Жылды қорытындылауға сәл қалғанда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Қанат Жүнісовтің «Әміре» моноспектаклі көрерменімен қауышты. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Келер жылы ән атасы – Әміренің Парижде ән шырқап, күллі француз халқын үнімен ұйытқан тарихи сәтке ғасыр толады. Атаулы датаға орай ертерек қамданған елордалық театр ұжымы әні мен сәні, мәні мен мазмұны келіскен көркемдік деңгейі жоғары үздік туындыны өмірге әкеліпті. Басты әрі негізгі рөлді айтулы театрдың талантты актері Оразалы Игілік өз деңгейінде кемеліне келтіре ойнап шықты.
Жалпы, моноспектакль – қойылым түрлерінің ішіндегі ең ауыры һәм қиыны. Кезіндегі кәсіби театр негізін қалаған Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сынды саңлақтар салған сахнадағы сара жол соның айғағы болса керек. Демек, моноспектакльге бара алатын актердің де шеберлік һәм шығармашылық қуаты мықты болғаны абзал. Олай болмаған жағдайда, моноспектакліңіз де өз діттегеніне жетпей жығылады. Бұл тұрғыдан келгенде, Әміре рөлін ойнайтын актерге режиссер таңдауы дөп түскен. Әні де, сәні де, үні де, ұғымы да бір бойында ұтымды үйлескен талантты әртіс, шын мәнінде, көрерменін Әміре әлеміне жақындатқандай болды.
Рас, бұған дейін кино тілінде де, сахна төрінде де түрлі Әмірелер қойылып келді ғой. Бірақ кейде сол қойылымдардан Әмірені таба алмай жиі пұшайман күй кешетініміз ұмытыла қойған жоқ. Себебі бірде режиссер аңыз әншінің тілін қазақшаға шорқақ, көркін күн қақпаған тым жылтырақ асфальт баласы деп көрсе, келесіде бас кейіпкер екінші орынға сырғып, басты планға 1925 жылғы Париждегі жәрмеңке атмосферасы шығып кетіп, көңіл күмілжитін. Ал тіпті, енді бірінде ән сала алмайтын актерлер сахнада Әміре болып жүргенін көріп көңіл қалған тұстар да жиі ұшырасты шығармашылық тәжірибемізде. Ал бұл Әмірені бірден қабылдауымыздың сыры – қазақтың иен даласында өскен қара баланың рухы, шыңылтыр үні басты рөлді сомдаған актер Оразалы Игіліктің бойынан табылды, онысы моноспектакль табиғатында сәтті ашылды. Кескіндейтін бейнесін, кейіпкерін ішіне сіңіргені соншалық, актердің Әміре рухымен бітеқайнасып кеткендей әсер қалдырды.
Шығармашылық топтың осы еңбегін жоғары бағалаған «Театр сыншылары бірлестігі» Астана қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының «Әміре» қойылымын «Жылдың үздік моноспектаклі» деп таныды.