Тәуелсіздік күні қарсаңында «Amanat» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. «Төрлет, еңбек адамы!» атты дәстүрлі дода биыл еңбек құндылығын ұлықтауға арналды.
Айтыс – халық жүрегінен орын алған атамұра өнер. Ғасыр сайын жаңарып, дәуірмен бірге жасап келе жатқан сөз сайысы ұлтымыздың рухани қайнары іспетті. «Алтын домбыраға» келген көрерменнің көптігінен Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында ине шаншар орын болған жоқ.
Алғашқы құттықтау сөзді Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жеткізді. Ол Президенттің төл мәдениетімізге қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы айтысты, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық спортымызды барынша қолдап келеді. Өткенде ғана Дүниежүзілік көшпелілер ойыны жоғары деңгейде өтті. Бұдан бөлек, биылдың өзінде руханиятқа еңбегі сіңген біраз ұлы қайраткерлеріміздің мерейтойларын атап өттік. Солардың бәріне Президентіміз ұдайы қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы әлемдік саясатта, жаһандық деңгейде ұлтымыздың рухын асқақтатып, мемлекетіміздің мүддесін, халқымыздың намысын қорғап жүр», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс спикері қазіргі уақытта қоғамда Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы орныға бастағанына назар аударды. Аламан айтыстың да тақырыбы осыған бағытталғаны түпкілікті мақсаттан хабар береді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қай уақытта да ақындар ерлік пен еңбекті жырлаған. Шын мәнінде, мемлекеттің ырыс-құтын, елдің береке-бірлігін шашау шығармай ұстап тұрған қарапайым еңбек адамдары ғой. Олар туралы қанша мәрте жырласақ та көптік етпейді деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі төріміз де, сөзіміз де еңбек адамдарына арналмақ», деді Е.Қошанов.
Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, қазылар алқасының құрамы мен ақындар қауымын таныстырды.
Айтыстың шымылдығын ақын, майдангер, жүз жастағы Қасымхан Алдабергенов арнауымен ашып берді. Ғасыр куәгерінің отты жыры көпшіліктің көңілін сүйсіндірді. 1943 жылы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың қабырғалы жазушылары мен зиялы қауым өкілдері Абай атындағы опера театрында соғыс кезіндегі халықтың еңсесін тіктеу үшін айтыс өткізген болатын. Оған Кенен, Маясар, Шашубай, Нартай, Нұрлыбек сынды бірінен бірі өткен дүлдүлдер қатысты. Сол тарихи айтыстың түндігін түріп, шымылдығын ашып берген 98 жастағы қарт Жамбыл еді. Кешегі сахнаға жүз жастағы Қасымхан ата шыққан кезде Жамбылдың өзі жарқ ете қалғандай әсер қалдырды.
«Келіп тұрмын мен сонау,
Бір ғасырдың түбінен.
Жол шегіп күндіз-түнімен,
Арқамда алтын қазына
Халқымның жиған жүгімен», деп толғаған қарт абыз, сөз соңында айтысқа қатысушы ақындарға батасын берді.
Ақсақал жырын аяқтай бере, еліміздің әр облысынан іріктелген талантты балдырдырғандар домбырасын қаққылап, өлеңін әуелете жөнелді. Қазақтың баяғы салтымен сөз бастап, ағалары мен әпкелеріне ақжол тіледі. Сахнада жүз жастағы ақсақал мен киіктің асығындай кішкентай балалар жыр айтып отыр. Өнердің ғана емес, тұтас өмірдің дидары еді бұл. Халық осынау үйлесім үлгісіне тәнті болып, қарт жырау Қасымхан ата мен жас жыршыларға тікесінен тік тұрып қол соғып, құрмет білдірді.
Биылғы ережеге сай әр жұп ақынға жеке тақырып берілді. Тақырып ел ішінде қордаланған мәселелерге байланысты таңдалып алынды. Ұлттық тәрбие, ауыл секілді тақырыптармен қатар қоғамның жұлынқұртына айналған лудомания, нашақорлық секілді түйткілді түйіндер де айтыс сахнасында айтылды.
Сөз сайысының қорытындысы бойынша «Алтын домбыраны» қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Бас бәйге иегеріне автокөлік кілті табысталды. Бірінші орынды Ақтөбенің арқалы ақыны Нұрбол Жауынбаев иеленді. Ал екінші орынға Алматының аруы Айым Асылбекқызы лайық деп танылса, үшінші орынды Ұлытаудан келген Өміржан Көпбосын, қарағандылық Дидар Қами мен баянауылдық Аспанбек Шұғатай өзара бөлісті.
Үш айналым бойы ұшқырлық танытып, аламанның алдынан көрінген Мейірбек Сұлтанханның салмақты сөзі, уәлі уәжі көпшілік көңілін сүйіспеншілікке бөледі. Еліміздегі көңіл қуантар жағдайларды сүйініп жырлай да білді, олқылықтарды күйініп сынай да білді. «Ауыл – алтын бесік» тақырыбында айтысқан ол кей ауылдың жадағай жағдайын тілге тиек ете отырып, «Манежде өскен байларым, ойланыңдар, Қазақта бос бесікті тербетпейді» деп төгіп салды. Сонан кейін «Мемлекетіміздің алдынан ақ күн туып, Әлемдік саяси-экономикалық тұрғыдан мықты ел болатынымызға үміт етіп, «Экспо-мен» шықпаған атағыңды Экспортпен шығарар күн туады», деп жырлады.
Айтыс демеушісі – кәсіпкер, меценат, Q4 «Тұлпар» компаниясының негізін қалаушы Талғат Сақан.
Жыр додасы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, талантты ақындарға қолдау көрсетуде маңызды оқиға болды.