• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Еділде туып, Ертісте ғұмыр кешкен

428 рет
көрсетілді

1941 жылы Ресей жерінен шыққан паром Еділмен құлдилап Каспийге келді. Теңізді жағалай жүзген кеме Түрікменстанның батысындағы Красноводск қаласына жетіп бір-ақ тыныстады. Бұйрық бойынша адамдар тауар таситын вагондарға отырып, қазақтың байтақ даласын бетке алды. Пойызда ылғи жас балалар мен аналар ғана еді. Ер-азамат майдан мен тылда. Тіпті, есейіп қалған жеткіншектер мен олардың шешелерін де еңбек армиясын толықтыруға алып кетіп жатты. Соңында жылап қалған сәбилер балалар үйіне жіберілді. Міне, сол вагонның ішінде біздің кейіпкеріміз Лидия Андреевна да келе жатты. Әкесі Андрей – еңбек армиясында. Шешесінің шалғайына оратылып келе жатқан қаршадай қыздың келешегі бұлдыр, алда қандай өмір күтіп тұрғаны белгісіз-тін. Лидияның жасы кішілігіне қарайлап қана шешесін тылға алмаған. Ал Ресейде қалдырмауының бір себебі – тегінің немісше жазылуы. Анасы Каталина Сухова күйеуінің Квинт деген фамилиясына ауысқан еді. Оның үстіне кеңестік биліктің жергілікті немістерге сенімсіздігі күшейді. Лықа толы состав ұзақ жүрістен соң Қазақстанның күншығысындағы Шар стансасына келіп тоқтады. Сталинград өңіріндегі Руднянский ауданы Русская Будневка кентінен келген алты жастағы неміс қызы Лидияның қазақ ауылындағы жаңа өмірі осы тұстан басталды. – Есімде, біз Каспий арқылы жүріп, екі теңізден өттік. Вагондарды стансаға тоқтатпай, айдалаға тұрғызып қояды. Сол кезде бу жібереді. Сөйтсек, вагондар әуеден көрініп қалмауы үшін жасайтын айла екен. Әйтпесе, жау ұшақтары бомбылап, астаң-кестеңін шығаруы мүмкін. Стансадан бізді ат арбамен алып кетті. Арбаға жегілген бейшара жануардың терісі сыдырылып, күйісі кетіп қалғанын байқадым. Айналамызда төсек-орнын арқалаған, қол жүктері бар, құр өзі жүрген адамдар көп болды. Шешем екеумізде бір сандық киім бар еді. Соның көп көмегі тиді. Арып-ашып жеткенімізде сүтке, айранға, нанға айырбастап әл жалғадық, – деді жадында сұрапыл жылдардың сарғайған беттерін жаңғыртқан Лидия әже. Анасын ел-жұрт «Катя» дейтін. Қыстың аязды күндерінде Шардың жанындағы Көшек ауылына келгенімен, тұратын баспана табылмай, Суырлы теміржол бекетіне келеді. – Біз барғанда Көшекте қазақтар ғана тұратын. Әр үйге бір-екі отбасыдан бөліп берді. Қуықтай бөлмеде өздері жартықұрсақ отырған қазақтарға тағы бір-екі отбасыны қосып қою оңай тиген жоқ. Қазақ – керемет халық. Сонау жер түбінен келген бізді жатсынбай сыйлап, шыдамдылық танытып, қолындағы азғантай азығымен бөлісті. Қиын уақытта қол ұшын созған адамдардың бәрі бүгінде өмірден өтіп кетті, – деді әже күрсініп. Суырлыда шөп базасы бар еді. Колхозшылар шөпті баулап, вагонға тиеп, майданға жөнелтетін. Шешесі Катя базаға баушы болып жұмысқа орналасты. 1943 жылы еңбек армиясындағы ауыр жұмыстан әкесі Андрей қайтыс болды. Әкесінің інісі Лева үзбей хат жазысып тұратындықтан, ағасының отбасын тез тауып алды. Ол жақын жердегі Покровка ауылына мұғалім болып орналасты. Бұл – Шар мен Қалбатау арасындағы жолдың бойында тұрған елді мекен. Лидия ағасының үйінде тұрып, Покровка ауылындағы мектепте орысша білім алады. – 1947 жылы шешем қатты ауырды. Мен 12 жаста болсам да, үш ай бойы ат айдап, бау шығардым. Шешем тамақ ішуі керек қой. Ол жазылған соң оқуымды қайта жалғастырдым. 1953 жылы 18 жасқа толмасам да шойын жолда істеп жүрген шешемнің жанына жұмысқа тұрдым. Ол 1957 жылы бар-жоғы 49 жасында қайтыс болды. Жастық шағы соғысқа тап келіп, өмір көрген жоқ. Өкімет айына шешеме 5 кило, маған 2 кило сұлы жармасын паек қылып беретін. Оған күн көре аласың ба? Сатып алатын азық-түлік жоқ. Бәрі өзіміз сияқты. Бір сиырымыз болды. Соның сүтін айран, ірімшік, құрт қылып күн көрдік. Есімде, еңгезердей елуден асқан бір қара кісі өзінің он баласы болса да бізді паналатты. Бәрін Қазақстанға әкеліп тығыздап қойды емес пе?! Украиндар да, поляктар да осында болды. Барлығына тамақ керек. Бір уыс бидай қажет. 