• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Желтоқсан, 2024

«Ардагерлер ұйымы» жастар тәрбиесіне алаңдайды

184 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы «Rixos President Astanа» қонақүй кешенінің «Дихолл» мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты кеңейтілген төралқа отырысын өткізді. Төралқа жиынына барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан ардагерлер кеңестерінің басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.

Нашақорлық пен лудомания дерті өршіп барады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал та­быс» идеясын жүзеге асырудың жол­дары мен «Ардагерлер ұйымы» Ор­та­­лық кеңесінің өткен пленумының ше­шім­дерінің орындалу барысын күн тәр­ті­біне қойған жиынды Қазақстанның Еңбек ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды. Бақтықожа Салахатдин­ұлы осы іс-шараға елі­­міздің әр өңірінен келген азаматтарға ал­­­ғысын білдіріп, жақында ғана өмірден озған орталық кеңес төралқасының мү­шесі, мемлекет және қоғам қайраткері Владимир Ред­ко­кашинді бір минут үнсіз еске алуды ұсынды.

Сондай-ақ Қарағанды облысы Арда­герлер кеңесін 13 жыл басқарған Орал­ды Төреғожин денсаулығына байланысты қоғамдық жұмыстан босатуға өті­ніш білдіргенін, ол орынға Қарағанды облысының әкімінің келісімімен Ғабит Тұяқовтың тағайындалғанын хабарлады. «Ғабит Шораұлы – Қарағанды өңірінде мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі, белгілі азамат. Бұл қоғамдық жұмысты да жауапкершілікпен жоғары деңгейде атқарады деп сенеміз», деді Орталық кеңестің төрағасы.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Б.Ізмұхам­бетов Президенттің халыққа Жол­­­дау­ларында, Ұлттық құрылтайларда, Пар­ламент сессияларының ашылуында сөй­леген сөздерін, берген тапсырмаларын, бағдарламаларын басшылыққа алып, ұйым төралқа жиынын тікелей жастар тәр­биесіне арнап отырғанын жеткізді.

Алғашқы сөзді «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігі Орта­лық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев алып, баяндама жасады.

Төраға орынбасары Өмірзақ Озғанбаев әңгімесін Абылай ханның заманынан келе жатқан «бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең көгермейді» деген аталы сөзден бастап, елі­міздегі жастар арасында етек жая бас­та­ған нашақорлық, лудомания (құмар ойын), діни фанатизм, тұрмыстық зорлық-зомбы­лық, ысырапшылық сияқты залалды кеселдерге қарсы күресу керектігіне тоқталды.

«Статистикалық көрсеткіштерге сүйен­сек, елімізде нашақорлық індеті­­не шал­­­дыққандар саны 18 мыңнан асады, олар­дың ішінде балалар мен жасөс­пі­рім­­­дер ­де бар. Тағы бір еңсені түсіретін жайт, еліміздегі жастардың 10 пайызы лудо­мания ауруына шалдыққан. Басқа пси­хологиялық ауруларға қарағанда ойын құмарлардың қылмысқа бару көрсеткіші өсіп бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды», деді Ө. Озғанбаев.

Спикер тәуелсіз мемлекеттің болаша­ғы жас ұрпақтың қолында екенін, бала­лар тәрбиесі, білімі, денсаулығы секіл­ді проблемаларды бүкіл қоғам болып ынтымақтаса шешу керектігін, осы бағытта ардагерлер кеңесі әжелер алқасы, аналар кеңесі, әкелер кеңесі секілді ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, жастар арасында еңбек, ізгілік, адамгершілік тәрбиесін насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп жатқанын айтты. Мәселен, Алматы қалалық ардагерлер кеңесі «Ал­когольді, есірткіні, темекі өнімдерін қолданудың зиянды салдары», «Жастар арасындағы нашақорлық, уытқұмарлық (токсичность)» тақырыптарына деректі фильмдер көрсетіп, осы тақырыпта дөңгелек үстелдер ұйымдастырыпты. Жетісу облыстық ардагерлер кеңесі де бұл маңызды іс-шарадан тыс қалмай, жастардың бойына патриотизм ұялату мақсатында «Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар» тақырыбында форум өткізген.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев кейбір облыстық ардагерлер ұйымдары Республикалық ардагерлер ұйымынан жеткен тапсырмаларға мән бермейтінін, құжаттар ресми тіркеліп, папкаларға мұқият тігілгенімен, нақты ұйымдастыру жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтінін, сондықтан да әрбір кеңестің пленумында, активінде, жиналыстарында аудандық, қалалық ұйымдардың міндеттері қайта қаралып, айқындалуы керектігін мәлімдеді.

