Тарих танымында
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың облыс тұрғындарына жаңа 2024 жылға құттықтауы «Ақтөбе» газетінің 21 446-нөміріне шыққанда оқырмандардың көзіне мына жолдар да түскені даусыз: «Қол жеткізілген оң нәтижелерге әрбір ақтөбеліктің қосқан үлесі зор». Әкім бір жылды айтса, пікірді одан әрі дамытып «бір ғасырда қол жеткізілген оң нәтижелерге «Ақтөбе» газетінің, оның бірнеше жүздеген журналисі мен қызметкерінің қосқан үлесі зор» деу керек. Бұл – жай сөз ойнату емес, басылымның әр онжылдықтағы нөмірлерін парақтай отырып жасалған тұжырым.
«Ақтөбе» газетінің 100 жылдық жолында алдымен байқалатыны – аймақтың тынысы тайға таңба басқандай болып басылым бетінде сақталғаны. Әр-беріден соң бір аймақтың емес, байтақ қазақ даласының ғасыр бойына бастан кешкені газет парақтарына көшкен екен.
1924 жылы қазақ еліне сырттан таңылған жұмысшы-шаруа билігі деген саяси құрылым орныққан соң Ақтөбе губерниялық партия және атқару комитеті 17 наурызда қазақ тілінде губерниялық газет шығару туралы шешім қабылдаған. Өкімет өндірісте – жұмысшыға, ауылда – кедейге арқа сүйейтінін танытқандықтан газет «Кедей» деп аталды. Ол кезде Ақтөбе қуатты өндіріс қалыптаспаған өңір еді.
20-жылдардың басында «кедей» сөзі сәнге айналып, бақандай төрт басылымның атауына айналған. Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетінде 1923 жылдан «Кедей айнасы» атты журнал шыққан. «Кедей сөзі» газеті 1920 жылдан Сібір облысына қарасты Ақмола губерниялық бюросының органы болды. Бірақ губерния емес, облыс орталығы Омбы қаласында басылған. «Кедей айнасында» Сәкен Сейфуллин мен Өтебай Тұрманжановтың өлең мен мақалалары, «Кедей сөзінде» Міржақып Дулатұлының мақалалары, сын-сықақтары жарық көрген. Төртінші басылым – «Кедей тілі» Астрахан губерниялық партия комитетінің жанындағы татар-қазақ бюросының органы еді. Ол да басқа «кедейлермен» қатарлас 1924 жылы дүниеге келді.
Сол төрт «Кедейдің» екеуі бір ғасырдан аса әлі шығып тұр. «Кедей сөзі» облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің, «Кедей» облыстық «Ақтөбе» газетінің бастауы болды.
«Кедей» газетінің бірнеше нөмірінде шыққан шағын мақалаларды 100 жылдық той қарсаңында «Ақтөбе медиа» холдингінің басшысы Раукен Отыншиннің тапсырмасымен «Ақтөбе» газеті қайталап жариялап келеді. Бұл орайда журналист, деректанушы Индира Өтемістің еңбегі зор.
Сабақтастық сапарында
Жүз жылдың жетпіс жылында қорғасынға құйылған, бергі ширегінде компьютерлік тәсілде терілген, бірақ қалай болғанда қолға қағаз болып тиіп келе жатқан «Ақтөбе» газетінен алғашқы аңғарылатын – әлбетте, сабақтастық. Арасында кемінде жетпіс-сексен жыл жатқан оқиғалардың газетке жазылуынан соны байқауға болады.
«Кедей» газеті 1928 жылғы 21-нөмірінде «Жем-Байсары болысында биыл су қатты тасыды» деп жазып, «кедейлерге тиген шабындық жерлерді ұйық басып кетті» деп алаңдаушылық білдірген. 1974 жылы «Коммунизм жолы» газетінің қараша айындағы нөмірінде жауын-шашынның көп болуынан Байғанин ауданында қирағалы тұрған шопан үйлері туралы «Үй қашан жөнделеді» деген мақала жарияланған.
Ал 2024 жылы «Ақтөбе» газетінің тілшілері көктем айларынан бастап су басқан ауылдардан шықпады. Жаз айында тасқыннан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтірген құрылыс жұмыстарының қарқынын жазды. Күзде апаттан күйзелген халықтың жаңа үйлерге кіргенінен хабардар етті. Бір ғана мысал: 2024 жылғы 3 қыркүйекте «Қобдадағы қоныс» атты мақалада жаңадан салынған 100 үй тұрғындар игілігіне берілгені жария етілді.
