• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Мәслихаттарға сайлау өтеді

392 рет
көрсетілді

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның 101-бабы 4-тармағына сәйкес үстіміздегі жылдың 29 наурызында республиканың 14 өңірінде 60 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық сайлау комиссиялары тағайындайды. Барлығы – Астана қаласы мәс­ли­хатының 1 депутаты, 9 облыс­тық депутат, 10 қалалық және 40 аудандық мәслихаттар депутаттары сайланады. «Қазақстан Респуб­лика­сындағы сайлау туралы» Конс­ти­туциялық заңға сәйкес мәслихат депутаттығына кандидаттарды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері мен азаматтар өзін өзі ұсыну жолымен ұсынады. Мәслихат депутаттығына сайлану үшін азамат Консти­ту­цияның 86-бабының 3-тарма­ғында белгіленген талаптарға сәйкес келуі, сондай-ақ, Конститу­цияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы керек. Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке жарамсыз деп таныған, сондай-ақ, сот шешімі бойынша бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлау және сайлану құқығына ие бола алмайды. Республикалық немесе жер­гілікті қоғамдық бірлестік­тер­дің, олардың құрылымдық бөлім­шелерінің мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынуын олардың жоғары органдары әрбір кандидат дауысқа түсетін сайлау округін көрсете отырып жүргізеді. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды азаматтардың өзін өзі тәртібімен ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына осы аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беруі арқылы жасалады. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.