Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқанын, 2025 жылға арналған бюджет 2,2 трлн теңгеге өскенін мәлім етті. Бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда екі есе көп. Әкімнің айтуынша, қалалық бюджеттің кірісі 21,2%-ға артып, 2024 жылдың 11 айында 1,7 трлн теңгені құрады.
2022 жылғы қыркүйекте қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаты – Алматыны тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру.
«Биыл Алматыда 2023 жылғы рекордтық экономикалық өсім ескеріліп, экономикалық дамудың жоғары қарқыны 9,7% деңгейінде сақталып отыр. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 6,6%-ға дейін жеделдеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасының өсуі 5,5% деңгейінде болады, 2025 жылы өсім 6,4%-ға дейін артады», деді Е.Досаев.
Е.Досаевтың айтуынша, мегаполис шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту жөнінен елімізде көш бастап тұр. Биылғы 11 айда негізгі капиталға 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың неғұрлым өсуі мынадай салаларда байқалады:
Өңдеу өнеркәсібі: өсім 2 есе, үлесі – 6,8%; Білім: + 61,1%, үлесі – 5,3%; Электрмен, жылумен жабдықтау: + 54,7%, үлесі – 3,8%; Көлік: + 32,5%, үлесі – 15,6%; Денсаулық сақтау: + 26,3%, үлесі – 4,3%; Сумен жабдықтау, су бұру: + 21%, үлесі – 2,0%.2024 жылы 2 трлн теңге инвестиция тарту, 2025 жылы бұл соманы 2,3 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Брифингте қала әкімі Ерболат Досаев атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Бұл мәселе әкімдіктің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда ластаушы заттар шығарындыларының 60%-ы автокөліктерге тиесілі. Біздің жұмысымыз қала тұрғындарын қоғамдық көлікке көшуге ынталандыруға, оның тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы шаралардың нәтижесінде 2024 жылы қоғамдық көліктердегі сапарлар рекордтық деңгейге жетті, өсім 33%-ды құрады. 2024 жылы экологияландыру мақсатында 770 газ автобусы сатып алынды, оның ішінде 170-і – жеке автопарктер, 115 электробус, оның ішінде 15-і – жекеменшік автобустар. Соның арқасында автобустардың орташа қызмет ету мерзімі 6 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарды. 112 троллейбус сатып алу троллейбус паркін 100% жаңартуға мүмкіндік берді», деді Алматы әкімі.
Қоғамдық көліктердегі жолаушылар ағыны 33%-ға артып, күніне 1,6 млн транзакцияға жеткен. Келесі жылы 800 газбен жүретін автобус сатып алынады. Оның 200-і – жекеменшік, 260-ы – электр автобусы, оның 60-ы – жеке тасымалдаушылар, бұл орташа пайдалану мерзімін 2 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. «Қала Алматы агломерациясының орталығы ретінде тығыз көлік байланысын қамтамасыз етуге аса мүдделі. Осы жылы 20 жаңа қала маңындағы маршруттарды ұйымдастырдық. 2025 жылы қоғамдық көлік үшін жаңа тарифтік мәзір, «Bus/km» қағидатына көшумен субсидиялаудың жаңа қағидаларын енгізу жоспарланып отыр», деді Е.Досаев.
Алматы экономикасының басты драйвері – шағын және орта бизнес. «Қазір бұл салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 85 пайыздан астамы немесе 942 мыңға жуық қала тұрғыны жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті қолдау, дамыту мақсатында биыл бюджеттен 1,8 мың жаңа жобаны қолдауға 53 млрд теңге бөлінді, келесі жылға 71 млрд теңге жоспарланған. Бұл тағы 2 мың жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосқан үлесін 2024 жылғы 60%-дан 2030 жылға қарай 75%-ға дейін арттыру», деді әкім.
2022–2024 жылдары қала тұрғындарының өтінішімен 39,1 млрд теңгенің 938 жобасы жүзеге асырылды. Жобалардың барлығы «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. «Біз осы жобаларды жүзеге асыруға жыл сайынғы лимитті 17 млрд теңге деңгейінде белгіледік. Сондай-ақ алғаш рет бұрын іске асырылған жобаларын ұстауға әр ауданға 200 млн теңге бөлінеді», деді Е.Досаев.
2022 жылдан бастап «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасын қаржыландыру 2,6 есе, берілген жобалар саны 5,7 есе артқан. Биыл «Халықтық қатысу бюджеті» аясында аудан әкімдіктері 364 жобаны жүзеге асырды. Келесі жылы Алматыны абаттандыру бойынша 17 млрд теңгенің 300-ден аса жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Жобалардың басым бөлігі Алатау (50), Алмалы (45) аудандарында атқарылады.
