• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Ауыр атлетика 04 Желтоқсан, 2024

Манамадағы «майдан» Әлемнің ең үздік зілтеміршілерін анықтайды

42 рет
көрсетілді

6-15 желтоқсан аралығында Бахрейн астанасы – Манамада ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпио­натының жалауы желбірейді. Осы жарыста жер-жаһанның әр қиырынан жиналған мық­ты командалармен қатар елі­міздің ұлттық құрамасы да өнер көрсетеді. Дүбірлі дода қар­са­ңында тарихқа қысқаша шолу жасай кетуді жөн көрдік.

Еліміздің құрамасы дербес команда ретінде әлем чемпионатына тұңғыш рет 1993 жылы қатысты. Аустралияның Мельбурн қаласында өткен жарыста 91 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Анатолий Храпатый қола медальді қанжығасына байлады. Жасы 30-дан асқан даңқты отан­дасымыз жалындап тұрған жас­тар – болгариялық Иван Чакыров пен грузиялық Кахи Кахиашвилиден ғана қалып қойды. 1994 жылы Түркияның Ыс­танбұлынан қоржынымыз бос қайтса, 1995 жылы Қытайдың Гуанчжоуында жерлестеріміз қос қола медальді иеленді. Жүлде иегерлері – өскемендік Андрей Макаров пен атбасарлық Анатолий Хра­патый.

1997-2003 жылдар аралығында елі­міздің ауыр атлетикасы тоқырау кезе­ңін басынан өткерді. Сол кездері әлем чем­пионаттарының жалауы Таиландтың Чиангмай (1997), Финляндияның Лахти (1998), Грекияның Пирей (1999), Түркияның Анталья (2001), Поль­ша­ның Варшава (2002), Канаданың Ванкувер (2003) қалаларында желбіреді. Аталған алты жарыстың барлығында сүреңсіз өнер көрсетіп, елге еңсеміз түскен күйі оралдық. Сәтсіздіктің шыр­мауы­нан шыға алмай жатқан тұста республикалық фе­дерацияның тізгінін Қайрат Тұрлы­ханов ұстады. Шетелден даңқты бапкер Энвер Түркілери ша­қыртылды. Бұл тандем өте жақсы жұмыс істеп, тығы­рықтан шығудың оң­тайлы жолын тапты. Нәтижесінде, одан кейінгі жылдары отан­дастарымыз әлемдік аренада үстемдік құрып, дү­бірлі додаларда үнемі үздік үш­тік­тің қатарында жүрді. Бұл межеден төмен­деген кезіміз сирек.

Нақты дерекке сүйенсек, 2005, 2006 жылдарды Доха мен Санто-Домингода Илья Ильин қатарынан екі рет әлем чемпионы атанды. Алғашында ол 85 кг, одан кейін 94 кг салмақ дәрежелерінде топ жарды. 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында 4 алтын, 1 қола медальді олжа­лап, жалпы командалық есепте екінші орынға жайғастық. Ол бәсекеде Зүлфия Чин­шанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Владимир Седов қарсылас шақ келтірмесе, Владимир Кузнецов қола­ға қол созды. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен соң Седовтың допинг қолдан­ғаны анықталып, ол ата­ғынан айырылды.

2010 жылы Антальяда М.Манеза мен С.Подобедова алдарына жан салмады. 2011 жылы Парижде З.Чиншанло мен И.Ильин алтын тұғырға көтерілсе, М.Манеза мен С.Подобедова күміспен күп­телді. Соңғы екі жарыстың жалпы есе­бінде үздік үштікті түйіндедік. 2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатына еліміз аралас құраммен барды. Соған қа­рамастан қос жүлдеге қолымыз жетті. 94 кг салмақта күш сынасқан Алмас Өтешов күміс медальді иеленгенде, күллі Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанды. Себебі бұрын-соңды бірде-бір қандасымыз осындай деңгейге жеткен жоқ еді. Дәл осы салмақта өнер көр­сеткен Владимир Седов қола медальді қор­­жынға салды. Алайда үштөбелік оғылан­ның қанынан тағы да рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектердің нышандары табылды. Сол себепті оның қоласы есепке алынбады.

2014 жылы әлем чемпионаты тұңғыш рет біздің елде ұйымдастырылды. Жер- жаһанның әр қиырынан жиналған апайтөстер Алматыдағы Балуан Шо­лақ атындағы мәдениет және спорт сарайын­да бас қосты. Аталған жарыста 94 кг сал­мақтағы Жасұлан Қыдырбаевтың тең­дессіз өнеріне тамсандық. Барлық қар­сыласын, басып озған ол қазақ зілтемір­шілері арасынан тұңғыш әлем чемпионы ретінде өз есімін тарихқа қашап тұ­рып жазып кетті. Іле-шала Илья Ильин төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Әйелдер бәсекесінде Зүлфия Чиншан­лоның қарқынына ешкім шыдай алмады. 69 кг салмақта сайысқа түскен Жазира Жаппарқұлдың да есімі ауыр атлеттердің дүниежүзілік додасында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы ретінде спорттық шежіреге жазылды. Алатау бау­райында оған күміс медаль бұйырды. Кирилл Павлов қола медальді мойнында жарқыратты. Нәтижесінде, 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді олжалаған отан­дас­­та­рымыз командалық бәсекеде төр­тінші орынға тұрақтады.