Осы тұста түсіндіре кету үшін қазақ баспасөзінің тарихына оралуға тура келеді. Алпысыншы жылдардың ортасынан Кеңес мемлекетінде «кешікпей коммунизм орнайды» деген саясат белең алды. Сол елеске ергендіктен Қазақстанда бірқатар облыстық газет баяғыда жаппай «кедей» сөзін жалау еткендей, енді маңдайшаларына «коммунизм» сөзін шегеледі. «Коммунизм жолы» Ақтөбеге бұйырса, басқа облыстық газеттер Өскеменде «Коммунизм туы», Целиноградта «Коммунизм нұры», Қостанайда «Коммунизм таңы» аталды. Облыстың газеттері былай қалып, мына «Коммунизм таңы» атауының өзі ондаған аудандық газеттерге таңылды. Оның ішінде Шалқар аудандық газеті де жиырма жылдай осы атпен шыққан.
Облыстық газетке «Кедейден» кейін аз жылға «Алға» атанып, 1932 жылдан «Социалистік жол» атауына ауысуға тура келді. Республиканың бас газетінің өзі «Социалистік Қазақстан» атанған соң, облыстық газеттер атын өзгертпегенде қайтсін.
Экономика ендіктерінде
Облыс экономикасы «Кедейден» бастап «Ақтөбеге» дейінгі аралықта журналистердің жіті назарында тұрды. Бастапқыда бұл ауыл шаруашылығымен айналысқан аймақ болған. Сондықтан оның өткір мәселелері газет бетінен тұрақты көрініс тапқан.
«Түйе малына сақтық керек» деген мақала 1928 жылы шілде айында шыққан. Онда қолдағы малды аурудан сақтау, әсіресе улы «қызыл кендір» шөбі өсетін жерге жолатпау туралы кеңес беріліпті.
Қырқыншы жылдардың басы мен ортасындағы «Социалистік жол» газетінің беттері даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің еңбегіне және оған берілген бағаға арналған. Мұны ардагер журналист Идош Асқаров көп зерттеп, бірнеше мақала жазды. Ол кісіден қалған аңыздан масақ теру ыңғайсыз. Тіпті теретін масақ табу да қиын.
Газет экономика тақырыбын әрі қарай сабақтаған. Алпысыншы жылдар басында «Батыс Қазақстан» газеті химия өндірісі мен ауыл шаруашылығын химияландыру мәселесін әр нөмір сайын көтеріп отырды. Мемлекет билігін қолға ұстаған Никита Хрущевтің саясаты осындай тақырыпты туындатқан.
Заман дауылы бұл кезде Қазақстанды бөлшектеуге ыңғайланған. Республикада бірнеше өлке құрылды. Соған сай жеке-жеке облыстық газеттер біріктірілген. Солтүстікте Тың өлкесінің басылымы болса, Батыс аймақта бұрынғы үш облыстық газет орнына «Батыс Қазақстан» газеті шығарылды. Ол Ақтөбе қаласында басылғандықтан, мұны да бұрынғы «Кедей», «Алға» және «Социалистік жолдың» жалғасы, ал «Коммунизм жолы» мен «Ақтөбе» оның мұрагері деп саналуы керек.
Осы тұста тағы газет шежіресін толықтыра кету керек. Қазақстанда өлке тараған соң облыстық газеттер қалпына келтірілді. «Коммунизм жолы» қайта шығып, Кеңес одағының іргесі шайқалған шақта «Ақтөбе» атанған. Бұл оқиға еліміздің басты мерекесі саналатын 1990 жылғы қазан айындағы Егемендік декларациясымен сәйкес келді.
«Ақтөбе» газеті нөмір сайын экономика тақырыбын қозғап, қаузап жүр. 2024 жылғы 10 желтоқсанда Президент Қ.К.Тоқаевқа Ақтөбе облысындағы экономикалық өсім таныстырылса, сол өсімді беріп отырған кәсіпорындар тынысы облыстық газетте жан-жақты жазылған еді. 24 қыркүйектегі мақалада Премьер-министр Олжас Бектенов облысты «Өндірістік қуаты жоғары өңір»деп бағалап, бірқатар атқарылған іске тоқталады. Үкімет басшысы мысалға келтірген өндіріс орындары мен салаларға бұған дейін газет тілшілері барып, ірі де іргелі мақалалар жариялап үлгерген.