Қаладағы орталық стадион 21 мың адамға арналған. Жаңғыртылған соң ондағы орындар саны шамамен 10 мыңға артып, 32,5 мыңға жетеді. Әкімнің айтуынша, 1958 жылы салынған стадион барлық стандартқа сай, еуропалық деңгейде де, әлемдік деңгейде де түрлі кубоктарды өткізуге болатындай етіп жаңғыртылады. Сонымен қатар әкім құрылыс жүргізілуіне байланысты стадионның жабылатынын айтты. Стадионды жаңғырту жұмыстары алдағы жылдан басталады. Өйткені 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, мердігерлерге қойылатын талап қатаңдатылады. Жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар дайын тұр.
Алматы метросына қатысты сұрақтарға жауап берген әкім метро желісін екі бағытта созу мақсатында тиісті шаралар қарастырылып жатқанын мәлімдеді. «Атап айтқанда, Қалқаман мен Барлық стансаларына, шығыс бағытта әуежайға дейін метро желісін ұзартуды көздеп отырмыз. Бірінші бағыттың жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды, «Жібек жолы» стансасынан әуежайға дейінгі қашықтық 14 шақырымды құрайды. Сонда жалпы 19,5 км метро желісін салуымыз керек. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға кететін қаражатты қарызға алу үшін шетелдік кредиторлармен, халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», деді әкім.
Е.Досаев жобаларды жүзеге асырудағы ағымдағы қиындықтарды еске салды. Мысалы, «Сарыарқа», «Бауыржан Момышұлы» метро стансаларының құрылысы 3,5 жылдан 7 жылға дейін созылды. «Қалқаман» стансасына қатысты (1,9 км) жұмыстар 2020 жылдан бастап жүргізіліп келеді, 2026 жылы аяқталады. Әкім сонымен бірге технологиялық тұрғыда метро салуға септесетін елдерден қарыз алуға басымдық берілуі мүмкін екенін де айтты. Қазірдің өзінде IFC, ЕҚДБ, АДБ, Қытайдың Exim банкі, Азия қайта құру және даму банкі сияқты барлық халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда несие беруші әлі шешілмеген. «Біз ұсынылып отырған ең жақсы шарттарды таңдаймыз. Алдын ала мақұлданған қарыз сомасы – 1 млрд долларға дейін. Мүмкін біз әдеттегідей қаржылық донорлармен консорциум жасауымыз мүмкін. Егер олар келіссе, тәуекелдерді бөлісіп, бізге қолайлы жағдайлар ұсына алады», деді Е.Досаев.
Алматы метросын салуға қанша қаржы кететіні 2025 жылдың наурыз айына дейін анықталады. Қажетті ақпарат Алматы әкімдігінің, Қаржы министрлігінің ресми сайттарында жарияланады.
Қала билігіне айтылар сынның басым көпшілігі бір жылға жетпей қурап қалатын көшеттерге байланысты. Алматы әкімі қаланы бақ-қалаға айналдыру жоспарда бар екенін атап өтті. Биыл осы бастама аясында 643 мыңға жуық көшет отырғызылды, бірақ ең бастысы – жасыл желектерді отырғызу, күту отырғызу ережелеріне өзгерістер енгізу керек. Негізгі жаңалықтардың бірі – көшеттердің көлеміне қойылатын талаптар. Енді қалада кішкентай ағаштар отырғызылмайды. Көшеттердің ең төменгі биіктігі 2-2,5 метрді құрауға тиіс. 2025 жылы қала биіктігі 4-тен 6 метрге дейінгі ірі өлшемді ағаштарды отырғызу тәжірибесін бастауды жоспарлап отыр. Бұл өсімдіктердің барынша жоғары өмір сүруін қамтамасыз етуі, жайлы қалалық ортаны құруды жеделдетуі керек. Сондай-ақ суаруға қойылатын талаптар да өзгерді. Енді ағаш отырғызу кезінде міндетті түрде автосуару немесе тамшылатып суару болуға тиіс. Кейінгі екі жылда Алматыда 500 км-ге жуық суару желісі салынды. 2025 жылы тағы 290 км салу жоспарланып отыр. Бұл қоғамдық аймақтардағы ағаштарды тұрақты суаруды қамтамасыз етуге, олардың өмір сүруін арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы қаласында жасыл желектерді қорғау, күту қағидаларымен суару жүйесін міндетті түрде жүргізу жөніндегі норма енгізілді. 2 жыл ішінде 500 шақырым автоматтандырылған суару, тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 шақырым осындай желілер орнатылады (сомасы 4,1 млрд теңге).
Алматы әкімі брифинг соңында әкім ретінде де, азамат ретінде де қала тұрғындарының кез келген ауданда өзін жайлы сезінуі үшін қолжетімді мүмкіндіктердің бәрін жұмылдыратынын айтты.