• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 10 Желтоқсан, 2024

Өнер тарландары – халық театрында

58 рет
көрсетілді

Аспантау аясындағы аудандық мәдениет үйінде «Кеген» халық театрының әртістері драматург Бексұлтан Жәкеевтің «Тағдыр» атты драмасын сахналады. Қоғам­­да­ғы адами құндылықтардың құлдырап кеткендігін бей­не­­лей­­тін спектакльдің режиссерлері Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Омар Қиқым мен Бекжан Тұрыс екен­дігін ­ес­ті­ген ел қойылымды тамашалауға тайлы-тұяғымен жиы­лып, ине шаншар орын болмауы – ауыл театрына соны сер­пін берді.

Қартайған шағында төрт қабырғаға тел­мі­ріп, қиялындағы бәй­­бі­шесімен сырласуы арқы­лы жас өскіннің жүрегіне мейірім мен адамгершіліктің дәнін егіп, ұлттық тәлім-тәрбие сіңіруді мақсат еткен спектакльдің көр­кемдік мазмұнын ашуға ­театр актерлері аз тер төкпеген. Қойы­лым кейіпкерлерін Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нағима Таласбаева, аудандық мәдениет үйінің режиссері Нұрбақыт Аршын және «Кеген» халық театрының әртістері Ақмарал Сүлеймен, Бахаргүл Айтбаева, Анара Мұстафаева, Айым Тілеукеева, Нұрым Бай­бала, Кәдірбек Сүлеймен сынды та­лантты әртістер сомдап, шебер­лік­теріне тәнті етті.

«Жарты ғасырдан асқан «Кеген» халық театры заман көші­­­нен қалмай, жаңа буынның қалып­­тасуына, олардың қабілет-қары­мына қарай қойылымдар қою­дан жаңылған емес. Соның нәти­жесінде жетістіктеріміз де көп. Талай сын-белестерден өттік. Тағдыры талқыға түскен қарт­тардың өмірін арқау еткен «Тағ­дыр» қойылымын сахналау­да өнер­дің қос тарланы Омар Қиқым мен Бекжан Тұрыс­тың атсалысуы, шын мәнінде, ­теат­ры­­мыздың мерейін өсіріп, мәр­­тебесін биік­тетті. Бүгінгі өмірді бейнелейтін спектакль аншлагпен өтті», дейді Қазақ­станның еңбек сіңірген мәде­ниет қайраткері, театр режиссері Нағима Таласбаева.

Аудандық мәдениет үйінде екі күн сахналанған спектакль­дің премьерасы көрермен­нің қошеметіне бөленді. Қарттар­­­­дың өмірін арқау еткен қойылым­ды сахналаған ­театр өнерпазда­рына аудан әкімі Н.Теңізбаев жұртшылық атынан алғыс біл­дірді.

«Қазақтың жүрегі – қалада емес, далада» дейтін едіңіз. Өз­де­ріңіз де ауыл театрынан қанат қақтыңыздар, сондықтан «Кеген» халық театрына қолдау білдіріп, қойылымға қолұшын берсеңіздер» деген аудандық мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақтың бірауыз сөзін жерге­ тастамай, осы іске тәуекел еттік. Түрлі тағдырды арқау еткен спектакльді сахналадық. Бізбен бірге жұмыс істеген халық театры­ның актерлері де шабыттанып, ашыла өнер көрсетті. Театр – тәлім мен тағылымның қайнар көзі. Қазіргі уақытта рухани азғындық белең алып, қаза­қы құндылықтарымыз құнсыз­данып жатыр. Арзан күлкі, ойсыз ұйқының салмағы басып тұр­ғаны ақиқат. Жалпы, қазақ бол­мы­сының қазығы – тектілік десек, бүгінгі буын содан алыстап, қаты­гездік пен имансыздыққа бой алдырған оғаш оқиғалар мен қауіпті құбылыстар жиілеп кетті. Сондықтан ауыл мәдениетін өркендетіп, театрдың мәртебесін көтеруге, көрерменге ой салар­лық көр­кем дүниелер ұсынуды өзі­міз­дің жауапкершілігі­міз­ге алдық», дейді қойылымның бас кейіпкерін сомдаған өнер қайраткері Бекжан Тұрыс.

Көрерменнің көзайымына айналған «Кеген» халық театры 1968 жылы құрылған. Қазіргі таңда 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Театр ұжымы алғашқы жылы М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» драмаларын сах­на­лап «халық» театры деген құр­метті атақты иеленген. Тынбай еңбектенудің арқасында бүкіл­одақтық І, ІІ, ІІІ фестивальдар лауреаты атанған. Алтын медальдар алып, автобус иеленгендері де тарих бетінде.

«1988 жылы Польша­ның­ Зело­ногор қаласын­да өт­кен халықаралық фоль­­­­клор­лық-этно­графиялық ан­­­сам­­­бліне ­театр жаны­нан құ­­рылған «Тоғыз­бұлақ тол­қындары» фоль­клор­лық-этно­графиялық ансам­блі қаты­сып, І дәрежелі дипломмен және «Үлкен алтын» медалі­мен марапатталды. 2002 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен аудан күндерінде театрдың «Айман-Шолпан» спектаклі жоғары бағаланып, «ПАЗ» автобусын иелендік. Мұның барлығына театр ұжымы табандылығы­ның арқасында қол жеткіздік. Араға екі жыл салып академия­­­лық М.Әуезов атындағы драма театр­да Мәдениет министрлігі ұйым­дастырған республикалық халық театрлары байқауында М.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін» атты комедиясын қой­дық. Санамалар болсақ, жарты ғасырдан асқан уақыт ара­лығында «Кеген» халық театры осы уақытқа дейін үлкенді-кішілі 50-ге жуық пьеса сахналаған екен», деп театр­ тарихын тар­қатқан Нағима Талас­баева соңғы ширек ғасырда да жемісті еңбек еткендерін тілге тиек етті.

Екі жыл бұрын Алматы облыстық халық театрлар бай­қа­уында бас жүлде иеленген «Кеген» халық театрының әртіс­тері ауданда өткен барлық мә­дени іс-шараға қатысып, ел ықы­ласына бөленіп жүргенін айрық­ша атау абзал.

 

Алматы облысы