• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тағзым 12 Желтоқсан, 2024

Алаш қайраткерінің зерделі тұяғы еді

150 рет
көрсетілді

Күні кеше мұхиттың арғы жағынан қаралы хабар келді. Түркістан автономиясының тұңғыш төрағасы, Алашорда үкіметінің көрнек­ті өкілі, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер Мұха­мет­жан Тынышбаевтың ұлы, ғалым Дәулет Шейх-Әли дүниеден өтіпті...

Дәулет Мұхамеджанұлының соң­ғы 20 жылдан астам өмірі Қазақстан­мен тығыз байланысты. Тағ­дыр­дың жазуы болар, 1931 жылы 10 ақ­панда Алматы қаласында дүниеге кел­ген ол саналы ғұмырын туған жерден жырақта өткізді. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ ұлтының сүтке шы­ғар қаймақтарын қалқып алып қы­рып жіберген сталиндік репрессия­ға ұшырап, «халық жауы» деген жал­амен түрмеде өлген Тынышбаевтай асыл­дың ұлы болғаны үшін...

Жетісудың Сар­қанд ауданында туған Мұхаметжан Тынышбаев өткен ғасырдың басында патшалық Ресейде жоғары білім алған өте сауатты, білімді, өз ұлтының аса көрнекті өкілі-тұғын. Петербург­те теміржол институтын бітіріп, елге келген соң Жетісу теміржолының бір тармағы, Шымкент – Түлкібас – Әулиеа­та аралығындағы теміржол­дың құрылысын салуға қатысқан. Аза­мат соғысының басталуымен ол жоба аяқсыз қалып, он шақты жылдан ке­йін ғана Жамбылға жеткен. Деген­мен Түлкібаста тауды бұзып, тасты жа­рып Тынышбаев салған сол құрылыс­тан қалған тарихи ескерткіш «Тыныш­баев туннелі» әлі тұр. Ел азамат­та­ры ол жерге ескерткіш тақта орнат­қан. Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышбаевтың ескерткіші Түлкібас стансасында да тұр.

1914–1915 жылдары Мұхаметжан Тынышбаев бозбала Тұрармен танысып, сауатты, білімге зерек жасқа ақша беріп оқуға жіберген деседі. Содан кейін қазақтың екі ұлы перзентінің байланысы үзілмеген. Мәскеуде отырып «Түрксіб» құрылысына бас­шы­лық жасаған Рысқұлов оған Ты­ныш­баевты тартып қана қоймай, қазақ инженерінің жобаларын қорғап, қолдау көрсетіп отырғаны тарихтан белгілі. Түрксіб құрылысының өн бо­йында Тынышбаевтың қолтаңбасы күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Ол жолдың Шоқпар асу варинаты, стансалар, әлі күнге мызғымай тұрған су тарту мұнаралары, деполар, т.т. Тынышбаев жобалаған ғимарат көп. Өкінішке қарай, ұлы құрылыс бітер-бітпесте ұсталған асыл азамат ке­ңес елі «алғашқы бесжылдықтың ұлы құ­рылысын» тойлап жатқанда түрме­де жатты...

Айдауда жүріп «Москва – Дон­басс» теміржолын салуға жегілген тұт­қын Тынышбаевтың артынан жары Әмина Ибрагимқызы бір жасар ұлы Дәулетті алып Воронежге барады. Ал­ғашқы жары алматылық дәрігердің қызы Гүлбаһрам Шалымбекова ауру­ларды емдеп жүріп жұқтырып алған сүзектен өледі. Ұлы Ескендір (бел­гілі кинорежиссер, оператор бол­ған) мен қыздары Фатанад-Бану және Ди­нар-Зада осы алғашқы неке­ден ту­ған. Біраз жылдан соң үйленген екін­ші жары Тынышбаевтың байыр­­ғы жолдасы, дағыстандық ақсүйектер әулетінен шыққан Даут Шейх-Алидің қарындасы болған (Ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістікке жеткен КСРО-ның атақты селекционері, кезінде ұзақ жылдар Алматы іргесіндегі ғылыми зерттеу институтын басқарған). Тынышбаев түрмеде жатқанда туған ұлын оның өтінішімен Дәулет Шейх-Али деп жазғызып (сұрқия заманның сұрқын байқап, анасының тегінде болғанын дұрыс көрсе керек), бүкіл өмірін осы жалғыз ұлына арнаған, 5 жыл айдауда ерінің жанында жүріп, жанына жалау болған осы бір қайсар әйелдің емендей берік рухына еріксіз тәнті болғандайсыз...

Башқұртстанда өскен Дәулет Мұхамеджанұлының елмен байланысы тек бертін келе орнайды. Есін білгелі анасы мен нағашы атасының айтуымен әке тағдырына қанық болып өскен ол заманның беті бері қараған соң өз бетінше ізденіп, жер-жерге хат жазып жүріп, 1958 жылы ақталған әкесінің анықтамасына тек 1970 жылы қол жеткізеді. Туған елден жырақта жүріп-ақ ілім-білімнің шыңына өрлеп, әжептәуір карьера жасайды. 1954 жылы Уфа мұнай институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, жарты ғасырға жуық мұнай ғылыми зерт­теу институтында еңбек етіп, ғылым­мен айналысты. 1964 жылы Мәскеу мұ­най институтында «Мұнай және газ кен орындарын игеру» маманды­ғы бо­йынша кандидаттық диссертация қорғаса, 1998 жылы «Мұнай кен орындарын игеруүдерісінде қабат­тық мұнайларды зерттеудің ғылыми-әдістемелік негіздері және олардың қасиеттерінің өзгеруі» тақырыбын­да докторлық диссертация қорғайды. ­15 жыл бойы КСРО Мұнай өнер­кә­сі­бі министрлігінің қабаттық мұнай­лар мен газдарды зерттеу мәселе­ле­рі жөніндегі әдістемелік кеңесі­­нің мү­шесі болғаны өз алдына бөлек әңгіме.

Башқұртстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Алидің бір арманы – Қазақстанға ертерек келмегені болыпты. Еліме қызмет етіп, балаларым қазақ елінде өсер еді деп өкініш етеді екен. «Мен қазақпын, Тынышбаев­тың ұлымын» деп өзі іздеу салмаса, Алаш қайраткерінің осындай ұрпағы барын ел-жұрт естен шығарып, тіпті білмегендей де екен. Осы жерде Мұхаметжан Тынышбаевтың қарындасы Айсадан туған жиені Нұршәкен Жүніс­қызының еңбегін айта кеткен жөн. Дәулеттей наға­шы ағасының хабары шыққан соң-ақ қарап жатпай шырылдап оны іздеген апамыз елге шақырып, құшақ жая қарсы алады, әкесінің туған жеріне апарып, ағайынмен қауыштырады. Жат жерде өсті дегенмен бойында қазақтың қаны, қан болғанда да Тынышбаевтай тектінің қаны бар емес пе, елге келіп қазығын тапқан әкелі-балалы Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы (авиация саласы­ның маманы, докторлығын Канада­да қор­ғаған, Монреаль, Флорида шта­тын­да еңбек еткен ағылшын тілді ға­лым) Алматыға қоныс аударып, Ты­нышбаев атындағы Көлік және комму­ника­ция академиясында, Қазақстан-Бри­тан техникалық университетінде он­даған жыл жемісті еңбек етті. ҚБТУ мен Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да док­торлық диссертацияларды қорғау жөніндегі біріккен диссертациялық кеңестің мүшесі болды. 2 монография, бір анықтамалықтың, 150-ден астам ғылыми еңбектердің және авторлық куәліктердің авторы «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» атанған бірегей тұлға болды.

Ал елге оралған соң Дәулет Мұха­меджанұлы бос уақытын архив ақ­тарып, әкесінің өмірі мен қызметін зерттеуге арнады. Нәтижесінде, Алаш қайраткерінің бұрын белгісіз болып келген талай еңбегін тауып жарыққа шығарды, тарихи негіздерге сүйеніп жазылған бірнеше құнды кітап шығарды. Ғылымға, мәдениет пен білімге қосқан үлесі үшін 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. «ҚазАТК құрметті профессоры» атағы берілді. Архив ақтарып жүріп мұрағаттан әкесіне қатысты құжаттардан бөлек Түрксіб құрылысына да қатысты талай дерек тапты. Сондықтан ұлы құрылыстың мерейтойына орай «Түрксібке – 90 жыл» төсбелгісі оған берілген лайықты марапат еді, сонымен қатар, осынау алып құрылысты салушылар мен жобалаушылар қатарында болған жалғыз қазақ инженерінің еңбегі тоқсан жылдан кейін бағасын алып, ұлына қайтып жатқандай еді...

Дәулет Мұхамеджанұлы толып жатқан марапаттарының ішінде осы Түрксібтің мерейтойлық медалі мен «Құрметті теміржолшы» салалық төсбелгісіне айрықша құрметпен қарайтынын көзіміз көрді. «Бұл – маған берілген әкемнің наградалары» дейтін жарықтық.

Жалпы, әкелі-балалы Тыныш­баев­тар туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Сонау патшалық Ресей кезінде Мемлекеттік Думаның депутаты болған санаулы қазақтың бірі, кейін Қоқан автономиясының Премьер-министрі, Алашорда үкіметі басшыларының бірі болған Мұхаметжан Тынышбаевтың қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени және ағартушылық еңбектерінен бөлек, кәсіби теміржолшы ретіндегі ұшан-теңіз еңбегі әлі де толық зерттелген жоқ. Жетісу мен Түрксіб теміржолының құрылысынан бөлек, Орта Азия темір жолына еңбегі сіңіп, Әмудариядан өтетін көпір құрылысы мен «Ашхабад – Ташкент» теміржолының Әндіжан телімінде де қолтаңбасы қалғанын, 1932–1936 жылдары бес жыл айдауда жүріп «Москва – Донбасс» теміржолын салуға қатысқан соң елге оралып, 1937 жылы «Гурьев – Қандыағаш» құрылысында да еңбек еткенін атүсті ғана білеміз. Сол құрылыста жүргенде тағы да ұсталып, ұзақ жыл айдауда жүріп, ауыр еңбектен қажып мүжілген жан Ташкент түрмесінде өледі...

Дәулет Мұхамеджанұлы өмірінің соңғы жылдарын Америкада өткізді. Зайыбы дүниеден өткен соң, дәрігер қызының қарауында болды. Елге соңғы рет 2021 жылы келіп, Алматы мен Астанада аялдады. 94 жасқа қараған шағында дүниеден озған қарт ғалым ұлы мен қызына «Елмен байланысты үзбеңдер, Алматыдағы үй сатылмасын, түбі немерем оралады» деп өсиет етіпті деседі...

 

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА