Салалық журналистиканың келешегі бар ма? Оны дамыту үшін не істеу қажет? Атырауда осындай сауалдар талқыланған республикалық семинар өтті. Семинар тақырыбы – «Мұнай-газ, экологиялық бағыттардағы салалық журналистиканың ерекшеліктері».
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен семинарда Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Мұнай-газ саласындағы отандық кәсіпорын мен осы салада жазатын журналистер өзара пікір алмасты.
«Біздің министрліктің салалық журналистиканы дамытуға бағытталған жол картасы бар. Бірнеше университетпен бірлесіп қаржы, экономика, экология және мұнай-газ саласына бейімделген журналистер үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай іс-шараның бірі – мұнай-газ және экологиялық бағыттағы семинар», деді Қ.Ахетов.
Оның дерегіне сүйенсек, «Масс-медиа туралы» Заңда БАҚ пен журналистер беделін көтеруге бағытталған бірқатар маңызды жайт қамтылған. Біріншіден, БАҚ материалдарына қойылатын талап бойынша сотқа шағымдану мерзімі 1 жылға белгіленген. Екіншіден, БАҚ сұрауларына жауап мерзімі бұрын 7 жұмыс күні болған. Қазір бұл 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Үшіншіден, журналистің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, суицид жасау әдістері мен дәл сондай әрекетке үгіттейтін ақпарат таратуға тыйым салынып отыр.
«Жаңадан қабылданған «Масс-медиа туралы» заңның негізін екі біртектес заңның синтезі құрайды. Бұл – «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабар тарату туралы» заңдар. Ең маңыздысы, бұл заң «Масс-медиа» мен «БАҚ» ұғымдары арасындағы айырмашылықты белгілейді. Заңға сәйкес масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар жатқызылды. Тағы бір жайт – мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді іске асыру мақсатында заң аясында гранттық қаржыландыруға көшу жүзеге асырылады. Гранттар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, еліміздің ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін беріледі. Ең бастысы, журналистер қызметіне құқықтық кепілдіктер заң деңгейінде бекітілді. Осы мақсатта «журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді. Бұл журналистің құқықтары мен бостандығын қорғауды, ақпарат іздеу, сұрау салу, алу және тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды қамтамасыз етеді», деді Қ.Ахетов.
Жиында салалық журналистиканы дамыту қажеттігі де сөз болды. Өйткені бұл БАҚ-тың таралымына, оқылымына оң әсер етеді. Мәселен, «Мағыналы бизнес» PR-агенттігі» ЖШС бас директоры Лаура Сүлейменова алғашқы еңбек жолын мектептің мұғалімдігінен бастаған. Осы салада 10 жұмыс істеген соң журналистикаға бет бұрған. Қазір өз ісін қолға алған.
«Салалық журналистиканы таңдаған журналистерге талдау жасай алатын сарапшылық қабілетін жетілдіру қажет. Әрине, бұл үшін көп іздену, үйрену артық етпейді», дейді Л.Сүлейменова.
Қазір журналистер арасында бір саланы қамтып, тек соның ұңғыл-шұңғылын терең зерттеп жүргендер көп емес. Мәселен, мұнай-газ өнеркәсібі туралы жазуға машықтану оңай емес. Өйткені мұнай-газ саласының кен орнына барлау мен бұрғылау жүргізу, өнім өндіру, оны өңдеу, тасымалдау секілді бағыттары бар. Бұған қоса «қара алтынның» салдарынан қоршаған ортаға келетін зияны аз емес. Міне, осы саланың осындай қалтарысы зерттеу мақаланың жүгін де көтереді, маңызын да айшықтай түседі.
Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің арнаулы тілшісі Тимур Қазиевтің пікірінше, салалық журналистиканың ерекшелігі көп. Біріншіден, журналистің күнделікті ақпаратпен шектелмей, шеберлігін шыңдауына ықпал етеді. Екіншіден, бір талдау мақаланы жазу үшін бірнеше саланың маманымен пікірлесіп, өзге бір тақырыпты қозғауына себеп болатын мәліметтерге кезігуі мүмкін. Үшіншіден, арнайы дипломы болмаса да өзі таңдаған саланың кәсіби маманындай тәжірибе жинайды.
«Журналистердің жергілікті атқарушы органнан мәлімет алуына ықпал ететін жайт – ашықтық. Бұл әсіресе, бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі, тиімді жұмсалуы туралы журналистік зерттеу жазуға қажет», дейді Т.Қазиев.
Атырау облысы