Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтіп, онда отандық ғылым алдында тұрған келелі міндеттер талқыланды.
Алқалы жиынды ҰҒА республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, академик Мұрат Жұрынов ашып, қазақ ғылымының бастауында тұрған айтулы тұлғалардың ерен еңбегі, тағылымды еңбек жолы туралы парасатты ой өрбітті.
Қазақ ғылымы мен Ұлттық ғылым академиясын атақты академик Қаныш Сәтбаевпен байланыстырмау мүмкін емес. Біртуар тұлға ұлттық ғылымды қазақ жерінің қойнауын зерттеуге бағыттап, осы саладағы бірнеше буын талантты ғалымдар толқынын даярлаудың бастауында тұрды. Қаныш Сәтбаев еліміздегі геология ғылымының негізін қалап, ғылыми экспедициялардың басы-қасында жүріп, оны дамыту мен жетілдіру ісімен айналысты. Академиктің ғылыми жетістіктері ұлттық геология қызметінің құрылуына негіз болды. Бүгінде осы салаға саналы ғұмырын арнаған академик ізбасарларының зерттеулері үлкен еңбектерге арқау болды. Соның негізінде ғалымдардың кейінгі толқыны геология саласын дамытып, оны жаңа технологиялар негізінде жаңаша зерттеп келеді.
Жиында «Ұлт мақтанышы – Қаныш Сәтбаев» тақырыбында баяндама жасаған Парламент Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы: «Қазақ елін әлемге танытқан ғұлама жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес тұлғаға айналды. «ХХІ ғасыр – Қаныштың ғасыры» деген сөздер ақиқатқа айналып келеді. Академик Қаныш Сәтбаевтың – әлемдік деңгейдегі тарихи тұғырдан орын алуы, ғылыми және рухани мұралары жалпыадамзаттық маңызға ие болып отыр. Сонымен қатар бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат өркениетінің биігіне көтерілген қайталанбас планетарлық деңгейдегі тарихи тұлғаға айналды. Қаныш Сәтбаев аса көрнекті ғалым, заңғар ғұламалығымен қатар қазақ ғылымының басты ұйымдастырушы екендігі – еліміздің даму тарихындағы баға жетпес еңбегінің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, академик Қаныш Сәтбаев өмір бойы ұлттық мүдде тұрғысынан терең ойлап, ел дамуының экономикасы, өндірісі, ғылымы, мәдениеті, руханиятында бағасы өлшеусіз мол мұра қалдырды. Оның ұшан-теңіз еңбегі – бірнеше кітап жазарлық дүние», деді ол.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов өз баяндамасына академиктің балалық шағынан бастап, ғылымдағы өмірі, қиын-қыстау еңбек жолы туралы деректерді арқау етті. «Академик Қаныш Сәтбаев ұлттық ғылымның дамуын жоғары дәрежеге көтеру үшін ғалымдарға жағдай жасау қажеттігін бірінші кезекке қойды. Ол мықты ұйымдастырушы ретінде ғалымдарға арналған тұрғын үйлер салып, олардың әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлді. Тіптен сол жылдарда академиктердің еңбекақысы Қазақстан Орталық Комитеті бірінші хатшысының жалақысынан да жоғары болған. Ғылыми қызметкерлердің тамақтану нормасы мен медициналық қызметке қолжетімділігіне баса назар аударылды. Жас кадрларды даярлау ісіне деген қамқорлықтың нәтижесінде 1947 жылы 57 аспирант кандидаттық диссертациясын қорғаса, оның 14-і қазақ ғалымы еді. Ал 22-сі Қазақ КСР Ғылым академиясының аспиранты болса, 1951 жылы Ұлттық ғылым академиясы 60 ғылым докторымен толықты. Бүгінде академиктің ғылымда салған сүрлеуі даңғылға айналды. Ендігі кезекте айтулы тұлға мұрасын насихаттау, осынау мол мұрасын ғылымның дамуына барынша бағыттау үлкен жауапкершілік жүктейді», деді ғалым.
Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Кенжехан Матыжанов бүгінде іргесін тіктеп, ғылымда әртүрлі саланы зерттеп жатқан, ҰҒА ғимаратында орналасқан ондаған институттың, оның ішінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының биік деңгейге жетуіне академик Қ.Сәтбаевтың еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті. «Академик Қаныш Сәтбаев – қазақтың бүкіл мәдениеті мен өнерінің қаймағын бойына сіңірген тұлға. Бала күнінен батырлар жырын, ұлттың фольклорын жатқа білді. Ғалымның Затаевичке жаздырған қазақтың 25 әні, «Едіге батыр» жыры, тағы да басқа көптеген еңбектерін зерттеу ісі алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады», деді профессор.
Осы жиында Алаштың арда азаматтары армандап кеткен қазақ тілінің мәртебесі, төл оқулықтарды жазуға қатысты тұшымды ойларымен бөліскен академик Кәрімбек Құрманәлиев кейінгі уақытта қазақ тілін ғылым тіліне айналдырамыз деп мәселе көтеріп жүргеніміз ғылыми ортаға үлкен сын екенін айтты. Академиктің айтуынша, «Бүгінде жоғары оқу орындарында түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде білім алып жатыр. Ал оларды төл оқулықтарымызбен қамтамасыз ету уақыт күттірмейді. Егер де қазақ тілі ғылым тіліне айналсын десек, Алаш ардақтыларының сара жолын жалғастыра отырып, Қаныш Сәтбаевтың ғылым жолындағы аманатын орындауға міндеттіміз», деді академик.
Қаныштай заңғар тұлғаның ғылымдағы еңбектеріне жан-жақты тоқталып өткен академиктер Николай Буктуков, Берекет Кәрібаев, Серікбек Дәукеев, Алма Әбілқасымова ғылымның құнды мұрасын насихаттау мен әрі қарай зерттеу ісіне қатысты пікірлерін білдірді.
Алқалы жиында «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» респубикалық қоғамдық бірлестігінің жарғысына түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, төралқаның құрамына өзгеріс енгізілді.
Академик, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлына академик куәлігі мен төсбелгісі табысталып, академияның дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бірқатар академик марапатталды. Айталық, Қ.Сәтбаев атындағы бірінші дәрежелі алтын ордені Мұрат Жұрынов пен Сұлтанбек Қожахметовке, екінші дәрежелі күміс ордені Зайролла Дүйсенбеков пен Баян Ракишевке, үшінші дәрежелі қола ордені Рақым Оразалиев пен Шерубай Құрманбайұлына табыс етілді. Ал «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ Құрмет грамотасымен Бахыт Абсадықов, Алма Әбілқасымова, Жексенбек Әділов, Сәбит Байзақов, Дастанбек Баймұқанов, Болатбек Баймаханов, Бауыржан Байтанаев, Николай Буктуков, Өмірзақ Жүсіпбеков, Талғат Момынов марапатталды.
Жиын соңында академиктер құрылғанына 78 жыл толған Ұлттық ғылым академиясының және отандық ғылымның дамуы туралы Премьер-министрге жолданатын үндеу қабылданды.
АЛМАТЫ