Биыл қыркүйектің 8-13 аралығында Астанада көшпелілер әлемін біріктірген бірегей дода - V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Бас қаланың сән - салтанаты мен ұлтымыздың салт-дәстүрін, түркі жұртына ортақ ұлттық спортты бір арнаға тоғыстырған бәсеке осы жылдың айтулы оқиғасы болды, деп жазады Egemen.kz.
2010 жылдан тұрақты өткізіліп келе жатқан этноспорт сайыстарын өткізу мәртебесін Қазақстан абыроймен атқарды.
Олай дейтініміз қазақ даласын апта бойы аламанға бөлеген ұлттық спорт түрлеріне бұл жолы Еуропа, АҚШ спортшылары да асқан қызығушылық танытып, сайыс алаңында бақ сынады. Жер-жаһанның 89 мемлекетінен жалпы жиыны 2500-ге тарта спортшы елордаға табан тіреді. Садақ атып, құс салып, бозкілемде айқасып, тоғызқұмалақта тартысқан, серке тартып, кір тасын көтерген алыптар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Еліміздің намысын Көшпелілер ойындарында абыроймен көтерген ұлттық спорттың ұландары көш бастады. Саңлақтар 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль еншіліп, елімізде ұлттық спорттың тасы өрге домалап тұрғанын анық аңғартты. Қырғызстан құрамасы 18 алтын, 21 күміс, 25 (64) қола медаль жеңіп алып, екінші орынға жайғасса, үшінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Олардың еншісінде 11 алтын, 12 күміс, 11 (34) қола медаль бар. Төртінші орын 11 алтын, 10 күміс, 25 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасына бұйырды. Үздік бестікті 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Түркия құрамасы түйіндеді.
Астанада өткен Көшпелілер ойынының медалі әлемнің 30-дан аса мемлекетіне жол тартты. Оның ішінде айтулы аламандағы бағдарламаның негізін құраған Көшпелілер өркениетінің өкілдерінен бөлек, Франция, Италия, Аустралия, Мажарстан, Польша, Румыния секілді мемлекеттер де алтын медаль олжалады. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхит асып келген Канада, Мексика спортшылары да бар екенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Көшпелілер ойындарына Қазақстанды есепке алмағанда Қырғызстан құрамасы 172 спортшысын дүбірге қосты.
Тағы бір ерекше еске алатын жайт алты күнгі аламанға қатысқан ең жас спортшы - Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ал, ең егде спортшы - 80 жастағы дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсеткен испаниялық Соледад Хименес Каррион болды. Жас пен жасамыстың тілегін тоғыстырған шараның жоғары деңейде өтуіне 1600 ерікті жұдырықтай жұмылды. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті келушілерге қызмет көрсетті.
Әлемнің сан тарапының назары ауған этноспорт бәйгелерін келіп тамашалаушылар легі көп болды. Ал рекордтық көрсеткіш Қазақстан-Қырғызстан құрамалары арасында өткен көкбөрі, көкпар тартысында тіркелді. Осы сайысты «Қазанат» атшабарында әрқайсысы 10 мыңнан, 20 мың адам көріп, шабандоздарға қолдау көрсетті.
Ұлттық спорт сындарында жүлдегер тұғырынан табылу үшін спортшы мен тұлпардың, құстың бабы қатар келіп, бағы жануы керек. Сондықтан додаға 499 жылқы мен 41 құс қатысты. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан 400 жылқыны баптады. Оның 100-і ұлттық құрамаға тиесілі болды, қалған жүйріктерді ұйымдастыру дирекциясы өзге елдердің қатысушылары үшін баптады. Көршілес Қырғыз Республикасы – 91, Өзбекстан Республикасы – 8 жылқыны Астанаға алып келді.
Сонымен қатар жарыстарға 41 құс қатысқан. Оның ішінде 9 - ұлттық құрамаға, 8 - Қырғыз Республикасына тиесілі. 24 құсты өзге елдер үшін Құсбегілік федерациясы ұсынған.
Көпті таңдандырған - көшпелілер әлемі
Әлем назарын аударған ұлы дала ойындары ұлттық салт-сананың келбетін көрсетті. Ұлтымызға тән тарих қазынасы мен мәдениет мәйегі ашылу салтанатынан бастап, жабылу шарасына дейінгі апта аралығында салтанат құрды. Көшпелілер ойындарының түңлігін түрген шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Қазақ елі ежелден қонақжай халық екенін, жаңалыққа жаны құмар, түрлі мәдениетке ашық жұрт екенін осы дүбірлі додада тағы бір рет дәлелдеді. Осы ауқымды іс-шара аясында «Қазанат» ипподромының жанында 10 гектар аумақта «Көшпелілер Әлемі» этноауылы ашылды. Этноауыл орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала болып бірнеше бөлікке бөлінді. Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылды. Көненің келбетін айнытпай алдымызға әкелген ауылда еліміздің әр қиырынан 200-ден астам қолөнершілер өз өнімдерін ұсынды. Алаңға еліміздің 20 өңірінен арнайы киіз үй де тігілді. Тұтас түркі жұртына қастерлі тайқазан этноауылдың басты нышаны мен көркі болды. Береке мен бірліктің символы ретінде тайқазанға өңірлердің қасиетті бұлағынан жеткен су құйылды.
Көшпелілер этноауылында шетелдік туристерді көп кездестірдік. Олармен арнайы тілдескенде алғаш болып қазақ жұртының қонақжайлылығын тамсана сөз етті. Этноауылдағы еліміздің бай мәдени, тарихи мұрасынан сыр шертіп тұрған бұйымдарға тамсанатынын әрі ару қала Астанаға қайта оралғысы келетінін тілге тиек етті. Осыдан-ақ Көшпелілер ойындарының көкейде қалқып тұрған елге турист тарту, туризмді түлету сынды тілегіне жеткенін аңғаруға болады.
Этноауыл ән-күй мен бидің, той-думанның орталығына айналды. Ұлы ойындар өткен кезде күн сайын әр өңір өкілдері өнерін ортаға салды. Басты этноауылдан бөлек елорданың 4 орнында көшпелілер аумағы келушілердің көңілін аулады.
Астана төріндегі ойындардан кейін әлемде этноспортқа деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Дүниежүзілік V көшпелілер ойындары аясында спорттан бөлек, мәдени және ғылыми бағдарламаға да ерекше назар аударылды. Мұндай әлемдік ауқымдағы оқиғадан ғылыми із қалғаны маңызды бастама болды.
Спорттық сайыстарда жалпы есепте топ жарып, тарихымызды түлетіп, отандық туризмнің тартымдылығын арттырған шара соңында сайыс символы торсық Қырғызстан Республикасына табысталды.