• RUB:
    5.05
  • USD:
    527.23
  • EUR:
    544.05
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:55

Жалған дәрі-дәрмек жойылар емес

68 рет
көрсетілді

Дамушы елдердегі әрбір оныншы препарат – контрафакт деген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне біздегі ахуал бас изеткендей. Елде жал­ған дәрілік заттар айналымы 10-12 пайыздан асқан. Яғни ауруы­на ем іздеген жұртқа сертификатталмаған, сапа­сыз, тіпті кейде қауіпті дәрі-дәрмек кезігуі мүмкін.

Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша елімізде фармацевтикалық препараттар өндіру көлемі айтарлық­тай ұлғайған. Мысалы, дәрі-дәр­мек шығару 22,5%-ға, ақшаға шаққанда 113,5 млрд теңгеге дейін, басқа фармацевтика­лық препараттар 10,9%-ға, яғни 9 млрд теңгеге дейін өсті. Соған қарамастан отандық өндірістің үлесі – ұлтарақтай ғана. Energyprom дерегінше, былтырғы сату қорытындысы бойынша отандық дәрі-дәрмек сұраныстың 18% пайызын ғана жапты.

Оның үстіне дәрі-дәрмек шы­ға­руда жергілікті шикізат іс жү­зін­де пайдаланылмайды, ал әке­лін­ген компоненттердің сапасына тиісті талаптар қойылмайды.

Мұның қатарында жылдық динамикада ұдайы қымбаттап, қалтаны тескен дәрі бағасы да жағдайды күр­­делендіріп жіберді. Жекелеген фармацевтикалық препараттардың бағасы елдегі инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Мысалы, ацетилсалицил қышқылы бір жылда 48,9%-ға, бел­сендірілген көмір 31%-ға, «Хилак форте» пробиотигі 25%-ға, «Флемоксин Солютаб» антибиотигі 21,5%-ға қымбаттады.

Жүйелік олқылықтар, контра­бан­да, сертификатталмаған дәрі­­­­лік заттардың нарыққа дендеп кіруі тұтастай алғанда фармаколо­гия са­ла­сына құрылымдық өзгеріс­тер қа­жеттігін, өкілетті органдар арасында өзара іс-қимылды күшей­ту­дің өзектілігін айғақтап отыр. Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу комитетінен алынған соңғы мәлі­мет­тер­ге сәйкес, бір жылда фармацевтика саласындағы қылмыстар саны екі еседен астам өскен. Өткен жылы фармацевтикалық қызмет нормаларына қатысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында 1,2 мың бұзу­шылық тіркелді. 1,1 мың адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда бұрын-соңды болмаған, азаматтардың қауіп­сіздігі мен медициналық қыз­меттердің тиімділігіне нұқсан кел­тіретін деңгей (130%). Сол секілді медициналық, фар­­мацевтикалық қызметпен айна­лы­суға рұқсат беру құжат­­­тарын алу кезінде көрінеу жалған мәліметтер мен ақпарат беруге қатысты 29 әкім­ші­лік құқық бұзушылық тіркелді. Контра­фактілік дәрі-дәрмек салық­тар мен кедендік алымдардан түсетін бюджет түсімдерінің көлемін де айтарлықтай азайтады. Фарма­цев­ти­ка саласын ашық түрде жайлаған үрдіс нарыққа теріс әсер етіп қана қой­май, адамдардың өміріне, ұлт ден­саулығына елеулі қауіп төн­діреді.

Өткен жылы халықты дәрі-дәр­мекпен, медициналық бұйым­дармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы отандық өндірушілерді қолдаудың төмен деңгейіне, сапаны бақы­лау­дағы, бағаны белгілеудегі олқы­лық­тарға қатысты 36 жүйелік кем­ші­ліктерді анықтады. Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамытуда кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді. Қолдау шаралары отан­дық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары еске­ріл­мей, жергіліктендіру дең­гейі­не қарамай қабылданады. Бұдан бөлек, бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде, 279,5 млн теңгенің препараттары жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалып, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған. Бағаларды мем­лекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүр­гі­зілмейді. Шекті бағаларды қа­лып­тастыру «пайызға пайыз» қағи­датына сәйкес үстеме бағаны белгі­леуге негізделгендіктен, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға себеп болды.

Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемші­лік­тері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды на­рық­тық бағадан 40%-365% жоға­ры бағамен сатып алуы­на әкеліп соқ­қанын анықтады (бұл 8 млрд теңгеден асып отыр). Сатып алу рәсім­дерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзу­шы­лық­тар анықталды. Сөйтіп, 3 млрд теңге сомасына тіркелген баламалары болса да, «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмекті сатып алу жүзеге асырылды.

Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмекті сақтау нарығын моно­­­по­лизациялауы, бірыңғай дис­три­бью­терде өзінің логистикалық инфра­­­құрылымының болмауы ло­гис­­тикаға жұмсалатын шығыс­тар­дың 1,5 есе (соңғы екі жылда 6,8 млрд тең­геден 10,2 млрд теңгеге дейін) өсуі­не әсер етті. Сондай-ақ Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маң­­­ғыстау облыстарының денсау­лық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым­­дарды сақтау жедел қойма­ларының болмауы логистика шы­ғын­дарын ұлғайтып, төтенше жағ­дай­лар кезінде дәрілік заттармен қамта­масыз етуге теріс әсер етуі мүмкін. Тариф белгілеу сая­­­са­тының ойластырылмауы, логис­­­ти­­­­ка, есеп­ке алу, шы­ғыстарды бақы­­лау үдеріс­терін­­дегі автоматтандыру деңгейі­нің төмендігі 17,2 млрд теңге эконо­ми­калық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қал­пына келтірілді.

Нарықты контрафактіден тазар­туға өткен жылғы шілдеден бастап елімізде енгізілген барлық дәрілік препараттарды міндетті таңбалау көмектесуге тиіс. Таңбалау дәрі-дәрмектің дәлдігі мен сапасына кепілдік беріп, жүйеде тауардың бүкіл жолын көрсетеді. Шара ық­палы сонымен қатар бюджет түсімдерінің азаюы, жергілікті кә­сіп­керлер үшін мүмкіндіктің тарылуы сынды жағымсыз салдармен күресуде байқалмақ. Соңында таң­балау жүйесі мемлекеттік меди­ци­налық бағдарламалар мен МӘМС шеңберінде пайдаланылатындарды қоса алғанда, дәрі-дәрмектің заңсыз саудасын тоқтатуға, халық денсаулығын қорғау мен дәрі-дәрмек бағасын реттеуге ықпал ететініне үміт зор.