2015 жылы отандық ауыр атлеттер Америкаға аттанды. Хьюстонда Нижат Рагимов пен Александр Зайчиков қарсылас шақ келтірмесе, Ж. Жаппарқұл күміс, С. Подобедова қола медальді енші­леді. Осы нәтиженің өзі жалпы есепте озық үш команданың қатарына қосылуға жеткілікті болды.

Сол кездері федерация басшылары мен бапкерлері арасында ауыс-түйіс болып жатты. Әбден ты­ғырыққа тіреліп, қалт-құлт күй кешкен ауыр атлетиканы қайта тірілтіп, жаң­дандырған Қайрат Тұрлыханов орнынан алынды. Осы саланы өрге сүй­реген атағы жер жарған бапкер Энвер Түркілери еліне қайтты. Жаңа басшылар Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF), Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) мүшелерімен тіл табыса алмай, іс насырға шапты. Елімізге қайта-қайта келген тексерушілер түбімізге жетті. Жерлестеріміздің әр қадамын аңдып, оларға маза бермеді. Ақыры «Допинг қолданды» деген айып тағып, талай саңлақты атағынан айырды, түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетті. Сондай келеңсіз жағдайдың салдарынан 2017 жылы АҚШ-тың Анахаймы, 2018 жылы Тәжікстанның Душанбесінде ұйымдастырылған жарыстардан шет қалдық. Соның кесірінен еліміздің ауыр атлетикасы қатты әлсіреді.

2019 жылы қатарға қайта қосылып, Паттайада жалғыз Игорь Сонның күмісін қанағат тұттық. Аса жеңіл салмақта сын­ға түскен ол тек Солтүстік Кореяның саңлағы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ом Юн Чхольдан қалып қойды. 2021 жылы Ташкентте Арлей Чонтей шашасына шаң жұқтырмады. 2022 жылы Колумбияның астанасы – Бо­готода Нұрғиса Әділетұлы күміс алса, Алексей Чуркин қоржынымызды қола медальмен толықтырды.

Былтыр әлемдік доданың шымыл­дығы Сауд Арабиясында түрілді. Эр-Риядта бірде-бір жерлесіміз жеңіс тұғы­рына көтеріле алмады. Бұл жарыс Қытай құра­масының жарқын жеңісімен аяқталды. Қытай спортшылары 7 алтын, 4 күміс, 2 қоланы олжалады. Екінші орында – Таиланд (2+0+1). Үшінші, төртінші орындарды Мысыр (2+0+0) мен Тайпей (2+0+0) өзара бөлісті.

Соңғы чемпионатта алты ауыр атлет әлемдік рекордты жаңартты. Бес рекорд Қытай спортшыларына тиесілі. Атап айтсақ, Цзян Хуэхуа (49 кг. Серпе кө­теруде – 120 кг, қоссайыста – 215 кг), Ляо Гуйфан (71 кг. Серпе көтеруде – 153 кг, қос­са­йыста – 273 кг), Ляо Сяомэй (81 кг. Серпе көтеруде – 159 кг). Тағы бір рекордты индонезиялық Рахмат Эрвин Аббулла жаңартты. 81 кг салмақта күш сынасқан ол 209 кг зілтемірді серпе көтерді.

Санаулы күндерден кейін Манамада шымылдығы түрілетін әлем чемпио­натында еліміздің намысын Карина Гори­чева (64 кг), Сайрамкез Ақмолда (67 кг), Арай Нурлыбекова (71 кг), Айша Омарова, Аянат Жұмағали (76 кг), Александр Уваров, Алексей Чуркин (81 кг), Любовь Ковальчук (+87 кг), Денис Уланов, Денис Полубояринов (89 кг), Кирилл Староверкин, Нұрғиса Әділетұлы (96 кг), Артем Антропов (102 кг), Сұлтан Мей­рам, Андас Самарқанов (109 кг) сынды сайып­қырандар қорғайды.

Осы спортшылар арасындағы ең атақтылары Денис Уланов, Карина Горичева, Алексей Чуркин, Нұрғиса Әділет­ұлы екені белгілі. Уланов – Рио Олим­­пиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Дүниежүзілік универ­сиаданың жеңімпазы. Горичева – Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері. Чуркин мен Әділетұлы әлем чемпионаттарының жүлдегерлері. Ал қалғандары жалынды жастар. Десек те оларды да осал деп айтуға ауыз бар­майды. Бұл спортшылар өз қатар­лас­тары арасындағы дүниежүзілік, құр­лықтық біріншіліктерде жүлде алды. Сол себепті де еліміздің құрамасы санаулы күндерден кейін Парсы шығанағында өтетін жарыс­та барынша нәтижелі өнер көрсетеді деп үміттенеміз.