• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 09:55

Туризм табысы еселенді

35 рет
көрсетілді

Биыл қазақ даласының көрікті орындарын аралап, көркем мекеніне табаны тиген шетелдік туристердің саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артты.

Астанада «Қазақстан ту­ризмінің болашағы: страте­гиялар, сын-қатерлер және шешім­дер» атты сессия өтті. Шарада саладағы негізгі сын-қатер тал­қы­ланып, биылғы жетістігі сараланды, келер жылдың даму жос­пары айқын­далды. Сессияға Үкі­мет аппараты мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, «Kazakh Tourism, Kazakh Invest» ұлттық компанияларының басшылары, туристік индустрияның жетекшілері, шетелдік сарапшылар қатысты. «Marriott Interna­tional, Gratiya Advisory» сынды әлеуетті компаниялардың өкіл­дері сөз сөйлеп, әлемдік тәжі­­ри­бенің ілкімді жобаларымен бөлісті.

Келелі кеңес барысында са­ланың 2024 жылғы жұмысы қоры­тындыланды. Биыл шетелдік турис­тер ағыны 11,5 мил­лион адамға жетіп, 2023 жылмен са­лыстырғанда екі есеге артты. Мейман­дарды қарсы алу, орналастыру, қызмет көрсету орындарының табысы 27%-ға артып, 224 миллиард теңгеге жетті. Әлемдік туризм нарығында еліміздің имиджін нығайтуға ықпал еткен «Қазақстан бойынша гид» атты ауқымды конкурс аясында жарнамалық жобалар жүзеге асырылды.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев  сала­ның өрісін кеңейту бағытында атқаратын шаруа әлі де шаш-етектен екенін мәлім етті. «Жыл басынан бастап жеке инвесторлар мен кәсіпкер­лік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары­ның тиімділігін арттыруға назар аудару қажет. Сонымен қатар ту­ристік салаға тікелей ше­телдік инвес­торларды тарту жөнін­дегі жұмыстар­ды жандандыру керек. Бұдан бөлек, курорт­тық аймақтардың инженерлік-инфра­­құрылымдық қамтамасыз еті­луін жақсарту, соның ішінде жолдар, электрмен қамтамасыз ету, су құбы­ры жүйелеріне қатысты қажетті норма­тивтік-құқықтық актілер мен заңнамаға өзгерістер енгізудің маңызы жоғары», деді Е.Еркінбаев.

Туризм саласын ел экономи­касы­ның күре тамырына айнал­дыруда мем­лекеттік қолдау ме­ха­­низмдерін жетіл­діріп, инвес­­тиция тарту қашанда өзекті. Жиынды қорытындылай келіп, қаты­сушылар еліміздің туризм саласын дамыту бағытындағы нақты қадамдарды айқындап, «Kazakh Tourism» функцияларын жетілдіру, жаңа қаржыландыру тетіктерін енгізу, еліміздің халық­ара­лық туристік алаңдағы орнын нығайту мәселелерін нақтылады.

Ішкі туризмнің де әлеуеті артып келеді. Биыл 6 миллиннон астам туристен 224 млрд теңге кіріс кірген. Ту­рис­терді орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке артып, 4 315-ге дейін ұлғайды, олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға толығып, 226 мыңға жетті. Бұл еліміздің ішкі және сырттан келетін туристерін қабылдауға әлеуеті жеткілікті екенін айқындай түседі.

Туристік салаға инвести­ция тарту да қарқын алып келеді. Биылғы 10 айда оның көлемі 33,6% -ға артып, 668,1 миллиард теңгеге жетті. Негізгі жоба­лардың ішінде құны 194 миллиард теңге «Астананың туристік ауда­ны­ның» жөні бөлек. Аяқталуы 2026 жылға жоспарланған жоба толық іске қосыл­ғанда 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашады, жылына 10 миллиард теңге салық түсімін аударады.

Екінші ірі жоба – Маңғыстау об­лысындағы Каспий ривьерасы. Бірне­ше бастама аясында «Жылы жаға­жай» аумағын кешенді игеру қолға алын­бақ. Нәтижесінде, жағажай курор­ты, гольф-отель, виллалар кешені, аквапарк, ойын-сауық орталығы ашылады. Жо­баның жалпы құны – 137,4 млрд теңге. Жоспарлы іске асыру мерзімі – 2026 жыл.

Туристік саланы Үкімет тарапынан демеу күшейтіліп келеді, биыл мемлекеттік қолдаумен мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. 37 туристік нысанға, 6 туристік автобус сатып алуға 2,1 млрд теңге бөлінді.

Халықаралық ынтымақтас­­тық қашан­да маңызды. Биыл Қытай­да Қазақстан туризмі жылы жа­рияланып, осы елдің ірі қалала­рында 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары әлемдік деңгейдегі оқиға болды. Дүбірлі аламанға 89 елден 2 700 қатысушы келді. «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы сын­ды спорт нысандарын жаңарту қала­ның инфрақұрылымын жақсартып, турис­тік әлеуетін нығайта түсті. Биыл ауылдық туризмді дамытуда ұжымдық еңбек еленіп, Алматы облысы, Кеген ауданындағы Саты ауылына «Best Tourism Village Award» сыйлығы берілді. Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының жобасына халықаралық ITB Berlin 2024 конкурсында үшінші орын бұйырды.

Салада жыл соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңге болатын 119 инвес­тициялық жоба аяқталмақ. Нәтижесінде, 1 319 жұмыс орны ашылады.