1944 жылы чешендер келді. Көбі қырылып қалды. Оларды Қазақстанға итере салғандай еді. Аш-жалаңаш адамдардың жерде шөп жеп жатқандарын көрдім. Шарда сол кезде қайтыс болған чешендердің қорымы бар, – деді әже қиын-қыстау жылдар жөнінде. Лидия Андреевна 1956 жылы Иманбазарға тұрмысқа шығады. Неміс қызының қазақ жігітімен отбасы құруының да өзіндік тарихы бар. Бұл жөнінде баласы Мейрам Қыдырбаев бізбен әңгімелескенде былай деген болатын: «Әжем Айжамал шешемді анасымен Суырлы теміржол бекетіне түсіргенде ерсілі-қарсылы салынған там үйінің бір бөлмесін босатып беріпті. Кейін шешесі қайтыс болған неміс қызын өз қызы сияқты өсіріп, өз ұлына қосқан екен». Осы оқиға туралы Лидия әжеден тарқатып айтуын өтінген едік, бала күнінен қанға сіңген қазақы тәрбиенің ұшқыны болар, қария шешіле қоймады. Иманбазармен Суырлыда көрші тұрып, бала күнінен бірге өскенін, алайда, оған күйеуге шығуға өз шешесінің қарсы болғанын жеткізді. Әзілдеп, қазақ жігітін ұнатқаны жөнінде сыр тарттық. – Ағаларың қоярда-қоймай алды ғой. Ресейге кетпек болғанымда жібермей қойды. Келгеннен көрші болдық қой. Арамызда үй жоқ еді, огород қана бар. Кей уақытта төбелесіп те қалатынбыз. Біздің кезімізде ойын болған жоқ. Балалардың бәрі жұмыс істейтін. Жақсы көрсек те, көрмесек те бірге өмір өткіздік, – деді апамыз күліп. Осы кезде қызы Роза альбом әкеліп, ата-анасының жас кездегі суреттерін көрсетті. Бір жапырақ сурет кейуананың ашаң жүзді сұлу, жайнаған жас кезінің куәсі іспетті. Каталинаның жалғыз қызын қызғанып, жас жігітті айырмен қуалаған қызықтары да бар екен. – Кемпірімнің менен алты ай үлкендігі бар. Шешем шайға шақырып жүріп, ақырындап айналдыратын. Покровкада ағасы болды. Ол қарындасымды бермеймін деді. Шешем ұнатты ғой. Лидия үйге келіп болысып жүретін. Әке жағынан мен де, ол да жетім. Шықпаймын дейді. Менен күшті жігіт таба алмайсың деймін, – деп еске алды жастық шағын Иманбазар ақсақал. «Келін – ененің топырағынан», дейді. Екі жастың қосылуына бір жағынан талайлы тағдыр сеп болса, екіншіден үлкенді тыңдау әсер еткен сыңайлы. Иманбазардың анасы Айжамал 1887 жылы туған, 1990 жылы 103 жасында дүниеден өтіпті. Кеңес кезінде намаз оқып, иманын берік ұстаған, Қыдырбаевтар әулетінің қазығы болған жанға Лидия әже қырық жыл келін болды. Ғасыр жасаған ана ұлы мен келіні үнемі түзде жүргендіктен, немерелерді бағуға көп септігін тигізген екен. Биыл Лидия әже мен Иманбазар қарияның отасқанына – 60 жыл. Лидия Қыдырбаева өмір бойы шойын жолда еңбек етті. Теміржол бойында қасқыр қамаған күндері қорымға паналап, аман қалған кездері де болыпты. Бір мекемеде табан аудармай 33 жыл жұмыс істеген ол Шар қалалық кеңесі мен аудандық кеңесінің депутаты болды. 1985 жылы көпбалалы ана ретінде 50 жасында зейнетке шықты. «Қазақ темір жолының» Құрмет грамоталарымен, «Ана даңқы» медальдарының бірнеше дәрежесімен және «Күміс алқамен» марапатталды. Тоғыз құрсақ көтерген ана бүгінде 18 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Ұлдары мен қыздары, немерелері әр салада жемісті еңбек етуде. Жан жары Иманбазар Қыдырбаев теміржол саласында 40 жыл жұмыс істеді. Балалары да жазғы демалысқа шыққанда теміржолда жұмыс істеп, ақша табатын. Лидия әже ауыл арасында еңбек­қор­лығымен сыйлы болды. Шешесінен алған тәлімі бойынша жайқалтып бау-бақша салып, жеміс-жидек, көкөніс өсірді. Соғыс­қа дейінгі жылдары тек бәтер нан пісіре­тін қазақ ауылына ашытқымен нан, бәліш пісіруді үйретті. Ветеринарлық қабіле­ті мал төлдетуде көп көмегін тигізді. Ол дай­ындаған ащы көже жаз бойы теміржол­шылардың шөл қандырар сусыны болды. Іргелес көршісі Зақан Байдәулетова қолы қап-қара май болып жұмыстан оралғанда, Лидияның кішіпейілдік танытып, қолын тап-таза қылып жуып беретінін бертінге дейін аузынан тастамай айтып жүріпті. Қазақ даласына орысша шүлдірлеп келген қаршадай неміс қызы өзінің қазақ тілінде қалай сөйлеп кеткенін байқамай да қалғанын айтады. Мұсылман салтына жетік, жады тастай тыл ардагері сөзінің соңында: «Қарғам, өмір деген аққан судай тез екен. Міне, сексеннің сеңгіріне де келдік. Бұл өмірде қандай жетістікке жетіп, қиындық көрсек те, халқымыздың бір ауыз сөзімен түйінделеді. «Бай болып көргеніміз жоқ, кедей болып өлгеніміз жоқ». Тәубе, қазір киім көк, қарын тоқ заман ғой. Бірақ теледидардан басқа елдерде қан төгіліп жатқанын көремін. Оларға не жетпейді деп ойланамын. Сондықтан елдің амандығын тілеп отырамын. Бейбіт болсақ, бақуатты боламыз», – деді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.