2011 жыл. Ақпан айы. Ауа райы сан құбылып тұрған кез. Бірде боран, бірде аяз. Дәл сондай күні «Мәдени мұра» журналына Сейіт аға келді. Кәдімгі сыршыл ақын Сырбай Мәуленов «Қыр елінің Крыловы» деп атаған белгілі сатирик, этнограф, ел Тәуелсіздігіне аянбай еңбек еткен тұлға Сейіт Кенжеахметұлы.
Бойына артық ет жинамай, қашанда бәйгеге шабатын жылқыдай жарау жүретін қаламгер:
– Президенттік мәдениет орталығына бір шаруамен келіп едім. «Мәдени мұра» журналы осында дегеннен кейін соға кетейін, деп күлімсіреп есіктен кірді.
Шұқшиып жазу жазып отырған редакторымыз сатира саңлағының жадырап шыққан даусын естігеннен кейін келген қонақты орнынан тұрып, қуана қарсы алды. Төрге шығарды.
– Секе, ертеде «Ана тілі» газетіне этнографиялық дүниелеріңіз көп шығушы еді. Жұрт қызығып оқитын. Соларыңды бізге де беріңіз. Келесі нөмірге ұсынайық. Қаламақыңызды төлейміз, – деп Дүкенбай аға оны сөзге тартты.
– Жазылған дүние көп. Жариялаймын десеңіздер беремін. Қаламақы төлесеңіздер жақсы екен. Біз оны ұмытып кеткен едік – деп ол кісі ризашылық білдірді.
Кабинеттің іші кең. Атшаптырым десе болады. Осында бас редактормен бірге бәріміз отырамыз.
Дүкенбай ағаның бір ерекшелігі, жұмысқа уақытында келеді. Бір минут кешікпейді. Сондай тәртіпке үйренген. Біздің де сондай болғанымызды ұнатады. Ол кісі барда бөлмеде шыбын ызыңы естілмейді. Тыныштықта жазу жазғанды жақсы көреді. Айына бір шығатын журналда көп жұмыс жоқ. Әрі кетсе, бір нөмірді екі-үш күнде дайындаймыз. Содан кейін боспыз. Ал редакторымыз біз секілді емес. Уақытты қатты қадірлейді. Қолы қалт етсе жазып жүрген шығармасын күзеп-түзейді. Кейде ақ парақ беті қызыл сиядан көрінбейді.
Екі қаламгердің басы қосылғаннан кейін әңгіме көрігі қызды. Сейіт аға жазушының жақында бір республикалық басылымнан «Папирустағы жыр» атты әңгімесін оқығанын, соның бас кейіпкері орыстың әйгілі жазушысы Илья Эренбург туралы сұрады. Дүкенбай аға оны Мәскеудегі саяжайына іздеп барғанға дейін басынан өткен оқиғаларды, атақты суреткер қазақтың жас қаламгерін өте жылы қабылдағанын бүге-шігесін қалдырмай айтты. Бұл әңгімені біз де қызығып тыңдадық. Сөйтіп, отырғанда түс болды. Сейіт ағамен бірге сыртқа шықтым. Екеуміздің бағытымыз бір екен. «Самал» шағын ауданынан сол жағалауға жүретін №10 автобусқа міндік. Адам лық толы. Бос орын жоқ.
Алдыңғы қатарда отырған бір жас жігітке: –Үлкен кісіге орын бересіз бе? – деп өтініш айтып едім, ол ештеңе естімегендей кейіп танытты. Соны байқаған Сейіт аға арқамнан қағып: – Айналайын, қажет емес. Бұларға қарағанда мен жаспын ғой. Алыс жер емес, қазір түсеміз. Тік тұрған денсаулыққа жақсы. Осылай тұра берейік, – деп, сипай қамшылап әзілдеді. Сөйтіп, алтыншы аялдамаға дейін тұрып барды. Одан соң Сейіт ағаны түрлі жиында екі-үш мәрте көрдім. Содан кейін көп ұзамай дүние салды.
Биыл көзі тірі болса 85-ке келер еді.