Дидара Алина – ARMAN-PV баспасының бас директоры. Оның басшылығымен компания білім беру саласында жаңа педагогикалық және түрлі ақпараттық технологияларды енгізіп, халықаралық серіктестікке негізделген жобаларды іске асырып келеді. Осы жылы баспа қандай жетістіктерге қол жеткізді және болашаққа қандай жоспарлар қойылды? Бұл туралы Дидара ханыммен сұхбат барысында талқыладық.
– Дидара ханым, ARMAN-PV баспасы бүгінде еліміздегі оқулық әзірлейтін үздік компаниялардың бірі ретінде танылып отыр. Қазіргі таңда баспа қандай бағыттарға басымдық беріп жатыр?
– Біз үшін ең басты мақсат – жай ғана кітап шығару емес, сапалы әрі заманауи оқу әдебиеттері арқылы еліміздің білім беру саласының дамуына үлес қосу. Қазіргі уақытта мектептерге арналған бірнеше маңызды жобамен айналысып жатырмыз. Олардың арасында «Қазақ әдебиеті», «Физика», «Русский язык», «Цифрлық сауаттылық», «Цифровая грамотность» пәндеріне арналған оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері.
Оқулық әзірлеу оңай шаруа емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін, әр кезеңі мұқият жоспарланатын күрделі процесс. Біз алдымен мазмұнды ғылыми, педагогикалық, дидактикалық талаптарға сәйкестендіреміз, содан кейін материалды көрнекілікпен әрлеп, интерактивті құралдармен толықтырамыз. Соңында, дайын өнімді сарапшылардың бірнеше кезеңді сараптамасынан өткізіп, оқу процесіне енгіземіз. Бұл бір ғана кітап емес, оқушылар мен мұғалімдерге арналған толыққанды оқу жүйесі деп айтуға болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында білім беру сапасын арттыруды елдің басты міндеттерінің бірі ретінде атап өтті. Arman-PV баспасы осы реформаларды қолдай отырып, заманауи және сапалы оқулықтар әзірлеу арқылы еліміздің болашағына үлес қосуға ұмтылып жатыр. Әр оқулықтың қолжетімді, талаптарға сәйкес және заманауи болуы – біздің басты мақсатымыз. Біз оқулықтар арқылы жаңа ұрпақты тәрбиелеп, олардың білімін нығайтуға және адами құндылықтарын қалыптастыруға үлес қосып келеміз.
– Биыл ARMAN-PV қандай жаңа кітаптар шығарды?
– 2024 жыл біз үшін өте өнімді жыл болды. Бірнеше маңызды жобаларды іске асырдық. Мысалы, «Қазақ тілі», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Физика», «Русский язык», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Цифрлық сауаттылық», «Цифрлиқ саватлиқ» электрондық оқулықтары дайындалды.
Биылғы дайындалған оқулықтардың қатарында 5–9-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» оқулығы бар. Бұл оқулық оқушылардың сыни ойлау, қаржылық сауаттылық, медиасауаттылық, экологиялық тәрбие және мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұндай құзыреттер заманауи әлемде табысты болу үшін өте маңызды.
Біздің оқулықтар TIMSS және PISA форматындағы тапсырмалармен толықтырылған, бұл оқушылардың 4 K моделі: креатив, критикал, коллаборация, коммикациялық дағдыларын дамытып, халықаралық деңгейде білім алуына жол ашады. Сонымен қатар, әрбір оқулық электронды қосымшалармен, QR кодтармен жабдықталған. Бұл оқушыларға қосымша ақпарат алуға, материалды тез меңгеруге және оқу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
– Халықаралық компаниялармен байланыс орнату тәжірибесі бар ма? Қазақстандық баспалар жалпы әлемдік аренада белсенді ме?
– Биыл біз бірнеше маңызды халықаралық көрмелерге қатыстық. Соның ішінде Франкфурт кітап көрмесі біздің баспаның стратегиялық дамуына жаңа серпін берді. Бұл көрмеге қатысуды еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып, Қазақстанды әлемдік баспа нарығында лайықты деңгейде көрсетуге жағдай жасады. Франкфурт – бұл тек кітап саудасы ғана емес, баспа индустриясының болашағын айқындайтын маңызды алаң. Мұнда біз оқулықтарымызды таныстырып, Италия, Германияның беделді баспаларымен серіктестік орнаттық. Биыл өткен Бейжің халықаралық кітап көрмесінде Қытай, Үндістан және Сингапур баспаларымен серіктестік орнаттық. Бұл серіктестіктер болашақ жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болды. Көрме білім беру саласындағы инновациялық шешімдерді бөлісіп, жаңа идеялар алуға үлкен мүмкіндік берді. Ал Абу-Дабиде жыл сайын өтетін халықаралық кітап көрмесі биыл жасанды интеллект тақырыбына ерекше назар аударды. Біз бұл көрмеде жасанды интеллектті білім беру саласында қолданудың заманауи тәсілдерін зерттеп, өз жобаларымызды жетілдіру үшін жаңа идеялар мен тәжірибелер алдық.
