Заң мен тәртіп қағидаты берік орныққан қоғам құру ең алдымен жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен басталса керек. Бұл тұрғыда елімізде қоғам жегіқұртының жолын кесуге бағытталған шаралар қабылданып жатыр.
Ел ішінде лауазымды тұлғалардың көптеп-көлемдеп парамен ұсталып жатуы көздеген мақсатқа жету үшін алдымызда әлі талай соқтықпалы-соқпақты жол күтіп тұрғанын аңғартады. Осы орайда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парақорлыққа қарсы күрес жолында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Агенттіктің мәліметінше, Қостанай қаласы №2 сотының үкімімен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Д.Әбдікәрімов алдағы 3,5 жыл өмірін қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өткізетін болды. Бұл – өткен аптада болған жағдай. Аталған азамат жеке компанияның басшысы С.Оспановтан шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,4 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылған. Сот С.Оспановқа да 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр. Сонымен қатар екі азаматқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметке қарағанда, өткен аптада Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясына қатысты тергеу аяқталған. Өзге азаматтар жемқорлық сынды құқық бұзушылықтарға барса, оған таңғалмайтын жағдайға жеткеніміз рас. Ал өзі қылмысқа қарсы күресетін мекемеде жұмыс істеп жүрген лауазымды тұлғалардың заңға қайшы әрекетке баруы жемқорлық індетінің тым тамыр жайып кеткенін аңғартады. Аталған судьямен қатар, басқа да бірқатар адамға қатысты тергеу мәресіне жетті. Олар алаяқтық жасады және үкім шығарған кезде жазасын жеңілдету үшін сотталушының жұбайын 110 млн теңге мөлшерінде пара беруге итермеледі деп айыпталып отыр. Бас прокуратура 5 желтоқсанда қылмыстық істі сотқа жолдады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, бұдан өзге ақпарат әзірге жария етуге жатпайды.
Жалпы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмысқа баруы тек бұл оқиғамен шектелмейді. Өткен аптада Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы мен жеке сот орындаушысына қатысты да тергеу аяқталғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті. Қолда бар деректерге қарағанда, олар алаяқтық жасады және сотталушыны үкім шығарған кезде жазасын жеңілдету үшін 20 млн теңге көлемінде пара беруге итермеледі деп айыпталып отыр. Бұл істі де Бас прокуратура 5 желтоқсанда сотқа жолдаған.
Шымкенттегі судьяның ісіне өте ұқсас қылмыс. Ал мұндай құқыққа қайшы әрекеттер тек Шымкент пен Маңғыстауда ғана жасалып жатыр дегенге сенеміз бе? Антикор бұл бағытта әлі де болса кеңінен тексеру жұмыстарын қолға алса игі.
Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттің бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау білдіру. Бұл жұмыс арнайы мемлекеттік мекемелерге жүктелген. Өкініштісі, мүгедектігі бар адамдардың өмірін жеңілдету үшін еңбектеніп жатқан мемлекеттік қызметкерлердің арасында да жемқорлық қылмыстары жасалып жатқанын көргенде жағаңды ұстайсың.
Нақтырақ айтсақ, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің қалалық департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Ол мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан мүгедектік топтарын белгілеу үшін жалпы сомасы 850 мың теңге пара алды деп айыпталып отыр. Пара ретінде берілген ақша қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтін медбике арқылы алынған. Қазір қала прокуратурасы айыпталушыларды сотқа берді.
Тағы бір оқиғада, Бас прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тіркелгені туралы жалған мәліметтердің енгізілгенін анықтаған. Тексеру барысында мемлекет бюджетінен бөлінген 8 млн теңгеден аса қаражатты заңсыз пайдалану фактілері анықталып отыр. Мысалы, қайбір жекеменшік мекеме Білім басқармасына балабақшаға бармаған балалардың білім алып жатқаны туралы жалған мәліметтер ұсынып, мемлекет қаражатын өз бетінше пайдаланған. Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының үкімімен балабақша құрылтайшылары алаяқтық жасағаны үшін әртүрлі жазаларға тартылып, мемлекетке келтірілген залалды толығымен қайтарды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Жалпы, бұл жайттардың бәрін тізбелеп айтып отырғандағы мақсат – кез келген адам жасалған қылмыс ерте ме, кеш пе ашылатынын, ешкім де жазасыз қалмайтынын, уақыты келгенде заңнан аттаған жанның бәрі сазайын тартатынын білуі керек. Жоғарыда жемқорларды құрықтау үшін құқық қорғау органдары тарапынан түрлі шара қабылданып жатқанын айттық. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бюджетті игеруі кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі үшін де бір айрықша әдіс қолға алынған. Бұл – «ақшаны бояу» деп аталатын жоба.
«Цифрлық теңге» платформасында іске асырылатын бұл тетік қаражатты жұмсау кезінде ашықтықты қамтамасыз етудің және жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы деп бағаланып отыр. Мұнда бюджеттік ақшаны бөлуден бастап толық игеруге дейінгі барлық кезеңде пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік бар. Нақтырақ айтар болсақ, әрбір теңгеге бірегей цифрлық белгі беріледі. Бұл оны орта жолдан жымқыруға тосқауыл болады және бюджет қаражатын мақсатты жолға пайдалануға ықпал етеді.
Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған ведомствоаралық кеңесте Парламент депутаттары, Ұлттық банк, Қаржы, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері аталған жобаны талқылады. Қазіргі таңда оны іске асыру ауыл шаруашылығы, автокөлік және теміржол құрылысы сияқты стратегиялық маңызды секторларда басталған.
Атап айтқанда, Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы малдарын сатып алуға микронесие беру және техника шығындарын субсидиялауда, сондай-ақ Атырау облысында құны 2,1 млрд теңге болатын «Мұқыр – Құлсары» автожол учаскесі мен Қарағанды облысында 160 млрд теңгеге бағаланған «Достық – Мойынты» теміржол учаскесі құрылысында бұл тетік сынақтан өтіп жатыр.
Ведомствоаралық кеңеске қатысушылар жобаның табысты жүзеге асуы үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толыққанды біріктірілуі қажет екенін атап өтті. Бұл бюджет қаражатының нақты пайдаланылуын бақылауды едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «ақшаны бояу» тетігін қолданудың нәтижелері және оны одан әрі жетілдіру келешегі кеңінен талқыланды.