табыс көзін ашуға болады», дейді Д.Сержанұлы.

Келесі жылы «Kazakh Tourism» компаниясы мен МІСЕ-туризм елшілері тізе қосып әлемнің 140-тан аса елінен делегаттар келетін 3 ірі халықаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде кітапханашылар ұйымдарының халықаралық конгресін ерекше айтуға болады. Астана қаласында өтетін бұл конгреске 4 мыңға жуық қонақ келеді. 2026 жылы өтетін тревел блогерлердің халықаралық жиыны да іскерлік туризмнің өрісін кеңейтетіні анық.

Биыл да МІСЕ-туризмнің елшілері тағайындалып, іскерлік саланы өрістетуге күш салмақ. Халықаралық қауымдастық мү­шелері, бизнес, ғылым, медицина, мәдениет, өнер, спорт сала­ларының көшбасшылары елімізде іскерлік туризмнің қазығын қа­ғып, орталығына айналдыруға үлесін қосады. «Қазақстанның геотехникалық қауымдастығы» ҚБ бас хатшысы Бибігүл Әбдірах­манова іскерлік туризмнің елшісі болу зор жауапкершілік жүк­тейтінін баян етті.

«MICE-туризмінің елшісі атану – мен үшін үлкен абырой. Біз әріптестерімізбен бір­лесе 2025 жылдың тамыз айында Қазақстанда ауқымды халықаралық конференция өт­кізуді жоспарлап отырмыз. Оған 40 елден өкілдер қатысады. Бұл – еліміздің туризм саласындағы кәсіпкерлеріне іскер туристерді тартуға тамаша мүмкіндік», деген Б.Әбдірахманова алғашында шаруа жайымен келген шетелдіктер келесі жолы отбасымен бірге қыдырып келуге ынталы болатынын айтты.

Іскерлік туризм елшісі, жур­на­лист шаңғышылар қауым­дастығының (SCIJ) өкілі Андрей Кукушкин биыл наурыз айында журналист шаңғышылардың халықаралық додасы өткенін атап өтті. «Алматыда журналист-шаңғышылар федерациясының ауқымды басқосуы болды. 30-дан аса елден 100-ге тарта шаңғышы журналист «Шымбұлақта», «Ала­тау» биатлон кешенінде са­йысқа түсті. Бірнеше күн қо­нақ болған турист журналистер тек спорттық сайысқа ғана қатысып қойған жоқ. Елдеріне барған соң Қазақстан туралы, қарлы Алатау бөктерінде сейілдеп саяхаттағаны туралы жазды, көп­шілікті құлағдар етті. Олардың арасында елімізге алғаш табаны тигендері де бар. Ерекше әсерленіп, табиғатымыздың тамаша тартуына таңдай қақты. Қайта айналып, қайыра қы­дырып келетінін айтты. Біз жур­налист шаңғышылардың әлемдік басқосуын алғаш ұйым­дастырып, еліміздің туризм өрі­сіндегі әлеуетін әйгіледік», деді А.Кукушкин.

«Іскерлік туризмнің елшілері бас қосатын шара жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналды. Биыл да Астана қаласын­дағы басқосуда еңсерген шаруаны тиянақтап, келешекте жүзеге асуы тиіс жоспарларды пысықтап, ой-пікір алмасып, тәжірибемізді бөлістік. Еліміздегі биылғы ауқымды дода V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары болса, одан бөлек те, әр салада халықаралық іс-шара өтті. Мұның барлығы іскерлік туризмнің қарқын алып келе жатқанын аңғартады. Туризм елшілері елімізде осындай ауқымды жобалардың жүзеге асырылуына себепкер болады, жетекшілік етеді. «Kazakh Tourism» компаниясы елімізде жоба ұйымдастыруға ықыласты жандарға үнемі қолдау көрсетіп келеді», дейді Д.Сержанұлы.

Ұқсата білгенге іскерлік туризм – табыстың қайнар көзі. Еліміздің мегаполистеріндегі қонақүйлерде кейде шетелден келген меймандар қатары көп болады. Солардың дені түрлі іс-шараларға қатысушы делегаттар. Даниел Сержанұлы тек ірі қалалар ғана емес, облыс орталықтарына да іскерлік туризмді өрістетуге болатынын айтады.

«Облыс орталықтарында іс­керлік туризмді дамыту қар­қын алса, түсетін пайда да ар­тары сөзсіз. Мысалы, Түркіс­тан қаласына туристер күз, көктем мез­гілінде жаздағыдай жаппай келе бер­мейді. Осы кем-кетікті күзде өтетін марафон додасы айтар­лықтай бүтіндеп отыр. Биыл қазан айында Түркістан халықаралық марафонында (Turkistan inter­national marathon) елімізден, алыс-жақын шетелден 3 мыңға тарта қатысушы жүгірді. Олардың көпшілігі жалғыз келмейді. Бірінің досы, туысы, жолдасы, жары дегендей, қасына еріп жүреді. Міне, сөйтіп бір күндік шараға келгендер қаланың қонақүйлеріне қыруар қаражатын шығындайды, ауқаттанады, қыдырады, көлік қызметін пайдаланады. Мұның барлығы да – қаржы, пайда», дейді Басқарма төрағасының орынбасары.

Іскерлік туризмді түлету ел қазынасына құйылар қаржыны молайтатыны қашанда қаперде болғаны жөн.