Алматының «Қайрат» футзал командасы тағы да УЕФА Кубогының иегері атанды. Бұл жолы ол финалда Испанияның «Барселона» командасын 3:2 етіп ұтып, осы жүлдеге екінші мәрте қол жеткізді.
Кубоктың финалдық матчы Португалияның астанасы – Лиссабон қаласында өтті. Кездесу барысында қазақстандықтар сапынан Умберто (17-минут), Алешанре Диваней (19-минут) және Игорь (32-минут) сынды ойыншылар мергендіктерімен көзге түсіп, жеңісті қамтамасыз етті.
Айта кетейік, алматылықтар мұның алдындағы жартылай финалдық матчта Мәскеудің «Дина» жасағын 7:4 есебімен тізе бүктіріп еді. Ал мәскеуліктер соңынан Лисабонның «Спортингімен» болған қола медаль үшін таласта тағы жеңіліп қалды.
Осымен «Қайрат» Еуропа футбол ассоциациясының бас жүлдесін екінші дүркін жеңіп алып отыр. Ол Кубокқа бірінші рет 2013 жылы қол жеткізген еді. Ал 2014 жылдың күзінде Алматыда Мәскеудің «Динасын» 3:2 етіп ұтып, УЕФА-ның Суперкубогын да алған болатын.
Руслан ИГІЛІК.