• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 03 Желтоқсан, 2024

Халықаралық байқауға қатысады

141 рет
көрсетілді

NIS оқытушылары «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисі атанып, үздік педагогтердің ондығына енді. Келесі жылы олар «Global Teacher Prize» халықаралық байқауында ел намысын қорғайды.

Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова үшін бұл жол оңай болмаған. Ол 2011 жылы университетті аяқтаған соң, білімін магистратурада жалғастырып, 2013 жылы жаңадан ашылған мектепте педагог-ұйымдастырушы-куратор болып қызметке орналасқан. Кейін өз мамандығы бойынша сабақ беруге көшіп, кәсіби деңгейін үнемі арттырып отырған. 

Гүлзат Бурабайқызы — Bilim media group ұйымдастырған «Жаңашыл ұстаз – 2018» республикалық байқауының жеңімпазы, Қызылорда облыстық «Өрлеу» орталығының «Педагогикалық идеялар панорамасы» бақауының І орын иегері және термин сөздерді қазақшалау бойынша республикалық байқауда Бас жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ ол «Әдеби эссе» элективті курсының авторы, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған «Онлайн мектеп» жобасы тапсырмаларын құрастырушы, тіл мәселесіне қатысты аймақтық шаралардың тұрақты спикері, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының лингвист маманы.

«Қазақстан мұғалімі байқауын 2019 жылдан бері бақылап жүрмін, бірақ бес жылдан кейін ғана өтінім беруге бел будым. Жеңіс дәмін татқан сәтімді, сахна төріндегі қуаныш сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сол сәтте біресе қуаныштан жылап, біресе өзіммен мақтанып, енді бірде құтты мекеніме айналған Назарбаев зияткерлік мектебіне алғыс айтумен болдым. Мұндай бай­қау­лар адамды шыңдайды екен. Әрі қарай дұрыс бағытпен жұмыс жасауға талпындырады. Биікке шығу бар, оны құламай ұстап тұру бар. Өзіме алдағы уақытта шыңдарды бағындыру ғана бұйырсын деп тіледім. Әлем мұғалімі Зеф ханымның қолынан марапат алғанымды да жақсылыққа жорыдым. Бәлкім, әлемді бағындыру бұйырып қалар деген үміт бар», дейді ол.

Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мек­тебі инфор­матика пәнінің мұ­ға­­лімі Александр Шерцер де кәсіби­лігімен танылған. Ол – «ictlab.kz» білім порталының негізін қалаушы әрі «NIS Online» біліктілікті арттыру курстарының бірлескен авторы. Ы.Алтынсарин медалінің иегері атанған мұғалім оқушылардың білімін арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық платформа жасап, ел игілігіне ұсынған, Атап айтсақ, Александр «Қазақ тілінде сөйлеуді тану және синтездеу виртуалды дауыстық ассистенті» мен «Qazaq Oriented Language» бағдарламалау тілін жасап шығарған. Сондай-ақ ол «Жайлы мектеп» жобасының пәндік жұмыс тобын басқарады.

«Алтын ұя мектепті анаға теңеуге болатын шығар. Өйткені екеуі де – әрбіріміздің жүрегімізге жақын, жылы сөздер. Расында, лексикалық жа­ғынан әртүрлі мағына бергенімен, бір-бірімен тығыз байланысты. Отбасы мен мектеп әрқашан білім мен мәдениетті байы­татын орта деуге болады», дейді А.Шерцер.

Ал Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі Мирлан Жусамбаев – «TikTok»-та ғылымды насихаттап жүрген белсенді ұстаз. Ол былтыр «Жылдың үздік мұға­лімі» атанып, CLIL әдіснамасымен ағылшын тілін жаратылыстану-ғылыми пәндермен интеграциялау саласында зерттеулер жүргізіп келеді. Оның ғылыми еңбектері Италияда және Арменияда өткен халықаралық конференцияларда жоғары бағаланған. Білім саласындағы зерттеушілер қауым­дастығының мүшесі ретінде ол жаратылыстану ғылымдарын көпшілікке қолжетімді әрі қызықты етуге ерекше көңіл бөледі.

«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сый­лығы – еліміздің барлық мұғалімі үшін өте маңызды жоба. Байқаудың арқа­сында білімімізбен ғана шектеліп қалмай, жан-жақты ізденеміз. Өйткені мұғалім үнемі дамып отыруы керек», деп атап өтті М. Жусамбаев.

Үш ұстаздың әрқайсысы өз саласында түрлі жетістікке жеткен. Олар еліміздің педагогикалық әлеуетін әлемге танытуға дайынбыз дейді. Сондықтан NIS мұғалімдерінің «Global Teacher Prize» байқауында еліміздің абыройын асқақтатады деген сенім мол.