Әлеумет әлемінде
Еліміздің батыс аймағының әлеумет-тік өмірі газетте 100 жыл бойы жазылып келеді. Мұндағы сабақтастыққа да мысал көп.
Білім беруден бастайық. Газет 2024 жылы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хромтау тау-кен техникалық колледжінде болғанын жазып, фотоларын жариялады. Газет тігіндісінен 1964 жылы Ақтөбе қаласындағы мектеп-интернатта оқитын балалардың рентген зауытында және егіс алқаптарында тәжірибе жинайтыны туралы фоторепортажды көруге болады.
2024 жылы республикадағы басқа басылымдар сияқты «Ақтөбе» газеті әйелдерді қорғау тақырыбын қозғады. Басылымда қыз-келіншектер көптеп қызмет істейтін болғандықтан, бұл орайда қаламдары қалғымайтыны түсінікті.
Бағамдасақ, тақырып ежелдің ерте күні, «Кедейдің» кезінен басталған. Газет 1918 жылдың сәуірінде Тұзтөбе болысының екі жерінде әйелдер жиылысы өткенін, оған әйелдер көп келгенін хабарлаған. Сол жылдың шілдесінде басылым «Қоғам жұмысына әйелдер көңілдегідей тартылып, олардың арасында қызмет жүргізілмейді», деп қынжылыс білдірген.
Отызыншы жылдардан бастап әлеуметтік көлеңкеде қалды. Жоғары биліктің саяси қудалау, жеке басқа табыну, тек Жеңіс үшін жұмылдыру, социалистік қоғамда кемшілік болмайды деп ұғындыру саясаты өктемдік құрды. Бүкіл насихат құралдары соған қызмет етті.
Жетпісінші жылдардан бастап әлеуметтік сын мақалалар төбе көрсетті. Бірақ тұтас салалардағы кемшілік емес, жекелеген нысандардың, сол нысанды басқаратын адамдардың жұмысындағы олқылық айтылды.
1974 жылғы 13 июльдегі «Еңсесі түскен дүкен» атты мақалада «Пролетарий» шаруашылығындағы бөлімшенің дүкені жер кепеде орналасқаны сынға алынған. Ал «Құлынның еті тәтті ғой» атты фельетонда Байғанин ауданындағы шаруашылық директорының жымысқы әрекеті жария етілді. «Шайтанға ерген көкек» атты фельетон үш баласына алимент төлемей жүрген жылпосты сын садағына алды.
Газетте ол кезде фельетон жазатын журналистер болған. Кейін қаламгерлер қатарына қосылған Құрал Тоқмұрзиннің бірнеше фельетоны жүр. Оның бірі – «Жуан жұдырық» 1974 жылы 6 июньде шығып, Саралжың шаруашылығында әркімді ұрып жұғатын бөлімше меңгерушісін сынайды.
Республикаға өткір фельетондарымен танымал болған Нүри Мүфтахтың алғашқы еңбектері «Батыс Қазақстан» газетінің бетінде тұр. Өкініштісі – бұл жанрдың бергі отыз жылда Аралдың суы сияқты баспасөз бетінен тартылып қалғаны.
Таразының теңдігінде
Өзекті тақырыптың бірі – дін. «Кедей» мен «Алғаның» беттерінде дін иелері әжуаланды. Қырқыншы жылдары дін қоғамнан толық ысырылғандықтан тақырып толас тапты. Газет «Ақтөбе» атанған соң бұрынғыға керісінше дін туралы оң қабақпен жазылған мақалалар пайда болды.
ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында ислам діні өз аясынан шығып, қазақтың дәстүрлі ұстанымынан ауытқып бара жатты. Соңы бірнеше өңірдегі, оның ішіндегі Ақтөбе облысындағы ланкестік оқиғаларға ұрындырды.
Облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев республиканың Бас прокуратурасымен бірлесе отырып ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2016–2017 жылдары облыстық газеттен осы туралы мақалаларды оқуға болады.
Бір мысал: «Әлеумет» айдарымен 2016 жылғы 18 сәуірде «ДАИШ тұзағы немесе соқыр сенімнің салдары» атты мақала шықты. Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде аймақта тыныштық орнады, береке қайта оралды.
