Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында белгілі ақын, манасшы, драматург Баянғали Әлімжановқа арналған «Мыңжылдықтар жыршысы» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Тал бойына тоқсан өнерді тоғыстырған Баянғали Әлімжанов та дәуіріміздің ерекше құбылысы.
Салтанатты іс-шараның алғашқы құттықтау сөзін алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы жеткізді. Баянғали Әлімжановтың драматургия мен балалар әдебиетіне қосқан үлесін айрықша атап өтіп, шығармашылық әлеміне шолу жасады. Сондай-ақ академик Амантай Шәріппен бірге ақынды Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» медалімен марапаттады.
Фольклортанушы ғалым, профессор Серік Негимов Баянғали Әлмжановтың жыршылық өнері һәм оның эпикалық қуаты хақында баяндама жасады. «Өлең жырдың көк нөсері Баянғали Қырғыз халқының «Манас» эпосын жатқа заулатып, асқан шеберлікпен, асқақ шабытпен құлшына, шалқыта орындайды. Ал оның жады – үлкен мұрағат дерсің. Санасындағы ақпарат ағыны мұхиттай кең. Ол эпос табиғатын терең ұғынып, нәзік қабылдағаны сондай – өң-әлпетінің құбылыстары, көзқарасы, дауыс мәнері, сарыны таңғажайып бір сұлулыққа бөленіп, құбылып, түрленіп отырады», деді Серік Негимов.
Артынша көрермендердің сұрауымен кеш қонағы «Манас» жырынан үзінді айтып берді. Екі көзін тарс жұмып, мақамға елітіп өзгеше бір һәлге түскен манасшы өзімен бірге тыңдаушысында рухани әлемге алып кеткендей әсер қалдырды. Зал сілтідей тынып, жыр аяқталғанда гүр етіп қол соқты.
Келесі сөз алған ғалым, профессор Рақымжан Тұрысбек ақынның 2022 жылы жарық көрген «Пандемия» поэмасы туралы сөз қозғады. «Ақынның «Пандемия» аталатын поэмасы –қайғылы уақыттың көркем бейнесі, дәрігерлердің ерлікке толы күресі мен тәжтажал құрбандарына қойылған мәңгілік ескерткіш. Бұл шығарма ешқашан өзектілігін жоймайды», деді Рақымжан Тұрысбек.
Кеш соңында Баянғали Әлімжанов ғылыми кітапхана қорына 30 томдық шығармалар жинағын, басқа да бірнеше кітаптарын сыйға тартты. Ғылыми кітапхана директоры Б.Оразалиев қаламгерді мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Біз орайы келгенде ақын, жыршының замандасы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Қорғанбековтің мына бір лепесін ұсынғанды жөн көрдік:
«Біздің жастық шағымызда сөз өнеріне икемі бар жастардың көбі сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика және филология факультеттеріне оқуға түсетін. Олар бір-біріне үйірсектеп топ құрап жүретін, Жазушылар одағына жиі барғыштайтын.
Мен оқыған кезде газет-журнал бетіне шығып, ақын, жазушы атанып үлгерген Айт-Ман (Светқали) Нұржан, Жанат Әскербекқызы, Нұрлан Қами және мен, жұбымыз жазылмай одаққа бірге барып, біраз ақын-жазушылармен мүмкіндігінше аралас-құралас болдық. Солардың ішінде Жұматай Жақыпбаев пен Баянғали Әлімжановты бөліп айтамын. Жұмағаңның соңынан ерген қаламгер-жастар көбірек болып, ол ұйым деңгейінде бағаланып, «Қағанат» деп аталғаны қазіргі әдебиет сүйер қауымға белгілі. Ал Баянғали ағамыздың соңына ілесіп, оның айналасына топтасқан жастар аса көп бола қоймағанымызбен, үнемі барыс-келісте жүрдік. Баяғаңның үйінде шүйіркелесіп, дастарқанында көбірек бас қосатын іні-қарындастары Мейірхан Ақдәулет, Әбубәкір Қайран, Светқали, Нұрлан, Жанат және мен болдым.
