Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандары жер көлемі жөнінен ең үлкен, соған сай өндіріс көлемі ауқымды, әлеуметтік-қоғамдық өмірі сан салалы өңірлер саналады. Аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де көз қуантады.
Өнеркәсібі өрге басқан
Тайынша ауданының жер көлемі – 11,4 шаршы шақырым. 2023 жылдың сәйкес мерзімінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі 95,3 млрд теңге болса, биыл ол 112,9 млрд теңгені, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 39,0 млрд теңге болса, биыл 42,2 млрд теңгені, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 32,1 млрд теңге болса, биыл 32,6 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде салық түсімі жоспардағыдан 111,8 пайызға артып отыр.
Ауданның агроқұрылымдары барынша жетілдірілген техникалар мен технологияларды қолданып, рекордтық көлемде астық алды. Атап айтқанда, 900 мың тоннадан артық дәнді дақыл жиналды.
«Бұл шаруашылықтардың Үкіметтің қолдауын орынды пайдаланып, 68,7 мың тонна жоғары сапалы тұқым еккендігінің, 402,2 мың гектар астық алқаптарына 39,2 мың тонна минералды тыңайтқыштар сепкендігінің, жыл басынан бері 7,1 млрд теңгеге 375 дана жаңа техникалар алғандығының арқасында қол жеткізілген табыс. Үкімет агроқұрылымдарға тұқым, гербицид, минералды тыңайтқыштар алуды жеңілдету мақсатында 3,4 млрд теңге субсидия берді», дейді аудан әкімі Берік Әлжанов.
Мал шаруашылығының өсу динамикасы да былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Биыл 35,5 мың тонна сүт сауылды, бұл былтырғыдан 118 пайызға артық. Жұмыртқа 105,9 млн дана жиналып, былтырғыдан 7,3 пайызға артты. Сонымен бірге 14,1 мың тонна мал мен құс еті саудаға өткізілді. Мал басының өсімі де қарқынды. 01 шілдедегі санаққа сәйкес ауданда қара мал – 36,3 мың, қой-ешкі – 59,6 мың.
Ауданда 7 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық бар. Онда 11 мың тұяқ қара мал күтіледі, соның ішінде 4 шаруашылықта бордақылау алаңдары, жетеуінде 7587 сиырға шақталған тауарлы-сүт фермалары (ТСФ) бар. «Шұғыла LTD» ЖШС-да 3000 тұяқ, «Қаратомар» ЖШС-да 5000 тұяқ, «Аманат» ШҚ-да 5000 тұяқ қой бағылады. «Есіл» құс фабрикасында 573 мың бас тауық бар, биылғы 9 айда шаруашылық 104,1 млн жұмыртқа алып, 200 тонна құс етін өндірді. Биыл Мақашев ауылындағы «Асар» ЖШС 12,5 млрд теңгеге мемлекеттің қолдауымен 400 тұяқ сиыр сауылатын ТСФ-ның құрылысын аяқтады. «Зеленые луга» ЖШС өзіндегі ТСФ-ны 800 тұяқ сиыр саууға жеткізуді межелеп отыр.
10 айда өңдеу өнеркәсібі 35,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Азық-түлік тағамдарының үлесі 28,8 млрд теңге болды. Қазір салада 39,3 млрд теңгенің 9 жобасы іске асырылып жатыр. «BioOperations» ЖШС 450 млн теңгенің кебек үгетін цехын іске қосты. «Memolux» ЖШС 10,1 млрд теңгенің 2 жобасын қолға алып отыр. Олар аяқталғанда 180 жаңа жұмыс орны ашылады. «Green Gold Ilyichevka Factory» ЖШС құны 7 млрд теңгенің құрама жем зауытын салып жатыр. «Тайынша май» ЖШС сұйық майды құятын пластикалық қаптар шығаратын цехты іске қосуға жақын.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2 млрд теңгеге орындалды. Тайынша қаласында жалпы ауданы 4 200 шаршы метр болатын 50 пәтерлі тұрғын үйдің, Драгомировка ауылындағы мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метр 30 пәтерлі коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Келлеровка ауылындағы АӨК құрылысы аяқталып қалды.
