Еліміз табиғи байлыққа жататын пайдалы қазбалар қоры жөнінен әлемде алғашқы ондықта. Алайда мамандар кен орындары жыл санап жұтап келеді дегенді айтып жүр. Әсіресе экономикалық тұрғыда маңызы алабөтен мұнай мен газ өнімдерінің сарқылатын уақыты таяп келе жатқандай.
2040 жылға қарай ірі кен орындарын қоспағанда, басқа кен орындарында да мұнай өндіру көлемі төмендейтіні күтіледі. Қазіргі күні мұнай қорын толықтыруда «ҚазМұнайГаз» АҚ Қытайдың CNPC компаниясымен бірлесіп Қызылорда облысында бұрғылау жұмысына кіріскен. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, өндіріс көлемі төмендеуінің басты себебі – ірі кен орындарында күрделі жөндеудің жүргізілуі. Теңіздегі «Болашақ» кеңейту жобасының іске қосылуы үшін жалпы ұзақтығы 50 күн, Қашағанда 30 күн слаг-кэтчер ауыстырылыпты. Қарашығанақ кен орнындағы жұмыстың жоспардан тыс тоқтауы да өндіріс қарқынын баяулатты. Мемлекет алдағы уақытта өндіріс деңгейін құлдыратпау мақсатында бірқатар шараны қолға алуды жоспарлайды.
2026 жылдан бастап ірі жобаларды іске асыру есебінен мұнай өндірудің жыл сайынғы көрсеткіші 100 млн тоннадан асады деп болжанады. Қашағанда қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысы 2026 жылдан бастап мұнай өндіруді 1 млн тоннаға ұлғайтуға тиіс. Бұдан өзге 2029 жылы қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын ГӨЗ салу есебінен мұнай өндіру деңгейі 2 млн тоннаға ұлғаяды деген ақпар бар. Министрдің айтуынша, жалпы алғанда, үш ірі жобада мұнай өндіру республика бойынша барлық мұнай өндірудің 70%-ын құрап, оған шамамен 17 млрд доллар инвестиция салынады. Сондай-ақ жер қойнауының болашағы бар учаскелері бойынша геологиялық барлауға 2030 жылға дейін 5 млрд доллар инвестиция құйылып, бұл 2040 жылға қарай 11 млн тонна мұнай өндіруді қамтамасыз етуі керек. Жалпы алғанда, мұнай өндіруге салынған инвестициялар 2030 жылға қарай ірі кен орындарында шамамен 21 млрд долларға жетеді деген дерек бар.
Мамандар аталған жұмысты атқарға барлау жұмыстары барысында 3D модель мен IT технологияларды қолдану қажеттігін айтады. Өйткені бұрынғыдай өздігінен атқылап шығып жатқан шикізаттың жоқтығы ескерілуге тиіс. Бүгінде мұнай-газ кен орындарының көбінде парафині жоғары, «ауыр» мұнай өндіріліп жатыр. Энергоресурстарға деген сұраныс артып отырған уақытта күрделі алынатын қорлары бар кен орындарын пайдалану керек. Ол үшін барынша тиімді технологияларды өндіріске енгізу маңызды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Үкіметтің қолдауымен «Еуразия» жобасы қолға алынып, терең қабаттарды зерттеудің бірінші кезеңі іске қосылған еді. Бүгінде аукционнан алынған жерлер жаңа геофизикалық тəсіл арқылы зерттеліп жатыр. Мамандар терең қабаттардағы мұнайға жүргізілген материалдарды сараптай отырып, мұнай көздері жеткілікті екенін айтады.
Мұнай өндіретін кен орнының бірі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кейінгі 9 айда 6,6 трлн теңге табыс тапқан. Есепті кезеңде тасымалдау және сатудағы шығыстар 203 млрд теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 15,1%-ға жоғары болған. Өсім Каспий құбыр консорциумы бағытында «Ембімұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның көмірсутек шикізатын экспортқа өткізу көлемінің жоғарылауы, сондай-ақ тасымалдау тарифтерінің көбеюі есебінен қалыптасқан.
«Теңізшевройл» да жетекші халықаралық компания ретінде еліміздің жалпы экономикалық дамуына табысты үлес қосып, бүгінде 70 млрд доллар көлемінде инвестиция құйғанын мәлімдеді. Жақын болашақта мұндағы өндіріс көлемі тағы да 12 млн тоннаға артуы мүмкін. Осымен бір уақытта геологиялық барлауды да табысты жүргізу өте қажетті шара болып отыр. Себебі шикізаты сарқылған қордың орнын басқа кен көзімен дер кезінде алмастырмаса экспортқа бағытталатын өнім көлемі күрт азаймақ. Мұндай қиындықтың туындауы бюджет кірісін негізінен мұнай арқылы қалыптастырып отырған елге оңай тимейді. Мамандар геологиялық зерттеулерді кешіктірмей бастаса, пайдалы қазбаны тауып, оны өндіруге 10-15 жыл кететінін айтады.
Мамандар сөзінше, елімізде геологиялық барлаудың бір шаршы шақырымына салынатын мемлекеттік инвестиция көрсеткіші өте төмен. Ол бізде 11 доллар болса, Аустралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Қазір елімізде 8 мыңнан астам кен орны бар. Кейбір есептерде оның негізгі қоры әлі 30-40 жылға жетуі мүмкін делінеді. Бірақ экономикалық тұрғыдан бұл ұзақ мерзім емес. Сондықтан мұнайдан тыс секторды дамытудың маңызы зор.