«Біздің ең басты құжатымыз – ұйым­­ның жарғысы. Сондықтан әр төрағаның үсте­лінің үстінде жарғы жатуы және сол құжат басшылыққа алынуы қажет», деді төраға орынбасары.

 

Әкелердің отбасындағы беделі қандай?

Сонымен қатар Ө.Озғанбаев жас­тардың бойына ұлтымыздың иман­дылық, ізгілік нұрын себу арқылы ұлтжанды азамат қалыптастыруға болатынына тоқ­­та­лып, қазіргі басты проблемаларды кеңі­­рек әңгімеледі. Ол бұрын қазақтың төрінде атасы мен әкесі отыратынын, нарық заманы келгеннен кейін аналарымыз жайма базарды жағалап, үйінің нан-тұзын тауып, жұмыссыз қалған әкелердің отбасындағы беделі төмендеп кеткенін, «Қарты бар үй – қазына», «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген секілді қанатты сөздерді қолданбайтын болғанымызды, әкенің мысынан ықпайтын балалар Махамбеттің «Қарттары кімнің болмаса, Жастары болар диуана» дегеніндей диуана болып бара жатқанын, сондықтан әкелер институтын қалпына келтірмей, ұлт болып сақталып қалуымыздың мүмкін еместігін алға тартты.

«Бүгінгі таңда елімізде 45-тей қарттар үйі бар. Олардың көбі Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан. 5 мыңға жуық қарт сол қарттар үйінде төрт қабырғаға телміріп, немерелерін бір көруге зарығып отыр. Мен жуырда Астананың жанындағы Көктал ауылында орналасқан қарттар үйіне бардым. Қарттар туған балаларын айында бір рет, зейнетақы алатын күні көреді екен. Шал-кемпірдің тиын-тебенін қалтасына салып алып, джиппен Астананы бетке алып бара жатқандарды көргенде жүрегің сыздап ауырады. Ата-анасын қарттар үйіне өткізгендердің көбі 2-3 қабатты коттеджде тұратын көрінеді. Демек үйдегі бөлменің кемдігінен емес, ата-анаға деген ниеттің тарлығынан осы жағдайға жетіп отырмыз», деді төраға орынбасары.

Баяндамашы жастар тәрбиесінде ең маңызды мәселенің бірі кітап оқу мә­дение­тін қалыптастыру екенін жеткізіп: «Қо­ғамдық саяси институттардың мәлі­метіне қарағанда Қазақстан халқының 52 пайызы кітап оқымайды. Бүкіл адамзатқа ортақ ойдың иесі Абайдың мұраларын жастарымыздың 10-15 пайызы ғана оқыған. Сондықтан халықаралық «Кітап сыйлау күні», «Ұлттық кітап күні» деген сияқты бастамаларды ардагерлер ұйымы тарапынан ылғи да қолдап отыруымыз керек», деді Ө.Озғанбаев.

Төралқа отырысында ана тілі мәселесі де сөз болып, Халел Досмұхамедовтің «Өз тілің­ді жақсы біліп, өзге тілде сөйлесең – ол қасиетің, егер өз тіліңді білмей тұрып, өзге тілде сайрасаң – ол қасіретің» деген сөзін естен шығармау керектігі айтылды.

Өмірзақ Озғанбайұлы: «Қошақаным», «ботақаным», «бауыр етім балам» деген сөздердің орнына «мой ангелочек», «мой цветочек» деген еркелетуді естіп өскен балалардың болашағына алаңдауымыз керек» дей келіп, баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елдегі серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарда өзіміз үлгі көрсету арқы­лы дәріптеуіміз керек», деген сөзімен қоры­тындылады.

 

Қоғам ақсақалдардың ақылына мұқтаж

Бас баяндамадан кейін сөз алған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан Ақсақалдар институ­тының қоғамдағы рөлін көтеру керектігін, халық кез келген дүбірлі оқиға сәтінде ақсақалдардан аталы сөз күтетінін айта келіп: «Қазіргідей дүние «оттан көй­­лек киіп тұрған» саяси-әлеуметтік жағ­дайларға қарап отырып, өмірдің ысты­ғы мен суығын көрген ақсақалдардың ақылына мұқтаж екенімізді аңғаруға болады. Мұндай кезеңде ақсақалдарымыз әкім-қаралардың қасында экспонат секілді шапанын көтеріп, жалпаңдап жүгіріп жүрмеуі керек. Керісінше, әкімдер тәжірибесі мол ақсақалдардың айтқанымен санасатын жағдай жасасақ деймін. Депутат ретінде еліміздің барлық өңірін аралаймыз. Сол сәтте арқамызға аяздай бататын талай оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Саяси-қоғамдық өмірдің қазанында қайнаған, билікке де, халыққа да сөзі өтетін азаматтардың аздығынан қарапайым проблеманы шешудің өзін күрделендіріп жібердік. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы­нан бастап барша бұқара әріптесіміз Бақтықожа Салахатдинұлы басқаратын «Ардагерлер ұйымына» сенім артып отыр. Бұл жауапкершілікті осы жиында отырған әрқайсыңыз терең сезінеді деп ойлаймын», деді.

