Астана жаңа университеті – елімізді индустрияландыру ісінің өзекті жобасы
Қазіргі уақытта Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы жаңа индустрияландыру стратегиясын жүзеге асыру ісінің қолға алынуына байланысты елімізде заман ағымына сәйкес білікті кадрлар, техникалық интеллигенцияның жаңа буынын дайындау мәселесі барынша өткір сипатқа ие болып отыр. Елбасының тікелей бастамасымен Астана қаласында ашылуы жоспарланып отырған техникалық бағыттағы жаңа университетті құру идеясының пайда болуына да осы бір жағдайдың түрткі болғаны ақиқат. Бұл университетте басқа мамандықтармен қатар ақпараттық технологиялар саласының мамандары да дайындалатын болады. Осы бағытты бірте-бірте одан да тереңдетіп, қазіргі таңда экономикамыз үшін ауадай қажет болып отырған неғұрлым күрделі техникалық мамандық иелерін дайындауға кірісу – ашылуы биылғы жылға жоспарланып отырған жаңа тұрпатты оқу орнының басты міндеті.
Біз аталған мәселеге байланысты өндірісті автоматтандыру және басқару секілді аса маңызды мамандық бойынша еліміздегі 3 ғылым докторының бірі – Еуразия ұлттық университеті Жүйелік талдау және басқару кафедрасының меңгерушісі, профессор Мамырбек Бейсенбиді әңгімеге шақыра отырып, қазіргі заман ағымы туындатып отырған бірқатар күрделі мәселелер бойынша ой бөлісуін сұраған едік.
–Мамырбек Әукебайұлы, өндірісті автоматтандыру мен басқару деген ұғымның мәнісі неде? Бұл үрдіс біздің елімізде және әлемде қашаннан бері басталып, етек алып келеді?
–Адам баласы өзінің санғасырлық тарихында көптеген жетістіктерге жеткені, соның нәтижесінде бүгінгі өркениетті қоғамды қалыптастырғаны белгілі. Cол жетістіктердің арасында бұрын адам қолымен атқарылып келе жатқан жұмыстар мен қызметтердің енді автоматтандырылған құралдар арқылы атқарылуының мәні зор. Өйткені бұл жағдай адамның өмірі мен тұрмысын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдетті. Еңбек өнімділігін әлдеқайда арттырды. Бұрын бірнеше адам атқаратын жұмысты енді осы автоматтандырылған құралдарға сүйеніп жалғыз адам жүзеге асыра беретін болды. Осы жағдай адамзат қоғамының дамуына үлкен қозғау салуда.
Сонымен өндірісті автоматтандыру дегеніміз еңбектің өнімділігі мен тиімділігін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірістің барлық ресурстарын оңтайлы да ыңғайлы пайдалануға, уақытты барынша үнемдеуге, істің өте үлкен шеберлікпен дәлме-дәл атқарылуына қызмет ететін, әрі қазіргі замандық өнеркәсіптің даму өзегін қалыптастырып отырған техникалық прогрестің басты бағыты болып табылады. Әлемде бүгінгі индустриялық қоғамның қалыптасуына, осы арқылы адамзат дамуының бүгінгі деңгейге көтерілуіне осы бағыт үлкен ықпал етті. Менің бұлай дейтінім, қазір мына көшелерде қаптап жүрген неше түрлі көлік түрлері, өнеркәсіпте жұмыс істеп жатқан сансыз техника – осының барлығы өндірісті автоматтандыру және басқару ісінің нәтижелері.
Ал өндірісті автоматтандырудың тарихы қай ғасырдан бастау алатындығын айтудың өзі қиын. Өйткені белгілі бір мөлшерде өздігінен әрекет ете алатын, осы арқылы адам еңбегіне септестік жасай алатын қарапайым құралдар ұсталар мен шеберлер еңбегінде көп ғасырлар бұрын пайда болған. Мұндай құралдар қазіргі замандық өндіріс құралдарымен салыстырғанда тым жабайы көрінетіндігіне қарамастан, біз тарихи тұрғыдан алғанда, яғни әр нәрсенің өзіндік бір бастау бұлағы болатындығы тұрғысынан алғанда, бұл жәйттерді ескермей тұра алмаймыз. Яғни өндіріс алғаш құрылған кездің өзінде-ақ оны автоматтандыру идеясы бірге пайда болып, әр кезеңнің мүмкіндіктері деңгейінде іске аса бастаған.