Дін тақырыбы әлі де өзекті. «Ақтөбе» газеті байыпты, негізді пікірлерге ғана орын беріп келеді. 2024 жылы 11 қазандағы нөмірде жарық көрген облыстың бас имамы Амантай Сәдиевтің «Мешіт атақ үшін салынбауы керек» деген мақаласы – осының дәлелі.
Әлеуметті тіл, нақтылап айтқанда қазақ тілінің жағдайы қатты алаңдатады. «Ақтөбе» одан ешқашан шет қалмаған. «Коммунизм жолы» атымен шығып тұрғанда «Сөз мәдениеті – өз мәдениетің» атты тұрақты айдары болған. Айдар аясында жарық көрген, «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген тақырып қойылған мақала ақтөбеліктердің қазақ тілінде қаншалық жағымды және жағымсыз сөйлейтінін талдайды. Осы ретте мақаладан үзінді оқуға тура келеді: «Ақтөбеде бір плакатта жазылған сөздерді оқып, қайран қалдым. Есіне келіп қандай адам жаздырды екен. Бізге керегі осындай қарапайым да жылы сөз ғой. Әлгі плакатта былай деп жазылған: «Адал еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз» Небәрі осы».
Бұл – сонау 1974 жылғы мақала. Осы мақалада автор жағымсыз мысал ретінде келтірген сөздерінің өзін ақтөбеліктер енді аңсайтын шығар-ау.
100 жылдық мерекесі қарсаңында «Ақтөбе» газеті «Ауыл аманаты – бабалар аманаты» атты экспедиция ұйымдастырды. Газет қызметкерлері бірқатар облыстық мекеменің мамандарын ерте отырып 50-ден аса елді мекенде болды. Қызғылықты кейіпкерлер, тартымды тақырыптар тапты. Оны қайталау артық, әркім газеттен, газет сайтынан оқи алады.
Мұндай экспедиция ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан болған және газет бетінен көрініс тапқан. Валентина Терешкова ғарышқа ұшып-қайтқан соң оның «Шағала» вымпелін оқушыларға көрсету үшін Одақ қалалары арқылы алып өткен. Қазақстанда бұл экспедиция Алматыдан кейін Ақтөбе қаласына келген. Бұл туралы 1964 жылы «Батыс Қазақстан» газетінің төртінші бетіне шыққан репортажды кейін үлкен жазушыға айналған Қоғабай Сәрсекеев жазыпты.
Сыртқы саясатқа газет бетінен үнемі орын берілген. Тәуелсіздікке дейін басқа елдердің жағдайын Кеңес Одағы телеграф агенттігінің материалдарын аударып беру, онда да аударманы Алматыдағы Қазақ телеграф агенттігінен алу арқылы жеткізген басылым 1990 жылдардың басынан, төл материалдарын жариялауға көшті. Бұл орайда республика оқырмандары ақын ретінде танитын Ертай Ашықбаев басқа қырынан жарқ етті. Автордың 2004 жылғы 14 қазандағы «Аум және Асахара», оның алдындағы «Сценарий бойынша» атты саяси талдаулары – отандық қазақ тілді сарапшыларға арман болғандай.
«Сценарий бойынша» атты мақаласында «Украинаның территориясы екі оттың ортасында тұр. Батысы – Еуропа Одағы, шығысы – Ресей» деп жазады Ертай. Арада жиырма жыл өткенде екі оттан орасан зор соғыс өрті шыққаны әлемге мәлім. Осыдан кейін «Ақтөбе» газетінің журналистерін кім қаражаяу деп айта алсын?!
Тұлғаларды қайта танытудағы еңбек және ересен. Ақтөбе ғылымының алыбы Құдайберген Жұбановтың аты қаншама жыл аталмады. Олқылық орнын толтырған Данабике Байқадамқызының «Аруағыңа бас иемін, аға» атты ерекше естелігі 1994 жылы желтоқсан айында жарияланды. Ғалымның өзі 1936 жылы жазған тіл мен тарих деректері жайындағы мақала газеттің бір беті арқылы қайтадан оқырман қолына жетті.