– Ел ішіндегі көрмелерге қатысу қаншалықты маңызды болды?
– Халықаралық көрмелермен қатар, ел ішіндегі маңызды іс-шараларға да белсене қатыстық. Соның ішінде VII Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі, BookFair-2024, KitapTime, және «Ұлы Жібек Жолымен» көрмелері. Бұдан бөлек, еліміздің әрбір өңірінде өзіміз өткізген кітап жәрмеңке-көрмелері бар.
VII Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі аясында ARMAN-PV баспасы кітап сатылымынан түскен барлық қаражатты елдегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек ретінде аударды. Бұл бастама оқырмандар арасында үлкен қолдау тауып, биыл кітап сатып алғандардың саны айтарлықтай өсті. Бұл біз үшін тек қайырымдылық қана емес, қоғамның бірлігін көрсеткен ерекше оқиға болды. Осы бастамамызға қолдау білдірген барлық оқырмандарымызға шын жүректен алғыс айтамын.
– «Жошы хан» кітабының Гран-при жеңуі туралы айтып өтсеңіз.
– Ұлы Жібек Жолы көрмесі біз «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітабын таныстырып, халықаралық «Ұлы Жібек Жолы – 2024» байқауында Гран-при жеңіп алдық. Бұл жоба Қазақстанның тарихын әлемдік деңгейде дәріптеуге арналған және бұл жеңіс еліміздің тарихи мұрасының жаһандық деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Кітаптың авторы, журналист әрі документалист Майя Бекбаева, архивтік деректерді терең зерттеп, оларды заманауи ғылыми ізденістермен толықтырды. Майя Бекбаеваның деректі жобалары мені әрдайым таңғалдыратын. Оның өткенді шынайы әрі терең жеткізу шеберлігі біздің мұрамызды жаңа көзқараспен түсінуге мүмкіндік береді.
Кітап Жошы ханның тарихи рөлі мен тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашады. Ол Қазақстан мемлекеттілігінің бастауында тұрған ұлы тұлғаның бейнесін жаңаша қырынан көрсетеді. Біз тарихи деректерді заманауи технологиялармен үйлестіре отырып, оқырман үшін мазмұнды әрі көрнекі құрал жасадық. Кітаптың иллюстрациялары нейрондық желілер мен жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалып, тарихи атмосфераны дәл беруге мүмкіндік берді.
Онымен қоса, биыл ARMAN-PV баспасының үш бірдей кітабы ТМД елдерінің XXI Халықаралық «Искусство книги» байқауында жоғары марапаттарға ие болды, оның ішінде «Қазақстан мен Орта Азияның сирек және әсем көбелектері» кітабы «Арт-кітап» номинациясында I дәрежелі дипломмен марапатталды. «Удивительные сказки» кітабы «Содружество» номинациясында II орынға, ал «Мы покоряем Вселенную! Тайны космоса» кітабы «Искусство иллюстрации» номинациясында III орынға ие болды.
– Оқулықтардан бөлек, сіздердің электронды оқулықтарыңыз да бар. Олардың дамуы мен прогресі қандай?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Абу-Даби халықаралық кітап көрмесінен кейін біз электронды оқулықтарды жетілдіру мақсатында жасанды интеллектті кеңінен қолдануды қолға алдық. Бұл технологиялар оқулықтарды әзірлеу процесін айтарлықтай жеңілдетіп, жылдамдатты. Мәтіндерді өңдеу, құрылымдау және аудару сияқты күрделі жұмыстар автоматтандырылды, бұл авторлар мен әдіскерлердің шығармашылық жұмысына көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жасанды интеллекттің елдің дамуындағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Arman-PV баспасы осы бағытты толық қолдай отырып, оқыту процестеріне жасанды интеллектті интеграциялау арқылы цифрлық білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Біз цифрлық білім беру саласындағы инновацияларды жалғастырамыз. Ekitap.kz платформасын одан әрі жетілдіру, жасанды интеллектті кеңінен интеграциялау және оқырмандар мен оқушыларға ыңғайлы жағдай жасау – алдағы жылдардағы негізгі міндеттеріміздің бірі.
Келе жатқан 2025 жыл әрбіріңіз үшін игі істер мен жемісті жетістіктер жылы болсын. Білім беру саласын дамыту бағытындағы жұмыстарымыз әрі қарай да табысты жалғасын табады деп үміттенемін. Жаңа жылда сәттілік, береке және бақыт тілеймін.
– Сұхбат үшін рақмет, Дидара ханым.