Депутат Жанарбек Садықанұлы ісса­парларға шыққанда ақсақалдардан бата алып, кеңес сұрайтынын, еліміздің оң­түс­тік аймақтарында ақсақалдар инсти­ту­тының әлі де жойыла қоймағанын, үлкеннің сөзіне құлақ түріп, ақылына ұйыған ұрпақтың келешегі жарқын болатынын айта келіп: «Қарадала өңірінде Ызғарбек Бектұрсынов атты ақсақал бар. Аудандық, облыстық, республикалық ауқымда қызмет етіп, қажыр-жігерінің арқасында халықтың аяулы ұлына айналды. Ақсақалдардың дені үлкен қалаларға қоныс аударып, ауылды иесіз қалдырып жатқан кезде Ызғарбек ағамыз Алматыдан ауылға көшті. Ешкімге жүк артпай, өз үйін өзі салып, қазір жерлестерінің арасында жүр. Ұйғыр ауданындағы келелі істер ол кісінің кеңесінсіз жасалмайды. Ел-жұртқа ие болатын осындай ақсақалдар көбейсе, түйткілді мәселелерді шешу жеңілдер еді», деді.

 

Ардагерлер институтының орны бөлек 

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова мемлекеттің дамуы жолында еселі еңбек етіп, халқымыздың қазынасына айналған ардақты ақсақал­дармен жүздесіп, пікір алмасып отыр­ғанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар вице-министр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы» деп айтқа­нын жиын қатысушыларының есіне салып, ұлттық идеологияны қалыптастыру ісінде ақсақалдардың ақылына жүгіну керектігін сөз етті.

«Бізді қоғамдағы ұлттық бірлік, этнос­тар мен діни топтар арасындағы өзара түсінісу, жастарды есірткі, лудомания секіл­ді түрлі жағымсыз әрекеттерден сақ­тау мәселесінде ардагерлер институты өз мін­детін тиісті деңгейде атқарып, елге үлгі көрсетіп жатқаны қуантады», деді вице-министр.

Айзада Құрманова министрлік жас­тар арасында белең алған әртүрлі сын-қатерге байланысты «2023–­2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына» толықтырулар енгі­зіліп жатқанын, сондай-ақ «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Қазақстан Студенттер альянсы», «Қазақстан Жастар конгресі» секілді үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе, «Рес­пуб­ликалық жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі Жол картасы» бекітілгенін мәлімдеді.

Министрлік өкілінің мәліметіне қарағанда, өңірлерде 231 жастар ресурс­тық орталығы қызмет атқарады. Биыл жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы аясында 34,8 мыңнан аса студент жұмыспен қамтылған. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облысында 40-қа жуық жас табиғи апаттан зардап шеккендерге тұр­ғын үй салуға қолғабыс еткен. Мем­­­ле­кет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» жалпы ұлт­­тық экологиялық акциясына 1,5 млн-нан аса жас белсене қатысып, 330 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылған.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі осы жайттарды айта келіп, жастарды ізгі жұмыстарға жұмылдыру арқылы да тәрбие­­­леуге болатынын, осы бағытта Алматы қаласында «НаркоСтоп», Астана қаласында «Есірткісіз елорда» іске асырылып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын, осы орайда министрлік кешенді шаруаларды жүзеге асыруға дайын екенін де тілге тиек етті.

«Жастармен жұмыс – мүдделі мемле­кеттік органның ғана шаруасы емес. Бұл – қоғам болып, барлық азаматпен бір­­лесе атқаруға тиіс міндетіміз. Биыл біз­дің министрлік пен Ардагерлер ұйы­мы қоғамдық бірлестігі арасында мемо­ран­думға қол қойылды Сондықтан да Ар­дагер­лер ұйымы тарапынан ұсыныс, пікір­лер болса, бәрін қарастыруға да­йын екені­мізді айтқым келеді», деді А.Құрманова.

 

Әскери тәрбиені ұмыт қалдырмасақ...

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты кеңейтілген төралқа отырысында сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов: «Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады» деп атап өтті. Қазір елімізде 600 мыңнан аса студент жас­тар бар. Меніңше, сол студенттердің де бойына отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнем­шілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жана­шырлық сияқты асыл қасиеттерді сіңіруіміз керек. Аталған бағытта қоғам болып бірлесіп, жоғары оқу орындары студент жастарымен идеологиялық және тәрбие жұмыстары жүргізіп, адал еңбек, отаншылдық, әлеуметтік жауапкершілік, патриотизмге бағытталған кешенді шараларды іске асыруымыз керек», деді.