Биыл аудан экономикасына 32,6 млрд теңгенің инвестициясы құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 102% артық. Тартылған инвестицияның 28 млрд теңгесі жекеменшік қаражатқа тиесілі. Соның ішінде ең көбі Қытайдың «Ай Цзюй» корпорациясы мен «Memolux» ЖШС бірлесіп тұрғызып жатқан қойма мен құрамажем зауытына, диірменнің алғашқы бөлігінің құрылысына салынған инвестиция. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жуырда Қытайдың Сиань провинциясы бизнесмендерімен Тайынша ауданында құны 11 млрд теңгедей болатын ет өңдеу комбинатының құрылысын бастау туралы меморандумға қол қойды. Бюджеттен бөлінген 4,5 млрд теңге инвестицияға аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй, орта мектеп, басқа да нысандар салынып жатыр.
Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Тұрғындардың 71 пайызына ғана таза ауызсу жеткізілген. Биыл 5 мың ауыл тұрғыны таратушы желілері бар сумен жабдықталады. Олардың құрылысына қатысты төрт жоба, Горький ауылында жергілікті сумен жабдықтау көзін салу жөнінде бір жоба, 21 ауылдық елді мекенде суды тазартатын кешенді блок модульдер орнату іске асырылып жатыр. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін ғана таза ауызсумен қамтамасыз етілген ауылдар саны 66-ға дейін (80%), халық саны 35 036 адамға дейін өседі, қамтамасыз ету 90%-ға дейін жоғарылайды деп күтіліп отыр.
Биыл аудандық маңызы бар 20 жоба бойынша 2,9 млрд теңгеге 250,5 шақырым жол жөнделді. Соның ішінде су тасқыны бұзған 41,3 шақырым жол 5 жоба арқылы 2,3 млрд теңгеге жаңғыртылды.
Аудан аумағына еңбек күші артық өңірлерден құрамында 119 адамы бар 38 отбасы көшіп келген. Сонымен қатар Моңғолиядан 9 адамы бар 3 қандас отбасылар оралған. Оларға 44,2 млн көші-қон шығындары, үй алу сертификатына 82,4 млн теңге төленген.
Ауданда 47 жалпы білім беретін мектеп бар, олар 5568 оқушыны қамтиды. Мұғалімдер саны – 1024 адам. Биыл Драгомировка ауылында 120 орындық мектеп құрылысы аяқталды. 3 мектепке күрделі жөндеу, 17 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 233,7 млн теңгеге материалдық-техникалық жабдықтар, оның ішінде балаларды тасымалдайтын 8 «Газель» автомобильдері сатып алынды. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1–4 сыныптардың 1743 оқушысына ыстық тегін тамақ ұйымдастырылды. Әлеуметтік осал отбасылардан 871 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. 150 шәкіртті қамтитын «Агробизнес» колледжі тұрақты жұмыс істейді. Оқыту мемлекеттік тапсырыспен 3 жұмысшы мамандығы, 7 біліктілік санаты бойынша жүргізіледі.
70 мәдениет нысаны, 189 спорт ғимараты бар. Биыл Теңдік ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу, Донецк ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу, Тайынша қаласындағы стадионға күрделі жөндеу жасалды, «ЕМС агро» ЖШС жеке инвестициялар есебінен күрес залының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау жүйесі 400 адам қабылдайтын емхана, 120 төсектік тәулік бойғы стационар, 91 төсектік күндізгі стационар, 4 ФАП, 54 медициналық пункттен тұрады. «Ауыл денсаулығын жаңғырту» бағдарламасы аясында Қарағаш ауылында 197,7 млн теңге сомасына фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатыр.
Астықты аудан
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бұрынғы Көкшетау облысынан қосылған, шаруашылығы дамып келе жатқан, халықтың әл-қуаты жоғары деп саналатын өңір. Биыл аудан бюджеті 11,3 млрд теңгені құрады. Кірістер – 3,5 млрд теңге, оның ішінде салықтық түсімдер – 2,8 млрд теңге, салықтық емес түсімдер – 700,0 мың теңге, жәрдемақы мен трансферттер – 7,8 млрд теңге.
«Қаңтар – қыркүйек аралығында аудан халқының орташа айлық жалақысы 269 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық. Ауыл шаруашылығында – 232 мың теңге, өсім 17,4%», дейді аудан әкімі Руслан Аңбаев.
