• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Білім 25 Желтоқсан, 2024

Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 42 білім ордасы бой түзеген

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш ауысымды оқытуды жою және қалалық пен ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Биыл ел тарихындағы ең жарқын оқиғаның бірі - «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының басталуы болды. Жоба аясында бүгінге дейін 42 мектеп есігін айқара ашты. Қуантарлығы сол, жайлы мектептердің 44 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан.

Санамаласақ 11 жайлы мектеп Астана қаласында ашылса, Ақмола облысында - 6, Алматы облысында -7, Қарағандыда - 1, Жамбыл облысында - 3, Қызылорда облысында - 1, Түркістан облысында - 4, Атырау өңірінде - 2, Қостанай аймағында - 2, Солтүстік Қазақстан облысында -1, Жетісу облысында -1, Алматыда -1, Шымкент қаласында - 2 жайлы мектеп бой көтерген.

Мектеп құрылысының бұрын-соңды болмаған қарқынмен салынуы білім беру ұйымдарында орын тапшылығы мен үш ауысымда оқу мәселесін едәуір азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны 3 мыңға жуықтаған. Сонымен қатар 280 мектеп күрделі жөндеуден өткен. 842 мектепке 1395 заманауи пән кабинеттеріне қажет құрал-жабдықтар (робототехника, химия, биология, физика, STEM) сатып алынған. 1000 ауыл мектебін жаңғырту ағымдағы жөндеу, жиһаздарды, кітапханаларды, асханаларды жаңарту, қауіпсіздік жағдайын жақсарту сынды 7 бағытты қамтыған. Су тасқынынан зардап шеккен 25 нысан қалпына келтірілген.

Жайлы мектеп құрылысына қойылатын талап қандай?

«Жайлы мектептердің» құры­лысын үйлес­тіруші - Samruk-Kazyna Construction компаниясы. Ұлттық жоба аясында 2025 жыл­ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалатыны жоспарланған.

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмысы жолға қойылған. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылып отыр. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отыруға мүмкіндік береді.