Дегенмен, автоматтандырудың осындай алғашқы нышандары батыста жүзеге асқан өнеркәсіптік революцияға дейін қоғамға сондай бір тиімділік бере қойған жоқ. Оның қалыптасып, кең көлемде дамуына 18-19 ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та мәшине жасау өндірісінің жандануы үлкен әсер етті. Міне, осы тұста орыс механигі И.И. Ползунов жасаған (1765 жыл) бу қазандығының қалқыма реттегіші мен ағылшын өнертапқышы Дж. Уаттың бу мәшинесіндегі центрден тепкіш реттегіші ізашар жобалар болды.
Қазіргі күні автоматтандыру үдерісінің қандай деңгейге жеткендігін халықтың бәрі көріп отыр. Ол өндірісті былай қойып, тұрмыстың өзіне дендей енуде. Мәселен, қазір үй тұрмысында кеңінен қолданылатын толық автоматтандырылған кіржуғыш, ыдысжуғыш мәшинелерді, басқа да құралдарды алайық. Осылардың өзі адам еңбегін әлдеқайда жеңілдетті. Демек, біздің Қазақстанда да еңбекті автоматтандыру үдерісі басқа дамыған елдердегі секілді алға басып келеді деп айта аламыз.
Ал өндірістік, өнеркәсіптік үдерістерді автоматтандыру мен басқару дегеніміз өте күрделі мәселе. Біз бұл мәселелерде әзірге әлемдік техникалық прогрестің бүкіл адамзат қауымына әсер етуші екпінімен келеміз. Осы үрдістің шынайы ішкі құбылыстарын бойымызға толық дарыта алмай отырмыз. Себебі, бұл мәселеде іс тетігін кадр шешеді. Көп мәселе кадрлардың біліктілігі мен ізденгіштігіне, идеялық қарым-қабілетіне тәуелді болып келеді. Ал бізде, әзірге, инновациялық жаңалықтарды іліп әкете алатын технологиялық тұрғыдан білікті өндіріс басшыларын былай қойып, қарапайым кадрлардың өзі тапшы болып отыр. Осы мәселе Елбасының жаңа Жолдауында жақсы ескерілген. Онда ғылым мен білімді дамыту жайында көп айтылды. Себебі түсінікті. Біз осы уақытқа дейін еліміздің шикізат байлығын игеру ісін жолға қойып, экономиканы жүйелі даму арнасына түсіре алдық. Осымен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуы бағдарламасының алғашқы онжылдық үшін белгіленген талабы орындалды. Енді Елбасы одан да тереңірек кетті. Енді еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын ұсынды. Мұндағы басты міндет шикізатты сату ғана емес, оны өңдеу ісіне келіп тіреледі. Демек, экономикалық дамудың ендігі қозғаушы күші дамыған адам ресурсы болып табылады. Сөйтіп техникалық интеллигенцияның заманымызға лайық жаңа буынын әзірлеу, оларды орналастыру, өсіру, соның ішінде өндірісті автоматтандыру мен басқару ісіндегі кадрлардың оқып, жетілуіне ерекше мән беру – алдымыздағы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр деген ойдамын.
Міне осы тұста Лениннің жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру кезінде айтқан “мен енді он мықты революционерді шетелдің мықты бір капиталисіне айырбастаған болар едім” деген сөзі еске түседі. Жасырып, жабары жоқ, Ленин мықты саясатшы болған. Ол әр кезеңнің өзіне тән міндетін жақсы түсінген. Осындай қасиет біздің Елбасымызда да бар. Елбасы неге Астанадан жаңа техникалық университет ашу ісіне белсене кірісіп отыр. Өйткені, бізге қазіргі замандық технологиялар мен олардың желілерін трансферттеу жеткіліксіз. Бізге олардың қасиетін, жұмыс істеу қағидаттарын жақсы түсінетін, меңгерген кадрлар әзірлей алатын технологиялық білімді трансферттеу керек. Мұнсыз болмайды. Әйтпесе, киімді үтіктей алғанымызбен, сол үтіктің ішінде не бар екендігін білмейтін адам күйінде қала береміз. Бұл – ең қарапайым мысал. Ал өндірістік қатынастарда, өндіргіш күштерді пайдалану мәселесінде бұл ең үлкен проблема.