Жыл басынан бері 2096 адам жұмысқа орналастырылды, 876 жаңа жұмыс орны құрылды. Келесі жылы 2052 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Биылғы жылы құрамында 135 адамы бар 49 отбасы көшіп келді. Барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 48,4 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 183%-ға артық. Өнеркәсіпке 1,6 млрд теңге инвестиция құйылды, өткен жылғы деңгейден 52%-ға жоғары. «МаслоДел» ЖШС тәулігіне 400 тоннаға дейін рапс, күнбағыс, зығыр майын өндіреді, 1 қарашаға дейін 65 мың тоннадан астам май өндіріліп, олардың негізгі бөлігі экспортқа шығарылды. «ҚазМил» ЖШС кәсіпорынды жаңғыртқаннан кейін құрамажем өндірісінің қуатын тәулігіне 400 тоннадан 1500 тоннаға дейін ұлғайтты, Қытайға 325 мың тоннадан астам өнім экспортқа шығарылды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9 млрд теңгені құрап, 13,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өткен жылмен салыстырғанда 114%-ға артық. Аудан орталығы Новоишимка ауылының Абылай хан көшесінде 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Сонымен қатар нақ осындай тұрғын үйдің құрылысы Локомотив көшесінде қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 103,4 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі былтырмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Диқандар 560 мың гектар жерге дәнді дақылдар отырғызып, 1 миллион тоннадан артық астық жинады. Гектар берекелігі 18 центнерден айналды. 74 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардың гектарынан 9 центнерден, барлығы 68 мың тонна өнім алынды. Шаруасы шалқыған агроқұрылымдардың қатарында «Намыс» ЖШС, «Западное-СК», «Буденное-СК», «Атамекен-Агро-Целинный», «Атамекен-Агро-Шұқыркөл», «Астық-Мол», «АстықМұқыр», «Раисовский», «Содружество-2», «Тұқым», т.б. атауға алады.
Аудан аумағында 400–600 сиыр сауатын осы заманғы алты ТСФ бар. Олардың ішінде төртеуі, «Буденновский-СК», «Нежинка-Ерке» ЖШС сауылатын сиыр санын тағы 600-ге арттыруды жоспарлап отыр.
Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 1045 км, соның 304 км республикалық, 141 км облыстық, 600 км аудандық маңызы бар жолдар. Биыл жалпы сомасы 4034,0 мың теңгеге ұзындығы 42,7 км А-16 «Петропавл – Жезқазған» республикалық маңызы бар автожолын орташа жөндеу жобасы іске асырылды. Жұмыстар аудан орталығы Новоишим ауылынан Тоқсан би ауылына дейінгі трассаның Ставрополь – Ломоносов ауылдарының арасында орындалды.
Халықтың 93%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізген. Бірнеше ауылдарға жалпы сомасы 70,4 млн теңгеге кешенді-блокты модуль құрылғылары орнатылды.
Биыл 3 білім нысанын күрделі жөндеуге 527 млн теңге қаражат бөлінді. 7 мектепке 73 млн теңгеге ағымдағы жөндеулер жүргізілді. Бес мектептің аулаларын абаттандыруға 103 млн теңге бөлінді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 24,8 млн теңгеге 4 пән кабинеті сатып әперілді. Аудан мектептерінің қазандықтарын жаңалауға 60,7 млн теңге бөлініп, 16 нысанның жылыту қазандықтары жөнделді.
Денсаулық сақтау саласында биыл Привольный, Тахтаброд ауылдарында жаңа ФАП салынды. Сондай-ақ Бірлік ауылының ФАП құрылысына 205 млн, Возвышенка ауылының ФАП-ын тұрғызуға 189,0 млн, жаңа медициналық құрал-жабдық алуға 300 млн теңге бөлінді.
Мәдениет саласында биыл Буденный ауылында 230 млн теңгеге жаңа Мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Ауданның көркемөнер ұжымы облыстық «Әнім де сен, жырым да сен – Қызылжар» атты облыстық конкурста 1-орын алды.
Ауданда 278 спорт ғимараты жұмыс істейді, онда 16545 адам спортпен шұғылданады. Жыл басынан бері 55-тен астам спорттық іс-шара өткізіліп, жалпы саны 12 мыңнан астам адамды қамтыды.
Солтүстік Қазақстан облысы