• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Бұл құжат жұмысшылардың құқын қорғайды

248 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты жиын өтіп, 17 меморандумға қол қойылды. Ірі кәсіпорындар басшылары мен кәсіподақ комитетінің өкілдері қатысқан бұл басқосуда жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жолдары  талқыланды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары, кәсіподақ комитеттері мен ұлттық компаниялар өзара ынтымақтастық туралы екі бағыттағы бірнеше келісімге қол жеткізді. Бұл құжаттардың басты мақ­саты – жұмысшылардың еңбек құқық­тары мен кепілдігін қамта­масыз ету бағытындағы ынты­мақ­тастық және екінші өндіріс барысында жергілікті және қазақ­стандық үлесті қамтамасыз ету. 17 меморандум өңірдегі 6 ірі кәсіпорын жұмысшыларының еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты құжат. Аталған кәсіпорындарда барлығы 20 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта жұмысшылар мен кәсіподақ арасындағы байланысты нығайту, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты өңірдегі 79 кәсіпорынмен меморандумға қол қою жоспарлануда. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 5699 кәсіпорын болса, оның 2812-сімен ұжымдық келісімшарт жасалған. Бұл 49,3 пайызды құрайды. – Елімізде жұмыспен қамтудың «Жол картасы-2020», «Агробизнес» және тағы да басқа бірқатар мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асып жатыр. Бұл бағдар­лама­лардың бәрі діттеген мақса­тына жетуі тиіс. Әсіресе, индус­триялық-инновациялық бағдар­ламаға көп күш салынып жатыр. Осы бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар, басқа да жоба иелері өз өнімдерін шығарып, салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашуы керек. Ең басты мәселе – жалақыға қарыз болмауы тиіс, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев. «Қазфосфат» – өңірдегі ең ірі өндіріс орны. Химия өндірісінің алыбы атанған бұл кәсіпорын бүгінде әлемнің 33 мемлекетіне өзінің 20 түрлі өнімін шығарып отыр. Зауыттың бүгінгі таңдағы ең басты тұтынушысы – Еуропа одағы мемлекеттері, онан соң ТМД-ға мүше мемлекеттер. Өткен жылмен салыстырғанда, зауыт өнімділігі биыл айтарлықтай артты. Алайда әлемдік нарықтағы кейбір қиындықтарға байланыс­ты өнімді өткерудің мәселесі де жоқ емес. Соған қарамастан, кәсіпорын алдағы жылы экстракция­лы фосфор қышқылын шығаратын жаңа өндірістің алғашқы кезеңін аяқтауды жоспарлап отыр. Яғни, 2016 жылдан бастап фосфор тыңайтқыштары үш есеге көп шығарылады. Ал, екінші кезеңі 2020 жылы бітіп, компания 1 миллион тоннаға жуық тыңайтқыш шығаратын болады. – Меморандум жүктейтін тағы бір негізгі мәселе – сатып алу ісінде отандық үлесті арттыру. Өткен жылдың 9 айында өңірдегі ең ірі деген өндіріс орындары 107 миллион теңгеден астам қаржыға керек-жарағын сатып алған. Оның 42 пайыздайы – отандық өнім. Бұл жолы өндіріс орындары 11 милиард теңгенің көлемінде өзара алыс-беріс жасауға уағдаласты, – деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.