– Неге?
– Өйткені соңғы онжылдықта еліміздің күрт дамуы мен ерекше инвестициялық тартымдылыққа ие болуына байланысты бізге беймәлім технологиялар қазіргі өндірісімізге үсті-үстіне келіп жатыр. Ал қазақстандық мамандар, шынын айтқанда, сол технологиялардың қаншалықты тиімді екендігін дұрыс бағалай да алмай отыр. Әрине, оған ешкімді сөгіп қажеті жоқ. Өйткені, ол технологияларды біз жасағанымыз жоқ. Бірақ “білместік у ішкізеді” деп атам қазақ тегін айтқан ба. Осы кемшілігімізден қаншалықты ойсырай ұтылғанымызды кейін көзіміз ашылған кезде барып қана дұрыс бағалай алатын боламыз. Демек, технологиялық, техникалық саладағы, әсіресе, өндірісті автоматтандыру мен басқару секілді біздер үшін тың саладағы әрбір білікті кадр – еліміздің баға жетпес байлығы. Егер осы бағыттағы ұлттық кадрларды дайындау мәселесін қазірден бастап дұрыс ұйымдастыратын болсақ, кейінен осы топтың арасынан шығатын ең таланттылары білімі мен тәжірибесі толыса келе біздің елімізді алға сүйрейтін болады. Мұның өмірдегі мысалдары жетіп жатыр. Мәселен, Америка автомобиль өндірісінің атасы Генри Форд пен ақпараттық технологиялар өндірісін ұйымдастырушы Билл Гейтстің АҚШ мемлекеті мен халқына жасаған жақсылығын көп ешкім жасай алған жоқ. Америка міне, осылардың арқасында әлемдегі ең дамыған елге айналып отыр. Сол секілді Қаныш Сәтбаевтың да Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесін ештемемен бағалау мүмкін емес. Өйткені, мұндай адамдардың жасаған ісінің тиімділігі ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын еселеніп кете береді. Мұны экономикада “мультипликативный эффект” деп атап жатады. Білімге салынған қаржының уақыт өткен сайын еселеніп қайта беретін қасиетінің өзін осымен түсіндіруге болады.
– Ал енді автоматтандырылған үдерістерді басқару ісі туралы айта кетсеңіз. Неғұрлым қарапайым ұғымдар арқылы осы жөнінде түсіндіре кетсеңіз.
– Бүгінгі дамыған қоғамдағы адам баласы белгілі бір өндірістік және басқа да мақсаттарға қол жеткізу үшін әртүрлі физикалық, химиялық құбылыстардың, табиғаттың, экономиканың және қоғамның өзара әрекеттесу заңдылықтарын пайдаланатындығы анық. Ол осы жөніндегі білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, табиғат күштерін, өндірістік, экономикалық және қоғамдық үрдістерді өзі көздеген бағытқа қарай бағыттауға ұмтылады. Сөйтіп технологиялық үрдістерді, мәшинелерді, химиялық, ядролық реакцияларды, өндірістік үрдістерді басқару мүмкіндігіне ие болады.
Басқару үрдісі дегенміз – тірі табиғаттың өзінде де үздіксіз түрде жүріп тұратын құбылыс. Бұған алдымен адамның өз дене қозғалысын реттей алатындығын, яғни басқара алатындығын мысал ретінде келтіруге болады. Адам не нәрсені ойласа, өзінің қимыл қозғалысы арқылы сол нәрсені жүзеге асырады және өзінің дене күйін байқап біліп отырады.
Сол секілді кез келген кешенді басқару ісінде де осы қағида сақталынады.
