• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Желтоқсан, 2024

Табысты еселейтін ауқымды жобалар

38 рет
көрсетілді

Ақмола облысы елдегі бас астықты өңір мәртебесі екенін дәлелдеді. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте айтты.

Өндіріс ошақтары көбейіп келеді

Облыс биылғы егіншілік ке­зеңінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өңірдің аграршылары орташа өнімділікті 14 ц/га-дан асырып, кейінгі онжылдықта болмаған 6,6 млн тоннадан астам көлемде рекордтық астық жинады. Мұның бәрі қажырлы еңбек, мемлекеттік қолдау мен заманауи агротехнологияларды уақтылы қолданудың нәтижесінде мүмкін болды.

Жыл соңына қарай ауыл ша­руа­­шылығы өнімі көлемінде бір трлн теңгеден аса қаражат күті­ліп отыр. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда, бір жарым есеге көп. Мал шаруашылығы өнім­де­рі­нің көлемі де артып келеді. Биыл Целиноград пен Аршалы аудан­дарында 3 сүт-тауар фермасы іске қосылды, тағы екеуі – аяқталу сатысында. Өңдеу саласында да оң динамика байқалады. Бұл бағытта өңірде жыл басынан бері 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндірген. Ет, сүт, майлы және дәнді дақылдарды өңдейтін 67 кәсіпорын жұмыс істейді.

Әкім аграршыларды мемлекет­тік қолдау шаралары туралы да айтты. Фермерлер арасында «Кен дала 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кре­дит беру бағдарламасы ерек­ше сұранысқа ие. Ол ауыл ша­руашылығы тауарын өндіруші­лерге жалақы төлеу үшін айналым қаражатын толықтыруға, сапалы тұқымдарды, минералды тыңайт­қыштарды, басқа да қажетті та­уарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға көмектеседі.

 

Инвестиция – ел ырысы

Жыл басынан бері өңірде 460 млрд теңгеден астам инвестиция­лық бастаманы іске асыру туралы уағдаластыққа қол жетті. Ірі жобалардың бірі – Атбасар ауданында локомотив өндіретін зауыт салу болды. Ол келешекте жылына 360 бірлік техника шығаратын болады. Сондай-ақ Бурабай мен Зеренді аудандарында екі биогаз зауыттың құрылысы орын тебеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз шетелдік компаниямен астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Бұл жоба мың жұмыс орнын құрып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін кеңейту жолындағы маңызды қадам болады. Еліміздің одан әрі экономикалық өсуі мен халықаралық сауда мен инвес­тициялық ағындарға интеграция­лануы үшін қуатты серпін болады», деп атап өтті облыс әкімі.

Өңірдің инвестициялық ахуа­­лын жақсарту мақсатында респуб­ли­калық маңызы бар «Aqmola» ин­дустриялық аймағы құрылды. Ин­вес­торлар пулы осы аумақта өн­ді­рісті орналастыруға мүдделі, деректерді өңдеу орталығын, кө­лік-логистикалық орталықты, ауыл шаруашылығы агрегаттарын өндіру зауытын, т.б. салу жоспарланып жатыр. Оған қоса, елордада «Aqmola Invest» инвес­тициялар тарту орталығы ашылды. Орталық базасында 50 компаниямен, оның қатарында Ма­жарстан, Ресей, Түр­кия, Тәжік­с­тан, Аустралия, Гер­мания, т.б. шетелдік компаниялармен кездесулер өткізілді.

 

Ауызсу жобасы жүзеге асты

Облыста халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері белсенді түрде шешіліп жатыр. «2024 жылы сумен жабдықтау, су бұру желілерін салу мен реконс­трукциялаудың 68 жобасын іске асыруға 34 млрд теңгеден ас­а қа­ражат бөлінді. 30 жоба биыл аяқ­­талады. Ал қалған 38 жоба­ны 2025 жылы іске асыру жұмыс­та­ры жал­ғасады», деді М.Ахмет­жанов.

