Ақмола өңірінің туризмге қолайлы аудандары көп. Оған елді мекендерді дамытуға жауапты министрлік, жергілікті әкімдікпен қоса тұрғындар да мүдделі. Себебі туризм дамыса, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы арта түсетінін жұрт жақсы біледі. Тек табиғаттың үйіп-төгіп берген байлығын бағалап, қызғыштай қорып, қадірлеп, тиімді пайдалана білу керек.
Осыны елеп-ескерген жергілікті әкімдік Ақмоланың аудандарында тұрақты туризмді дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Халықаралық туристік ұйымдар, сарапшылар да туризмнің дәл осы бағытын дамытып табысқа кенелуге болатынын айтады. Оған әрине, көрікті, тарихи орындарға төте апаратын инфрақұрылым, жайлы жатын орын, қауіпсіз орта, содан соң жарнама қажет. Осының барлығын үйлестірер кезде, тұрақты туризмнің талабына сай, саяхаттың қоршаған ортаға, мәдениет орындарына, дестинацияларға залалы тимейтініне көз жеткізген дұрыс.
Туризмнің байыпты бір бағыты – жергілікті халық кие тұтқан елді мекендерді аралау. Дарқан даламызда көнеден қалған әулиелі жерлер, жәдігерлер көп. Сол мекендерге байланысты аңыз-әңгіме, жыр-дастан да жетерлік. Көпшілік біле бермеуі мүмкін, бір Көкшетаудың өзі тарихи мұраларға соншалықты бай. Бірақ археологиялық нүктелері әзірге баршаға есігін айқара ашқан жоқ. Сәті түскенде олар да көптің игілігіне ұсынылады. Ақмола облысының туризм саласындағы артықшылығы, басым бағыттары туралы облыс әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов:
– Ақмола – көлемі жағынан елдегі ірі облыстардың бірі. Аймақта тартымды туристік бағыттар баршылық. Мысалы, «Қорғалжын қорығы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Қорыққа күлгін фламингоны тамашалауға баратындар саны өте көп. Қорғалжын ауданы жағынан елдегі ірі қорықтардың қатарында. Қазір парк жан-жақты дамып, көркейіп келеді. Мемлекеттік маңызы бар жобалар іске асып жатыр. Тағы бір айта кетер жайт, біз өңірдегі қай өлкені дамытсақ та, ондағы табиғат байлығын, салт-дәстүрін, тарихи мұрасын сақтап қалуды қаперде ұстаймыз. Сол орайда парктерде электромобильдерді қолдану мәселесін ойластырып жатырмыз. Бурабайда 5, 4 жұлдызды қонақүйлер бар. Ұзын саны 3000 жатын орны қарастырылған. Ұлттық парк аумағында 30 экскурсиялық маршрут белгіленген. Оның ішінде тауға шығу, атпен серуендеу, жаяу серуендеу болып жалғаса береді, – дейді.
Көкшетаудан бөлек, облыстағы Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ерейментау, Ақкөл аудандарының таңғажайып табиғатын жұртшылық талмай тамашалап келеді. Дегенмен бүгінде туристерді тек табиғаты көркем өлкелермен ғана қызықтыру қиын. Сондықтан өңірмен тікелей байланысты тарихи орындарды, құнды деректерді дұрыс насихаттап, ұсына білу қажет. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен негізгі туризм аймақтарын дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Арнайы жоба әзірленген. Бюджеттен қаржы қаралады. Мұның барлығы туризм саласын, соған қатысты инфрақұрылымды, логистиканы жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Ақмола облысын тұтас алар болсақ, туризмнің басқа да бағыттарын жандандыруға мүмкіндік бар. Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанда, қала маңындағы кейбір ауылдарға бірнеше күнге барып, демалуға болады. Отбасылық демалысқа қолайлы орындар жеткілікті. Қысқасы, туристерге көркімен де, тарихымен де тартымды жерлер аз емес.