Алкогольді ішімдік ішіп, көлік тізгіндегендерге заң қатаң. Десе де, тәртіпке бағынбайтын, ішімдікке сылқия тойып, рульде ағындайтындар қатары азаймай тұр. Айналдырған үш күннің ішінде облыс полицейлері 20-дан аса жүргізушінің масаң күйде көлік басқарғанын анықтаған.
Нақтырақ айтсақ, үш күннің ішінде ішімдік ішіп, көлік басқарудың 24 фактісі белгілі болды. Кейбір тәртіп бұзушылар өз кінәсін мойындаса, енді бірі жауапкершіліктен құтылуға тырысқан. Олар өз өмірін ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп төндіретінін ескерсек, заңды қалай күшейтсе де орынды.
Мас күйде көлік құралдарын басқарған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оларды жүргізуші куәлігінен 7 жылға дейін айыру, сондай-ақ 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы күтіп тұр.
Тексерілген жүргізушілер арасында үш азамат бұрын осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған да екен. Ендігі жағдайда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Статистикалық деректерге үңілсек, жыл басынан бері тәртіп сақшылары мас күйде көлік жүргізген мыңнан аса жүргізушіні тоқтатып, заңға тартқан.
ШҚО ПД мас күйде көлік жүргізу жүргізушілердің өздерінің ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін тағы бір мәрте ескертті. Барлық жүргізушіні ережені қатаң сақтауға және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды. Сондай-ақ азаматтар да жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осындай жағдайлар туралы полицияға хабарлау керектігін еске салды.
Шығыс Қазақстан облысы