Тәуелсіздіктен соң тарихи ақтаңдақтар ақиқатын ашуға басылым белсене кіріскен. Алғашқы жоғары оқу орындарында қазақ тілінен дәріс оқыған, оған қоса жерге орналастыру жайынан зерттеулер жазған саяси қуғын-сүргін құрбаны шалқарлық Телжан Шонановтың атын халқымен қайта қауыштырған – «Ақтөбе» газеті. Ғылым докторы, 1969 жылы Ақтөбе қаласының 100 жылдық тойына республика астанасының делегациясын бастап келген Ишанбай Қарағұловтың атын ардақтау мәселесін газет тоқсаныншы жылдар басында көтерді.
Әділдік үшін айту керек шығар, жекелеген тарихи тұлғалар туралы мақала «Коммунизм жолы» кезінде-ақ шығып тұрды. 1974 жылғы «Сейітқұл қорғанының сыры» соған дәлел. Ал 1964 жылы «Батыс Қазақстан» газеті бір бет етіп ақын Мәриям Хакімжанованың батыр қыз Мәншүк Мәметова туралы өлеңмен жазылған сценариін жариялады.
Тарихи тақырыпта таразы басы тең болғаны қажет. Бұл теңдікті басылым барынша сақтап келеді.
Өнер өрісінде
«Кедейден» «Ақтөбе» аралығында газетте жарияланған өнер тақырыбындағы мақалалар мен өлең, әңгімелерді санап тауысу мүмкін емес. Мәдениет пен әдебиетке орын беруден бұл басылым республика бойынша даусыз алдыңғы қатарда келеді.
Ақтөбе қаласындағы поштаны басқарған, байланыс қызметкері болса да әдебиеттен ойып орын алған Кәрім Айнабековтің өлеңдері газет арқылы жұртшылыққа жетті. «Коммунизм жолында» екі аптада бір шығатын «Әдебиет пен өнер» атты тұрақты бет болды. 1974 жылғы 19 октябрьде осы беттен ақтөбеліктер Тобық Жармағанбетовтің «Менің достарым» әңгімесі мен Бәкір Тәжібаевтың «Ойыл туралы ода» өлеңін оқыған.
Облыстан шығып Алматыны мекен еткен жерлестерін газет әсте ұмытпағанына Қуандық Шаңғытбаев өлеңдерінің топтамасын жариялағаны дәлел болады. Тағы бір ақтөбелік тамаша ақын Сағи Жиенбаевтың да бірнеше топтама жырлары «Коммунизм жолында» жарық көрген.
Газеттегі әдебиет көрінісі туралы айтқанда аймақ қаламгерлерінің ұйытқысы Мұхтар Құрманалиннің 1974 жылы 29 ноябрьде жарияланған «Мәртебелі міндет» мақаласын айналып өтуге болмайды. Онда былай жазылған: «Облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакциясы жанындағы әдеби бірлестік жас талапкерлердің тырнақалды туындыларын талқыға салып, ақыл-кеңес алар орталыққа айнала бастағаны да сүйсінерлік. Жалпы, облыстық газет жергілікті жерлерде тұратын өз авторларының – жас әдеби күштердің балауса шығармаларына кең орын».
Арада тура елу жыл өткенде дәл осылай деуге болады. «Ақтөбе» газеті мектеп оқушыларының тырнақалды өлеңдерін толассыз жариялайды. Сабақтастық деген – осы.
«Берекелі күз келсе,
Көркем қала аумағы.
Айналаны жайнатар
Алтын теңге жауғаны», –
деген өлеңі 2024 жылы газетке шыққан 4-сынып оқушысы Мансұр Санақ болашақта Қуандық, Сағи, Өтежан аталары сияқты арқалы ақын болар. Мәселе тұсауды кім кескенінде. Мансұрдың тұсауын «Ақтөбе» газеті кесіп отыр ғой.
Газет басқа кімдердің тұсауын кескенін көру керек. 1964 жылы февраль айының соңғы күнгі нөміріне студенттің «Құрылысшы құрбыға» сықағы мен Темір өндірістік басқармасындағы жұмысшының «Жапырағын жая берсін тіршілік» деген өлеңі шықты. Олар кейін атақты сатирик пен айтулы ақын боларын бір сезсе, балаң туындылардың жарияға жолын ашқан редакция қызметкері сезген шығар. Осылай «Батыс Қазақстан» газеті арқылы әдебиетте тұсауы кесілгендер – Үмбетбай Уайдин мен Есенбай Дүйсенбаев еді!