Дастарқан басында Баяғаң домбыра алып, бойына біткен түрлі өнерлерін рет-ретімен көрсетеді, «Манастан» үзінділер айтады. «Манастағы» арғы-бергі өмір шындығының жинақталған мысалдарын айтып, таңғалдырады. Әлі айтыс өнерінің дами қоймаған кезі, суырып салып өлең айтатын ақындарды ол кезге дейін тым аз көргенбіз. Таңсық өнер болатын. Мейірхан ағамызға, басқаларымызға арнап әзіл-қалжың аралас шумақтарды тыңнан суырып, түйдек-түйдегімен ағытады. Оның айтыс өнерінің қайта жанданып, қалыптасуында еңбегі зор екенін қазір дүйім жұрт біледі. Ал біз Баяғаңның суырып салмалығына бұған дейін куә болғандармыз. Сондай-ақ жыршылық өнеріне де молынан қаныққанбыз. Дүйім жұрт Мағжанның атын әлі білмейтін кезде оның «Батыр Баянын» жатқа айтатын. Бұл да халықтың қалғып бара жатқан санасын серпіген көне сарынның ұлы күмбірінің бірі болды. Осындай күмбір ол кезде көп емес еді. Оянған сана жастарды Желтоқсан көтерілісіне алып келді. Айтпақшы, Желтоқсан демекші, Баяғаңның бұл оқиғаға қатысы еске түсіп отыр.
Осы оқиғадан соң, біраз уақытқа дейін ұлтаралық қақтығыстар жиі-жиі бой көрсетіп жатты. Қазақтар мүлде аз тұратын қаланың шеткі аудандарында қазақ ұлты өкілдері жиі соққыға жығылды. Әсіресе өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан сол кезде «Турчатник», «Татарка» деп аталатын жерлерде осындай оқиғалар жиілеп кетті. Мұндай жағдайларды қалт жібермей, ұлтшылық ретінде тез анықтап, тез айыптайтын кеңестік жүйе қазақтарға келгенде жұмған ауыздарын ашпай қала берді. Желтоқсанның 19-20 күндері Розыбакиев көшесінің 259-үйіндегі Светқалидың пәтерінде оның жары Бибайша, Нұрлан, Жанат және мен жау қоршауында қалғандай күйде болғанымыз есімде. Жоғарыдағы Светқалидың пәтерінен қарап, қолына таяқ ұстаған өзге ұлт өкілдерін бақылап, «пәтерімізге кіріп келмесін» деген сақтықпен ине ұшында отырғандай болғанбыз. 20-сынан 21-не қараған түні күйіп тұрған «Турчатниктегі» Баянғали ағамыздың үйіне жанымызды шүберекке түйіп барғанбыз. Өзі қайратты, боксшы Баяғаң мен каратэ өнерін жасырын үйреніп, әбден мықты меңгерген Әбубәкір Қайранды арқа тұтқанымыз ғой. Онда да қаптап жүрген жасауылдарды көріп, асқан сақтықпен сыртқа шығып келіп жүргеніміз есімізде.
Мұндай ұлтаралық қақтығыс көпке дейін созылды. Арада 3 ай өткенде Баянғали ағамыз сондай бір содырлардың соққысына жығылды. Ұмытпасам 1987 наурыз айының бас жағы. Жайшылықта екі-үш жігітке дес бермейтін қарулы, спортшы Баянғали ағамызға қарасы көп бұзақы жабылған.
Біз ұлттық рухтың қайта оянуы мен оған мүмкіндік бермей, қайта тұншықтыруға тырысқан тоталитарлық жүйенің ашық және жасырын түрдегі зорлық-зомбылығының да куәсі болдық. Сондай қиын күндерде арқа тұтқан азулы ағамыздың бірі және бірегейі – Баянғали Әлімжанов еді. Ол біз таныған жігіт шағымыздан бері сөзімен де, ісімен де ұлт болашағына талмай қызмет етумен келеді».