• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:36

Жұмысшы мамандардың мәртебесі қайтсе көтеріледі

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында келер жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Президентіміз бұл бастамасы арқылы жұмысшы кәсіп саласындағы күрмеулі мәселелерге көңіл аудартуды көздегені анық. Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің қабырғасында 2025 – жұмысшылар жылын науқаншылдыққа салмай, өзекті түйіндерді тарқатуға ықпал ету арқылы лайықты өткізу мәселесі қаузалды, деп жазады Egemen.kz.

Жиынға тақырыптың салмағын арттырып, тұздық ой саларлық сала мамандары қатысты. Атап айтсақ, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау, «Еңбек ресурстарын дамыту отралығы» АҚ вице-президенті Шалқар Байқұлақов, Кәсіптік техникалық колледжі директорының орынбасары Омарбек Орынбекұлы, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» (Жұмыспен қамту орталығы) Жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы Мейрамгүл Имашева, Astana Polytechnic колледж директорының орынбасары Майра Сембина, теміржолшы, «ҚР Құрметті қайраткері» теміржолшылар династиясының өкілі Кендай Ахметов, Astana Polytechnic колледж директорының орынбасары Майра Сембина мен бас басылым журналистері қатысты.

«Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Қуат Әуесбай модераторлық еткен ой-талқы жұмысшы маман мен еңбек адамының ара жігін ажыратудан басталды. Алғаш болып сөз алған мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бойындағы практикалық дағдысына құжаттары сай тұлғаларды алғашқы топқа қосатынын айтып, кәби білім беру жүйесі мен өндіріс ошақтарының тығыз байланыс орнатуы олқылықтың орнын толтыруға септесетінін алға тартты.

«Балалардың қандай мамандыққа бейім екенін зерттеу маңызды. Ол анықталған соң сол бағытта жол көрсетіп, оқуға түсуге бағыттау керек. Біздің еліміздің еңбек нарығы қандай мамандарға мұқтаж екеніне анализ жасауы тиіс. Қорытындыдан кейін ғана сол мамандықтарды оқытуға басымдық берілуі шарт», деді Нұргүл Тау.

Ал Astana Polytechnic колледж директорының орынбасары Майра Сембина күнделікті алдына келетін студенттердің талабын, тілегін ортаға салды. Оның біріншісі - колледждің материалдық-базалық жағдайын заман үрдісіне ілестіру, технологияларды уақытылы оқу орнына жеткізіп, оны қолдану дағдысын шәкірттерге меңгерту.

«Оқыту үдерісіне өндірістен кәсіби маман тарту қиынның-қиынына айналды. Біз сондай маманды 1 жыл бойы іздедік. Біз ұсынған жалақыдан өздерінің цехында тапқан табысы әлдеқайда жоғары. Сондықтан өндіріс шеберлері шәкірт оқытуға құлықты емес. Одан кейін колледж жатақханаларын тұрмысқа қолайлы етіп салуға көңіл бөлінуі тиіс. Жаңа, заманауи жайлы мектепте оқып келген баланың оқу ғимараты мен жатақханаға қояр талабы да жоғары болады. Сонымен бірге колледждердің салынатын орны да қала сыртында емес, керісінше қаланың орталығында, көрікті аймақта болғаны да оқушылардың колледж табалдырығын аттауына ықпал етері сөзсіз», деді Astana Polytechnic колледж директорының орынбасары Майра Сембина.

Ой-талқы барысында кәсіптік техникалық колледжі директорының орынбасары Омарбек Орынбекұлы өндіріс шеберлерін оқыту үдерісіне тарту үшін құптарлық тетік ұсынды.

«Оқушылардың колледжге ат басын бұра бермеуінің себебі - бітіретін мамандығының жалақысы мардымсыз әрі өндіріс ошақтары жас маманнан тәжірибе талап етіп жатады. Мұның себебі өндірістің кей техинкасын қолданарда аса тиянақтылық қажет. Олар жас маманды үйреткеннен шетелдік тіс қаққан маманға жүгінуді қолай көреді. Бұл әрекеттердің артында Қазақстан экономикасына селкеу түсіретін көлеңкелі тұс барын аңдамайды. Ал жұмысшы шеберлердің оқу орнында сабақ беруге ықыласты ету үшін, жұмыс орнындағы жалақысын сақтай отырып, білім бергені үшін қосымша еңбекақы беру керек», деген ұсынысын жеткізді Омарбек Орынбекұлы.

Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» (Жұмыспен қамту орталығы) Жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы Мейрамгүл Имашева нарықта жұмысшы мамандарға сұраныс жеткілікті екеніне назар аударды. Кей жағдайларда қолынан іс келетін маманның қолында дипломы болмауы жұмысқа орналасып кетуге кедергі келтіретінін атап өтті.

Жиынға қатысушылар жұмысшы мамандар жылын мазмұнды ету үшін олардың мәртебесін көтеруге ден қою бастамасын қолдады. Бұл бағыттағы әрекет жұмысшы мамандардың еңбегін елге насихаттаудан басталу керек. Идеологиялық тұрғыда мәселені тамырынан шешу үшін отбасы мен қоғамда жағымды көзқарас қалыптастыру алғышарт.