Өңірдің басты жетістіктерінің бірі – Егіндікөл ауданындағы Нұра топтық су құбырын қайта жаңар­туды аяқтау. Соның арқа­сын­да Қарғалы, Жантеке, Құм­көл, Егіндікөл, Тоғанас елді мекен­дерінің тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. Жоба аясында 70 км су құбыры желісі салын­ды. Үкімет резервінен Егіндікөл және Қорғалжын аудандарында­ғы басты су жинағыштарды қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлін­­ді. Бұл жобалар жергілікті тұр­­ғын­­­дардың өмір сүру сапа­сын едәуір жақ­сартып, ауызсуға үз­дік­сіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, жыл соңына қарай облыс қалаларында сумен қамту деңгейі 99 %-ға, ал ауылдық елді мекендерде 96,1%-ға жетеді. Қосымша 10,5 мың адам ауызсу­мен қамтамасыз етіледі. Бұл қа­был­­данып жатқан шаралардың тиім­­ділігі мен осы бағыттағы жұ­мыс­тың маңыздылығын растайды.

 

Жол инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңі

Көлік және инженерлік инфра­құрылымды дамыту облыстағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. «Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды салу мен жөндеу бойынша 130-дан астам жобаны іске асыру үшін 104 млрд теңге қаржы бөлінді. 800 шақырымға жуық жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар мен елді мекендердің көше-жол желісі салынды және жөнделді», деді облыс әкімі.

Биыл елді мекендердегі жолдарды жөндеуге ерекше назар аударылды. Соның қатарында Аста­наға іргелес елді мекендерде бар. Ірі жобаларды жүзеге асыру Қосшы қаласында, Талапкер, Қа­ра­өткел, Қоянды, Жібек жолы, Бозай­ғыр, басқа да көптеген ауыл­да жалғасты. Көкшетауда Қопа көлі бойындағы аумақты абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Демеуші қаражаты есебінен жарықтандырылған жо­ғары деңгейлі автожол салынды. Ол қала аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, орталық көшелердегі жүктемені жеңілдетеді.

Жол құрылысынан басқа, газбен жабдықтау жобаларына ерекше назар аударылады. Мемлекет басшысының Жолдауындағы мін­деттерді іске асыру шеңберінде елор­­далық елді мекендерді, атап айт­­қанда, Целиноград пен Аршалы аудан­­дарын газбен жабдықтау бойын­ша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 407 км газ желілері салынды, Жібек жолы ауылында құ­рылыс аяқталды. Сондай-ақ «Нұр­лы» ӨК, Қоянды мен Шұбар елді ме­­кен­дерінде жұмыс жалғасып отыр.

Орталық газбен жабдықтауға өңірдің 23 мың тұрғыны қол жеткізе алады. 2025 жылы 68 мың адамды қамтитын 6 елді мекен газбен қамтылады. Осы жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және заманауи инфра­құрылымды құруға ықпал етеді.

 

Баспана – басты мәселе

Өңірдегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі – тұрғын үй құрылысы. Жалпы, биыл облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 5 мың­нан аса ақмолалықтың тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бюджет қаражаты есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй тұрғызылды. Жыл соңы­на дейін тағы 16 тұрғын үй пайда­лануға беріледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанамен қамта­масыз етіледі. Таңдау талаптары күшейтілді. Белгілі бір жай­лы­лық класы мен қажетті инфрақұ­рылымы бар тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл тетік көп­балалы отбасыларға, жетім балаларға және азаматтардың басқа да санаттарына арналған тұрғын үй мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Барлық шара кешені 2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартады. Ең бастысы – тұрғын үйге кезекті қысқартуға мүмкіндік береді», деді М.Ахметжанов.

Биыл ХӘОТ санатындағы азаматтар үшін 736 жайлы пәтер сатып алынды. Жыл соңына дейін Атбасар, Астрахан, Бурабай мен Қорғалжын аудандарында тағы 104 пәтер сатып алынады. Айтарлығы, болашақта бұл үйлер жекешелендіруге жатады. Бұл механизм алғаш рет Ақмоладан бастау алды. Сондай-ақ биыл Көкшетауда тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды. Облыс орталығында ескі үйлер сырылып, орнына 11 заманауи тұрғын үй кешені салынады.