Өлеңді қойып, өнердегі тұсаукесерге келсек, 1974 жылы 13 июльде «Коммунизм жолы» газеті Ақтөбе музыка училищесінің домбырашылар бөлімінде оқитын бозбаланың сахнаға алғаш шыққан фотосын жариялады. Ол кейін елге кең танымал музыка маманы, өзі жүздеген домбырашыларды оқытқан Абдулхамит Райымбергенов еді.
1964 жылы шыққан фоторепортаж да басылым тарихының төрінде тұруы керек-ау. Газеттің Москва қаласындағы штаттан тыс тілшісі Бақыш Жұманов қазақ студенттерінің ансамблі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне концерт беріп, шетелдік жастарды таң-тамаша еткені жазылған. «Әуесқойлар ансамблі» деп тақырып қойылған репортаждың бірер сөйлемін келтіру – парыз. «Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің студенті Мұрат Әуезов қазақ жастарының ансамблін құруға белсене кірісті. Бұл талпынысқа көптеген жас ықыласпен қатысып, аз мерзім ішінде қазақ жігіттері мен қыздарынан «Жас тұлпар» деп аталған студенттер ансамблі құрылды». Ішінен Мұрат Әуезовтен басқа да Болатхан Тайжан, Сәбетқазы Ақатай, Мақаш Тәтімов, тағы басқа айтулы қайраткерлер шығатын «Жас тұлпар» ұйымы жайында қазақ қауымын алғаш хабардар еткен осы басылым болар!
Қазақ графикасы саласында зор із қалдырған ақтөбелік Әнуар Өтегенов еді. Кейінгі жылдары суретші Өтеген-Тана деген сойымен өнер тарихында тұрды. Әнуардың алғашқы графикасын жариялап, жолын ашқан әдеттегідей осы газет! «Алғашқы адым» атты тақырыппен сонау 1964 жылы жас Әнуардың «Жаз» және «Ойыл» деген гравюраларының фотокөшірмесін басты. Кейін Әнуар Өтеген-Тана әлемдік графикалық көрмелерге қатысқан белгілі өнер тұлғасына айналды.
Не керек, «Ақтөбе» газетінің шежіресінде өнердегі өрісі осында ашылып, тұсауы кесілген таланттар көп. Бәрін түгендеу үшін кітап жазылуы керек-ау.
Бүгінгінің белесінде
Ағалар мен аталардан қалған уақыттан оза шауып, алда жүру үрдісін «Ақтөбе» газеті әлі жалғастырып келе жатқаны сүйсінтеді. Оған да мысал жеткілікті.
2023 жылы таным таппайтын журналист Индира Өтеміс шалқарлық мұғалім әрі садақшы Сәндігүл Әленова жайында мақала жазды. Онда кейіпкердің жаң тартуға қалай қызыққаны, кейін ат үстінен жебе атуға жетілгені жан-жақты баяндалған.
Арада бір жыл өткенде Астана қаласында өткен көшпелілердің кезекті Дүниежүзілік ойыны барысында қаншама мемлекеттің көрермені ат үстінен садақ ату өнеріне тәнті болды. Сәндігүл «Қазақстан» телеарнасындағы «Мергендер мекені» бағдарламасына қатысты әрі жүлдегер болып Шалқарына оралды. Басылымның заман көшінен бірнеше қадам алда жүргеніне оқырмандар осылай куә болды.
Және бір мысал. Қазақ тілді ақпарат әлемінде не көп, сайт көп. Ал осы көшті бастаған кім, әрі ол жайында алғаш жазған басылым қайсы? «Алғашқы қазақша сайтты ақтөбелік жігіт ашты» деп жаңалықты жеткізген «Ақтөбе» газеті ғой. Тіпті республикалық «Айқын» газеті Аршат Оразды оқырмандарына арада бірнеше жыл өткенде таныстырды. Республикадағы облыстық газеттер арасында алғашқы болып «Ақтөбеде» сайт пайда болып, интернет кеңістігіне еркін шықса, ол басылым мен оның кейіпкері Аршаттың арасындағы байланыстың одан әрі тереңдегеніне мысал ғана.
Бір ғасыр бойы уақыт керуеніне ілесу емес, оның басында жүрген, әрқашан сабақтастық салтын сақтаған «Ақтөбе» газетіне алда да толайым табыстар тілеу керек.
Қайнар ОЛЖАЙ