• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Алматы 11 Желтоқсан, 2024

Сатирик мектебінде мұражай ашылды

133 рет
көрсетілді

Биыл көрнекті ақын, сатира сардары Шона Сма­хан­ұлының туғанына 100 жыл толды. Соған орай ашы­луына осыдан 40 жыл бұрын қаламгердің өзі ұйт­­қы болған Алматы қала­­сындағы №62 гимназия­да Шона Смаханұлы атын­да­ғы мұражай ашылды.

Мектеп ұжымы маз­мұнды іс-ша­раға тиянақты дайын­далған. Оқушылар қаламгер шы­­­­ғар­­­маларынан көрініс қойып, са­ти­ралық туындыларын жатқа оқыды.

Шона Смаханұлы – артына мол әдеби мұра қалдырған суреткер. Мектеп мұражайына сатириктің қолжазбалары, жазу мәшіңкесі мен өзі тұтынған жеке заттары қойылған.

Сатира саңлағының есімі қайраткерлігімен белгілі. Қалам­гер ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, Алматыда қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға білек сыбанып кірісті. Жазу­шылар одағы жанынан қазақ мек­тептерін ашумен ай­на­лысатын мектеп кеңесін ашып, ұйымның төрағасы ре­тінде оқу-ағарту ісінің өзекті мә­селелерін республика бас­шы­лығына жеткізді. Зиялы қа­уымды үн қосуға шақырды. Осы зиялы топ өкілдері қала аралап, ата-аналармен жиын өткізіп, қазақ тіліндегі білім ошақ­та­рының қатарын көбей­туге күш салды. Мәселен, 80-жылдары Алматыда бір ғана қазақ мектебі болған. Сөйтіп, ана тілімізде білім беретін мектептердің саны бірте-бірте көбейіп, 20-дан асты.

– Біз оқушыларға туған хал­қының келешегіне алаң­да­ған күрескер тұлғаның әдеби мұрасымен бірге, қайрат­керлігін үнемі үлгі етеміз. Мұра­жайға қойылған бұйымдар қаламгер­дің жеке өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғынан айшықты көрініс береді.. 1983–1984 оқу жылында алғашқы қазақ мектептері­нің бірі болып ашылған №62 гим­назиядан қан­шама түлек қа­наттанды. Ал Ш.Смаханұлының есімі мектебіміз­ге 1991 жылы берілді. Елге, тілге жанашыр зиялы қа­уымның арқа­сында Алматыда №12, №86 қа­зақ мек­тебінен кейін ашылған №62 қазақ орта мектебіне бүгін­д­е гимназия мәртебесі берілген. Біздің білім ошағымыздың тарихы шежіреге толы. Мұнда елімізге танымал көптеген қай­раткер оқыған. Мектеп алғаш ашыл­ғанда 18 мұғалім болып қызмет істеген. Әсіресе бірінші директоры, Білім беру ісінің үздігі Бақтығали Өсербаевтың еңбегі ерекше. Оның білім берудегі мол тәжірибесі мектептегі білім сапасына айтарлықтай септі­гін тигізді. Сондай-ақ осы жылдар ара­­лығында У.Байсақалова, В.Нұр­­­ма­ғанбетова, М.Төлендиев, Ә.Әлжаппаров Қ.Назарбетов, А.Бижанов сынды азаматтар басшылық етіп, білім ұясының дамуына зор үлес қосты. 1999 жылы мектепке араб, ағылшын, француз тілдерін тереңдетіп оқы­татын арнайы мәртебе берілді. Ал 2001 жылы лингвистикалық гимназия, 2008 жылдан гимна­зия мәртебесінде сапалы білім беру­дің орталығына айналып отыр», деді мектеп директоры Мирамгүл Набидоллаева.

Сапалы білім мен өне­гелі тәрбие беруде білікті ұс­таз­­дардың орны айрықша. Осы орайда Алматы қаласы білім басқармасының ұйым­дастыруымен өткізілген «Педа­гогтер» байқауы мен конкурстарында мектептің 20-дан астам мұғалімі жеңімпаз атанып, рес­публикалық телесабақтар мен бейнесабақтарда көш бас­тап келеді. Ал түлектердің 80 пайыз­ға жуығы кейінгі он жылда мем­лекеттік грант иесі атанған. Осы жылдарда 45-ке жуық оқу­шы «Алтын белгі» иегері болса, халықаралық, республикалық, қалалық ғылыми жобалар, зият­керлік, сондай-ақ Махамбет, Абай, Мағжан, Мұқағали, Қадыр оқуларының жеңімпаздары, жалпы білім беретін пәндер бойын­ша олимпиадалардың жүлде­гер­­­ле­рі гимназия мақтанышы болып жүр. Кейінгі 5 жылда гимназия­ның «Наргиз» би ансамблі «Ақ Шағала» және «Бозторғай» фес­тиваліне қатысып, жүлделі орынды еншілеген.

 

АЛМАТЫ