• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Желтоқсан, 2024

Ынтымақ пен ырыс мекені

33 рет
көрсетілді

Бекем бірлік пен тату тірлік – тәуелсіздік тұғырын биіктететін қуатты құндылық. Еркін елдің ертеңі еңселі болу үшін бауырмалдық пен жарасым, өзара түсіністік пен сыйластық салтанат құруы керек. Еліміз зайырлы мемлекет ретінде қазақ жеріндегі түрлі этностардың еркін өмір сүріп, дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен ділін сақтауға еш шектеу қойған емес.

Еліміздің үлкен қалала­рындағы Достық үй­лері рухани байланыс­тардың ортақ алаңы ретінде азаматтар ұдайы бас қосатын, тағылымды іс-шаралар өткізетін орталыққа айналған. Мәселен, Алматыдағы Достық үйінде күні бүгін 19 этномәдени бірлестік жұмыс істеп отыр. Келушілер мұнда тіл үйреніп, түрлі іс-шара ұйымдастырады, арнаулы үйірмелер арқылы өнерлерін шың­дап, этностарды өзара ынты­маққа ұйыстыратын маңыз­ды жобаларда бас қосады. Орта­лықтың белсенді өкілі әрі «Үйде сөйле» жобасының негізін қалаушы Александра Мыскина – мемлекеттік тілді еркін меңгерген білімді азаматтың бірі.

«Барша отандастарымызды Тәуелсіздік мерекесімен құттық­таймын! Қазақстан – ынтымақ пен ырыс мекені. Елдің болашағына баланатын жасөспірімдеріміз қазақ халқының дәстүрін, тілін меңгеруге ынта танытатыны байқалады. ҚХА бастамасымен қазақ тілін үйренуде нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бейбітшілік, бірлік, этностардың өзара сыйластығы мен достығы – тұрақты дамып келе жатқан Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Оны сақтауға бар күш-жігерімізді біріктіру – бәрімізге ортақ міндет. Меніңше, адамға ең керегі – ниет. Ниет пен ынта болса, түрлі тілді меңгеріп, озық мәдениеттерді игеріп алуға болады. Әлемде қанша халық болса, олардың тағдыры мен тарихы да сан қилы. Әр елдің өзіне тән ерекшеліктері, бір-біріне ұқсамайтын мәдени дәстүрлері, өмір сүру дағдысы бар. Қазақстан тарихтағы түрлі кезеңдерге тап болған халықтарға құшақ ашты, олардың өсіп-жетілуіне, білім алып, қоғамның мүшесі болып қалыптасуына жағдай жасады. Біздің жобада қазақ тілін үйренуге ниет танытатындар осыны үнемі айтып, шынайы ықыласымен, патриоттық сезіммен білім алады», дейді А.Мыскина.

Мамандар Достық үйінің қабырғасында қазақтың айтулы қаламгерлерінің мерейлі даталарына орай әдеби-сазды кештер, олардың шығармашылық тынысынан сыр шертетін тағылымды бай­қаулар өткізу дәстүрге ай­нал­ғанын айтады. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты танымдық іс-шара, Г.Бельгердің 90 жылдығы, Ә.Кекілбаев пен Ф.Оңғарсынованың 85 жылдығына байланысты мәдени іс-шара Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастырылған. Мазмұнды жобада түрлі этнос өкілдері арасында ақын-жазушылар шығар­малары насихатталып, қатысу­шылар олардың өміріне қатысты қызықты деректермен танысқан.

Қазақстан халқы Ассамблея­сына қарасты этномә­дени бір­лестіктер мемлекет өміріндегі кез келген іргелі істе бой көрсетіп жүр. Айталық, елдегі су тасқыны кезінде қиындықта қалған өңірлерге олар да өз әлінше қол­ұшын созды. Алматыдағы этно­мәдени бірлестіктер апат аймағына 40 тоннадан аса гумани­тарлық көмек жолдаған. Этно­мәдени бірлестіктерге қарасты жас­тар ұйымдары волонтерлік бас­тамаларда ұдайы бой көрсетеді. «Таза Қазақстан» акциясында олар мыңнан аса көшет отырғызып, саябақтар мен алаңдарда тазалық жұмыстарын жүргізген.

«Бәрімізді тоғыстыратын бір тілек – еліміздің баянды болашағы. Осы елде ұл-қызымыз өсіп, өркен жайып келеміз. Сондықтан Отан­ның мерейі – бәріміздің мерейіміз. Жыл басында бірқатар аймақты су алып, сын сағат туғаны мәлім. Елдігіміз қиын кезеңде сыналады. Батыстағы, солтүстіктегі отандас­тарымыз баспанасынан айырылып, тосын апатқа тап болғанда қарап отыра алмадық. Ауқатты аза­маттарымыз бастап, ел аға­лары қостап, көмек көрсетуге асықты. Ақсақалдарымыз, зия­лыларымыз осы іске бастамашы болды. Бірлігімізді осындай қысылтаяң сәтте көрсетпесек, қашан көрсетеміз. Президентіміз алға қойып отырған «Бір халық, бір ел», «Адал азамат» тұжы­рымдамасындағы бастамалар – біздің бірлігімізді арттыратын ұстанымдар. Жастарымызды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке баулуға, олардың рухани тәрбие­сін өрістетуге бағытталған жұ­мыстарға көңіл бөлу маңызды. Тәуел­сіздік күні өткенге көз жі­беріп, тарихтан сабақ алатын, өсіп келе жатқан ұрпақты ізгілікке бағыттауға серпін беретін бірегей күн», дейді Қазақстан ұйғырлары этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.

«Барбанг» күрдтер қауым­дастығының мүшесі Мурад Смайлов Тәуелсіздік күні барша этнос өкілдері асыға күтетін мереке екенін айтады. Оның пікірінше, еліміздегі этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың жаңа тетіктерін дамыту, этносаралық өзара іс-қимыл арналары мен алаңдарын кеңейту, қазақ халқының Қазақстан халқы бірлігінің тарихи, саяси және мәдени өзегі ретіндегі инте­грациялық рөлін нығайтуда үлкен жұмыс атқарып отыр.

 

АЛМАТЫ