Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар әлі де келіп жатыр
Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастар саяси ғана емес, әлеуметтік-экономикалық салада да дамып, бұл орайдағы ынтымақтастық жаңа сатыға көтерілді. Сонымен қатар, біз халықаралық қоғамдастық аясында ядролық қарусыздану мәселесіне байланысты бір-бірімізді қолдаймыз. Мемлекеттерімізді жақындастыру мақсатында ынтымақтастықты одан әрі жандандырып, Қазақстан мен Жапонияның екіжақты қатынастарын дамытуға ниетті екенімді білдіремін», – делінген құттықтауда. Соңында С.Абэ Мемлекет басшысына бақыт пен табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Мен Сіздің Мемлекет басшысы лауазымында болған кезіңізде Қазақстан Республикасы өз дамуы мен өркендеуін жалғастыратынына, ал елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығая беретініне сенімдімін. Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарын дамытуға мүдделілік танытқаныңыз үшін алғысымды қабыл алыңыз», – делінген жеделхатта. Корея Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық пен бақыт, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Испания Королі VI Фелипе Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Ол Қазақстан Президентінің екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және нығайту үшін биік мақсаттарды орындау жолындағы қызметіне табыс тіледі. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Бахрейн билеушісі Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және Мемлекет басшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, бұл Қазақстан халқының жоғары сенімі мен қолдауының айқын айғағы екенін атап өтті. Шейх Хамад бен Иса Әл Халифа сенімді диалогты және екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтты. Әңгіме барысында екі мемлекеттің көшбасшылары Қазақстан-Бахрейн ынтымақтастығының басымдығы бар бағыттарын талқылады, сондай-ақ, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ықпалдастықты жандандыру жолдарын белгіледі. Телефон арқылы сөйлесуге Бахрейн жағы бастамашылық етті. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның экс-президенті Абдулла Гүлмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. А.Гүл Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы тарихи жеңісімен және Қазақстан Президенті лауазымына ресми кірісуімен құттықтады. Мемлекет басшысы түрік саясаткерінің екі елдің бауырластық байланыстарын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. А.Гүл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Түркия стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге ұмтылысын толық құптайтынын айтты. Соңында Түркияның экс-президенті Елбасының ел дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық міндеттерді табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді. * * * Австрия Республикасының Федералдық Президенті Хайнц Фишер Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Қазақстанның елдегі экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, демократиялық реформаларды да жүзеге асыруды жалғастыруын тілеймін», – делінген жеделхатта. Австрия Федералдық Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Кувейт Мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабир әс-Сабах Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Сабах әл-Ахмад әл-Джабир әс-Сабах екі ел қарым-қатынастарының даму қарқыны жақсы екенін айта келе, түрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту екі мемлекеттің де мүддесіне сай екенін атап өтті. Кувейт Әмірі Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық пен амандық, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шанг Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Сіздің басшылығыңызбен «Нұрлы Жол» саясаты таяу арада жаңа табыстар әкелетініне, ал Қазақстан елді қалыптастыру және дамыту ісіндегі жетістіктерін жалғастыратынына нық сенімдімін», – делінген жеделхатта. Вьетнам Президенті екі елдің басшылары мен халқының күш-жігерінің арқасында мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды әрі тиімді дами беретініне сенім білдірген. «Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дәстүрлі достық қатынастар мен көпжақты ынтымақтастық күннен күнге дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтемін. Сіздің – Вьетнамға, менің Қазақстанға сапарымнан кейін қарым-қатынастар бұрынғыдан да нығая түсті және қазір ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімдер екі елдің игілігі үшін тиімді жүзеге асырылуда», – делінген құттықтауда. Соңында Ч.Т.Шанг Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және жауапты лауазымдағы қызметіне зор табыс тіледі. * * * Хорватия Президенті Колинда Грабар-Китарович хорват халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Біз бірлескен күш-жігер арқылы елдеріміздің достық қатынастарын бұдан әрі де нығайтып, дамыта беретінімізге сенімдімін», – делінген жеделхатта. * * * Литва Республикасының Президенті Дали Грибаускайте Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және табыс тіледі, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Литва мен Қазақстан арасындағы достық қатынас, сондай-ақ, елдеріміздің оң бастамалары екіжақты ынтымақтастықты қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Біз таяу болашақта сауда, көлік, мәдениет және ғылым салаларындағы өзара тиімді жобаларды жандандырамыз деп үміттенемін. Біздің бірлескен күш-жігеріміз елдеріміздің игілігіне жұмсалатын болады», – делінген құттықтауда. Литва Президенті, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелерімен құттықтап, республикамызға бақ-береке тіледі. Д.Грибаускайте Қазақстан Президентін Литваға сапарлап келуге шақырды және ол сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты екіжақты деңгейде және Еуропалық Одақпен қарым-қатынас аясында одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін жан-жақты талқылауға жағдай туғызатынына сенім білдірген. * * * Черногория Президенті Филипп Вуянович Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Черногория Президенті екі ел қарым-қатынасының аясы біртіндеп кеңейіп, достық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өткен. «Елдеріміз арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық жандана түседі деп үміттенемін, сондай-ақ, ортақ іс-қимыл аясын кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдайтынымды білдіремін», – делінген құттықтауда. Соңында Ф.Вуянович Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және табыс тіледі. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасы Президенті Тюммали Сайнясоннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Т.Сайнясон Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады. «Лаос пен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас және ынтымақтастық Сіздің басшылығыңызбен халықтарымыздың игілігіне, сондай-ақ бейбітшілікті, тұрақтылықты, халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталады деп үміттенемін», – делінген құттықтауда. Лаос Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық және жауапты қызметінде табыс тіледі. * * * Таиланд Премьер-министрі генерал Прают Чан-Оча Таиланд халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. «Сіздің мол тәжірибеңіз бен елді даналықпен басқаруыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы өңірде және халықаралық аренада белсенді әрі сындарлы рөл атқаруын жалғастыра беретін болады. Екі елдің ілгері дамуы үшін біздің ынтымақтастығымыздың жалғасуын және барлық саладағы қарым-қатынастардың нығаюын тағатсыздана күтемін», – делінген жеделхатта.
•
01 Мамыр, 2015
Жарқын жеңісімен құттықтады
302 рет
көрсетілді