Спикер Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде «Еңбек күнін» атап өтетінін, осы арқылы студенттердің санасына өмірдің басты құндылығы адал еңбек екенін сіңіру керектігін, мұндай шараларға өңірдегі ардагерлер кеңес­­те­рінің мұрын­дық болуымен жү­­зеге асырылғанын жет­кізіп, жоғары білім сала­­­сының маман­дары атынан Арда­­­гер­лер ұйымына алғысын білдірді.

Сондай-ақ вице-министр кеңейтілген төралқа жиынына қатысушыларға әс­кери-патриоттық тәрбиені қалып­тастыру, әскери-патриоттық тәрбие беру мәсе­ле­ле­ріне де назар аудару керектігін ескертті.

«Бізде патриоттық тәрбие беру жұ­мыстарының ауқымды бөлігі әскери кафедралар арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда 16 мыңнан аса студент әскери кафед­ра­да оқып жатыр. Жастардың Отан алдындағы жауапкершілігін сезіндіріп, әскерге баруға деген құлшыныстарын арттыру – басты міндетіміз. Өкініштісі, жастар арасында Отан алдындағы борышын өтегісі келмейтіндер көп. Бұл жастар арасындағы масылдық психологияның белең алуына, жеңіл ақша табу, лудомания, қымбат заттарға орынсыз ақша жұмсау және сыбайлас жемқорлыққа бейім болу секілді дерттердің өршуіне әкеп соғып жатыр», деді Т.Ешенқұлов.

 

Есірткі сатуды ең ауыр қылмыс санатына теңестіру қажет

Алқалы жиында сөз алған Казталов аудандық сотының төрағасы Ұмсын Мұханғалиева жаһандану үдерісі жаңа технологияларды дамытып жатқанын, сол себепті қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болғанын, бұл дертпен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керектігін мәлімдеді.

«Қазір елімізде есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы өршіп барады. Нашақорлық дерті балалар арасында тез таралып, жастарымыз ула­нып жатыр. Сондықтан да біріншіден, есірткі сатқан қылмыскердің жа­за­­­­сын барынша қатайтып, ең ауыр қыл­мыс санатына теңестіру қажет. Екіншіден, есірткі және психотроптық зат­тардың қолжетімділігіне тосқауыл қой­май, әр дүниеге еліктегіш мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалаларды бұл дерттен сақтап қала алмаймыз. Үшіншіден, есірткі жеткіншектердің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, ата-анасына, тума-туысқандарының бәріне де қауіп төндіреді. Төртіншіден, нашақор жастар бірте-бірте адамды сыйлауды қойып, бойындағы адамгершілік қасиеттерін жояды, психикасы бұзылады», деді ол өз сөзінде.

 

Жеңістің 80 жылдығы назардан тыс қалмайды

Атырау облысы ардагерлер кеңесі жанындағы Жастар ісі жөніндегі комиссия төрағасы, кәсіпкер, меценат Андрей Кораблев облыстағы атқарылып жатқан кешенді шаруалар хақында баяндады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жариялады. Мем­лекет басшысының еңбек адамына жоғары мәртебе беруі рухымызды көте­ріп, отансүйгіштік, патриоттық қасиет­терімізді арттыруы керек деп ой­лаймын. Сонымен қатар Президент Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткенімізге 80 жыл толуына баса мән беріп отырғанын айтқым келеді. Біз 80 жылдық мерейтой қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағы батырларының және «Даңқ» ордені толық иегерлерінің ұр­пақ­та­ры­мен кездесу кештерін өткіздік. Іс-шара барысында студенттер, жоғары сынып оқушыларына ардагерлер кеңесі бекіткен куәлік пен батыр медальдары табысталды. 10 желтоқсанда жеңістің 80 жылдығына арналған «ерліктің ерен үлгісі» атты патриоттық әндер бай­қауы­ның ресми ашылуы болды. Осындай ауқымды шараларды өткізуге сенім арт­қан­дарыңызға ризашылығымды біл­діргім келеді», деді А.Кораблев.

Жиын соңында Парламент Мәжі­лісінің депутаты, «Ардагерлер ұйы­мы» республикалық қоғамдық бірлес­тігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Жастар тәр­биесі – адам­заттың мәңгілік тақы­рыбы» атты кеңей­тілген төралқа отырысының ойда­­­ғыдай өткенін, елін, халқын, жерін сүйетін еңбекқор, білімпаз, адал, қайы­рымды жас­тарды тәрбиелеу алдағы уақыт­та да күн тәртібінен түспеуі керек­тігін мәлімдеді.