• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:45

Дубайдағы даңқ

29 рет
көрсетілді

«Астана Операның» Дубай­дағы өнер сапары зор табыс­пен өтті. Аңызға айналған Юрий Григоровичтің хореогра­фиясындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» танымал балеті «Дубай Опера» сахнасында қойылды. Көрермендердің жү­ре­гін жаулаған қойылымда үні­мен ұйытқан симфониялық ор­кестрді италиялық маэстро Джузеппе Акуавива басқарды.

Театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері – Айгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары, солистер Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы және кордебалет әртістері Дубай төрінде алты күн бойы қысқы ғажайыптардың ғаламат атмосферасын сыйлады.

Театр тарихына үңілсек, «Щел­кунчик» балеті әлемнің көптеген театр­ында түрлі қолтаңбада қойыл­ған. Ал оның төл нұсқада сарапталған жа­ңашыл қойылымындағы елордалық труппаның жоғары орындаушылық деңгейі «Дубай Опера» ұжымының да айрықша назарын аударды.

«Астана Опера» әлемде ғана емес, осында, Дубайда да танымал әрі өрелі өнерімен біздің еліміз үшін де сыйлы. Өткен маусым зор жетістікпен есте қалды, труппаның сондағы жар­қын өнер көрсетуінен кейін айтулы ұжым­ды қайта шақыруды ұйғардық. Бұл жолы да билеттер толығымен саты­лып, биылғы табысымыз біз ойла­ғаннан да асып түсті. Бұл «Астана Опе­раны» алғаш көруді қалаған немесе оны бұрыннан жақсы көретін Дубай жұртшылығының осы ұжыммен кез­десуді тағатсыздана күткенін дәлел­дейді. Труппаның құрамында театр­ға айрықша энергия үстейтін жас дарындарды көру көңілге ерекше қуа­ныш ұялатады. «Астана Опера» – орын­даушылық өнер әлеміне қатысы бар барлық жанға шабыт беретін жо­ғары көркемдік шеберліктің жар­қын үлгісі», деп атап өтті «Дубай Опера» театрының директоры Паоло Петрочелли.

Дубайдағы алты өнер көрсетудің әрқайсысы көрермендердің ду қол ша­палағы мен таңданысына ұлас­ты. Балет труппасы жоғары шебер­лік деңгейін паш етіп, отандық әртіс­тердің өнері қала тұрғындары мен қонақ­тарына ұмытылмас әсер қалдырды. Залда отырған қалың көрермен де қойылымнан кейін өз әсерін қуана бөлісіп жатты. Соның бірі – АҚШ азаматы Зейдан Салей.

«Әртістердің барлығы шынымен де тамаша жұмыс атқарды. Бұл таң­­ғаларлық атмосфералық музыка­мен сүйемелденген үздік әрі жігер­лі балет болды. «Дубай Операға» алғаш рет келіп отырмын, осыған дейін АҚШ пен Еуропадағы опера театрларында болсам да, мұндай ғажайыпты еш жерден көрмеппін. Бұл – бұрын-соңды тамашалаған спектакльдерімнің ішіндегі ең үздігі. «Астана Опера» труппасының өнер көрсетуі санама үлкен сілкініс әкелді десем, артық айтпағаным. Барлығы 10 билет сатып алып, мұнда отба­сым­мен және достарыммен келдім, бү­гін­­гі кеш соған тұрарлықтай бол­ды. Әдемі қойылым тамашалап, кере­мет уақыт өткіздік. Әсіресе залдағы жаһан­дық атмосфераға таңғалдым: мұнда әлемнің әр қиырынан көрермен­дер – америкалықтар, орыстар, арабтар, үндістер, Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Жапония тұрғындары жиналыпты. Осы ретте музыканттарды да атап өткім келеді, олар таңғаларлық дәлдікпен және сенімділікпен ойнады. Әртістердің өнер көрсетуі жарқын әрі әсерлі болды. Бұл кеш көпке дейін есімде қалары сөзсіз» деп қойылымнан алған әсерін іркімеді.

Дубайға Мексикадан келген кө­рер­мен Артуро Перес Ривера да оның сөзімен келісті. – Керемет өнер көрсетуге куә болдым. Осынау спек­такльдің ауқымдылығына тәнтімін. Дубайға Мехикодан арнайы ұшып келіп, «Щелкунчикті» асыға күткен едім. Опера театрының сахнасынан сәні мен салтанаты келіскен костюм, декорациялар һәм көрсе көз тойғысыз әсем бояуларды көре алғаныма қатты қуаныштымын. Шынымен де жоғары деңгейдегі труппаның өнер көрсетуіне куә болдық, деді Артуро Перес Ривера.

Ал маэстро Джузеппе Акуави­ва­ның сөзінше, бұл ғажайып гастроль­дік кештерде «Дубай Опера» шағын жер шарын еске салып, онда барлық ел мен ұлт өкілдері жиналғандай әсер етіпті.

– Мәдениет – адамдар мен елдер арасында көпір салуға керемет мүм­кіндік. Мен өзімнің барлық ман­са­бымды осы байланыстарды құ­руға және дамытуға арнадым, деген «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің дирижері Джузеппе Акуавива сөзін әрі қарай жалғады: – Біз мұнда осымен екінші рет өнер көрсетіп отырмыз. Әлбетте, бұл – кере­мет тәжірибе. Былтыр бес спектакль өткізіп, оның бәрінде аншлаг болған еді. Биылғы ұсынған алты қойы­лымымыз да лық толы зал жинады. Көрермендердің жүрегінен орын алған жұмысымызды мақтан ете­мін. «Астана Операның» керемет ор­кестріне дирижерлік етіп, осындай беделді сахнада өнер көрсеткен кезімде мен әрдайым зор қуаныш пен толқынысты сезінемін, деп атап өтті маэстро Джузеппе Акуавива.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің қолдауымен жүзеге асы­рылған «Астана Опера» театрының шығар­машылық өміріндегі маңызды гас­троль отандық балет мектебінің жо­ғары кәсібилігін халықаралық аренада, әлемнің мәдени және экономикалық орталығы Дубайда осылайша зор абы­рой, теңдессіз даңқ биігінде паш етіп қайтты.