Желтоқсан көтерілісін басып-жаныштау кезінде «ерлік пен құрметке бөленгендер» жетіп артылады. «Ерліктің» ең үлкені Қызыл Жұлдыз орденіне ие болыпты.
Ондай марапатқа ие болғандар саны – бесеу. Олар Отан алдындағы «парыздарын» ойдағыдай атқарыпты. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен – 6, «Үздік еңбегі үшін» медалімен – 5, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалімен – 160 қызметкер және 28 халық жасақшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінін Құрмет грамотасымен — 30 қызметкер және 15 жасақшы, «ІІМ-дегі үздік қызметі үшін» белгішесімен – 217 қызметкер, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен 113 қызметкер және 30 халық жасақшысы, кезектен тыс шенге (КСРО ІІМ бұйрығы) 24 қызметкер ие болып, КСРО ІІМ бұйрығымен ақшалай сыйлықпен – 53 қызметкер, Қазақ ССР ІІМ бұйрығымен ақшалай сыйлықпен 561 қызметкер марапатталған. Бірақ осы мыңдаған адамның бірде-біреуі «осы марапатқа лайық емеспін» деп жар салған емес-ті. Бәлкім, дәл сол мезгілде тоталитарлық жүйеге қарсы шығу ауыр болған шығар. Бірақ уақыт өте айтуға болатын жайт еді ғой бұл...
Арылуға шақырған алғашқы үн 1990 жылы қазанда естілді. Оны да басқа емес, қырғыз бауырымыз Талайбек Ылаев өзіне берілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау қағазына «Мен мына бұйымды өздеріңе қайтарамын. Себебі ол менің үйімде сақтайтындай құнды емес. Мен өзімді фашист, мәңгүрт сезінгім келмейді» деп қайтарыпты. Арылуды бастап берген Талайбек бауырымызға рахмет. Әйтеуір осыдан кейін сең қозғалғандай болды. Сөйтіп 1 Қызыл Жұлдыз ордені кері қайтарылды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалінен – 1, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалінен – 23, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасынан – 2, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің грамотасынан 10-ы тиісті жеріне қайтарылып берілді. Алайда, мыңдаған адамның санаулысы болса да өздерінің «ерлігінің» шынайы еместігін кеш те болса сезінген тәрізді. Ал қалғандары күні бүгінге дейін өздерінің әділеттілікті, қоғамдық тәртіпті сақтағандардың сардарлары санатында санайтын тәрізді...
Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды соққыға жыққандар, қуғын-сүргінге ұшыратқандар, жазықсыз соттағандар халықтан кешірім сұрап, күнәсінен қашан арылады екен?
Ғабизат Жәдігер