Биыл ел газеті «Егемен Қазақстанның» жарық көргеніне 105 жыл толады. Кешегі «Ұшқыннан» бүгінге жеткен басылым қай уақытта да ұлтқа қызмет етуден айныған жоқ. Осыдан 5 жыл бұрын басылымда біздің Сексеуіл кентінде жүздеген баланың күнделікті теміржол аумағынан өтіп, орталықтағы мектепке барып жүргені туралы жазылған мақаладан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа білім ошағы бой көтеріп, осыдан үш жыл бұрын қолданысқа берілді.
Жалпы, кейінгі жылдары ірі тораптық станса қатарындағы Сексеуіл кентіне қоныстанушылар қатары көп. Жыл сайын түрлі нысандар ашылып, кәсіп бастағандар да көбейіп келеді. Осыған көңіл тоғайтқанымызбен мұндағы мектеп мәселесі көбімізді күмілжіте беретін. Кейінгі 20-30 жылда пайда болған жаңа аудандағы мектеп мәселесі біраз жылдан бері дүркін-дүркін көтеріліп, салалық министрлікке сан мәрте жолданғанымен шешілмей келгенін де білетін едік. Күнделікті 14 рельсті кесіп өтіп, орталықтағы білім ошағына қатынап жүрген 360 баланың жайын ойлаған жұрт үміті үзіле бастағанда 2019 жылдың 10 желтоқсанында «Egemen Qazaqstan» газетінде басылымның облыстағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбайдың «Теміржолды жағалап топ бала жүр» деген мақаласы шыға қалды. Ертесі «осы мақалаға Мемлекет басшысы назар аударып, Үкіметке тапсырма беріпті» деген хабарды естіп, бір-бірінен сүйінші сұрағандар көбейді.
Осылайша, кенттегі жаңа ауданнан орын тепкен №283 орта мектеп 2021 жылдың 1 қыркүйегінде есігін айқара ашып, алғашқы шәкірттерін қабылдады. Екі ауысымда 442 бала білім алатын мектепте 20 сынып кешені, спорт, мәжіліс залдары, кітапхана мен асхананы аралап көрген жұрттың сол сәттегі қуанышын сөзбен жеткізу қиын еді.
Осы күні 300 орындық білім ошағында 69 мұғалім мен 37 кіші қызметкер жұмыс істеп, 440 бала оқып жатыр. Үш жыл ішінде ұстаздар мен оқушылар көптеген жетістікке жетті. Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінен мектептің 9-11-сынып оқушылары құқық негіздері пәнінен жүлделі 1-орын иеленіп, облысқа жолдама алды. Тарих, биология, ағылшын тілі мен география пәндерінен де жүлделі орыннан көрінді.
Жаңа мектеп оқушылары 2021-2022 оқу жылында үш үздік, бір ерекше аттестат иеленсе, келесі жылды екі «Алтын белгі», бір үздік, төрт ерекше аттестатпен түйіндепті. Былтырғы оқу жылы қорытындысы бір «Алтын белгі», екі ерекше аттестат болып отыр. Осы оқу жылында мектепте төрт «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» және төрт ерекше аттестаттан үміткерлер бар екен.
Мектеп шәкірттері түрлі ғылыми жобалар мен спорттан да алда келеді. Білім ордасындағы ұстаздар мұғалімдер лигасы жарысында волейболдан 2-орын иеленді. «Ұлттық мектеп лигасы» жобасына қатысқан 7-8-сынып оқушылары бірінші орын биігінен көрінді. Мектеп оқушылары арасында өткізілген дәстүрлі аудандық спартакиадада футзалдан 8-9-сыныптар оқушыларынан жасақталған қыздар командасы екінші орын тұғырына көтерілді.
Жаңа үлгіде салынған екі қабатты мектеп ауласында жасыл желек жайқалып, айналасы бақшаға айналған. «Жасыл желек» жобасымен жұмыс істейтін мектеп ауласында өскен жемістер мен бақша өнімдері мүмкіндігі шектеулі отбасыларына таратылып беріледі.
Жұртшылық арасында «Егемен» салдырған мектеп» аталып кеткен білім ошағының бүгінгісі осындай.
Тәуекел ЖҰМАҒАЗИЕВ,
зейнеткер
Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
Сексеуіл кенті