Автоматтандырылған үдерістерді басқару ақпараттық сипатта жүргізіледі. Олай дейтініміз, басқарушы әсерді құрастыру үшін кез келген кешеннің күйін сипаттайтын көптеген ақпаратты және сол жүйе жұмыс істейтін қоршаған орта туралы ақпараттарды жүйелі уақыт масштабында ақпараттық-коммуникациялық торап арқылы алу мен қабылдау, электронды есептегіш мәшинелер арқылы белгілі бір алгоритмдер негізінде өңдеу, сақтау және тарату қажет. Сонан кейін барып автоматтандырылған үдерісті басқару ісі жүзеге асады.
Демек, қазіргі автоматтандырылған өндірісті ұйымдастыру мен басқару ісі ақпараттық технологиялардың жетістіктеріне сүйенеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда бұл саланың мамандарын әзірлеу жеңіл емес. Олар ақпараттық технологияларды да, өндірістегі автоматтандырылған үдерістерді де жетік меңгеруі керек. Мұндай мамандар дамыған қоғамда өте үлкен сұранысқа ие. Сондықтан батыс елдерінің жастары көбінесе осы мамандық түрлерін таңдайды. Мәселен, АҚШ-та жоғары оқу орындарын бітірушілердің басым көпшілігі ақпараттық сервистік және автоматтандыру ісінің мамандары. Алдымыздағы заман өзгерісінің ыңғайы адамдарды осылай қарай бағыттауда. Астанада жаңадан ашылатын Нұрсұлтан Назарбаев университетінің ақпараттық технологиялық, техникалық бағыт ұстауының да себебі осыдан. Өкінішке орай біздің қоғам бұл мәселенің мәнісін әлі оншама ұға қойған жоқ. Қазіргі жастардың мамандық таңдауына қарап бұл жағдайды анық байқауға болады.
– Автоматты басқарудың қандай түрлері бар?
– Мәшине, агрегат, технологиялық үрдістер, зауыттар, фабрикалар мен фирмалар және басқа өнеркәсіптік емес ұжымдардағы басқарулар қолмен, жартылай автоматты және толық автоматтандырылған болуы мүмкін. Егер басқару жүйесіндегі басқару контуры адамның тікелей қатысуын қажет етпей жұмыс атқаратын болса, онда олар толық автоматтандырылған басқару жүйелері болып табылады.
Ал, ішінара немесе жартылай автоматтандырылған басқару жүйелерінде басқару контурына техникалық құралдармен қатар адамдар да кіреді.
Сөйтіп, басқару операцияларындағы адам еңбегін толық немесе жеке операциялар бойынша техникалық құралдармен алмастыру басқаруды автоматтандыру деп аталады.
–Қазақстанда қандай салалар жақсы немесе біршама автоматтандырылған? Оның жемісті нәтижелері қандай өндіріс пен қызмет түрлерінен байқалып отыр? Соның ішінде, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қандай салаларда автоматтандыру үрдісі басым дамуда?
–Қазақстан жағдайында бірқатар шағын және орта бизнес субьектілері өз мүмкіндіктері мен біліктіліктеріне байланысты автоматтандырылған басқару жүйелерін өндіріске енгізуде. Солардың ішінде жұмыстары біршама табысты деп банктер қызметін атауға болатындай. Мемлекеттік мекемелерге енгізілу үстіндегі “Электрондық үкімет” қызметі де осы қатарда. Ал күрделі автоматты және автоматтандырылған жүйелерді өндіріске енгізу тәжірибесін біздің елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың әрекеттерінен көптеп байқауға болады. Бірақ олардың енгізіп жатқан технологиялары жергілікті мамандар үшін “қара жәшік” секілді. Олардың ішінде не бар екендігі әртүрлі желеулермен ашылмайды. Олардың жұмысын талдап, күрделі жөндеуден өткізушілер де шетелдік мамандар. Осы ретте салыстырмалы түрде алғанда, автоматтандыру ісінің неғұрлым дамыған салалары деп мұнай мен газ өндіру және тасымалдау, металлургия салаларын атауға болады.
Ал жалпылай айтатын болсақ, автоматтар мен олардың басқару жүйелері өндіріс пен техниканың барлық саласында кеңінен пайдаланылады. Мәшине құрастыруда, энергетикада, атом энергетикасында, электрондық өндірісте, көлік саласында, робототехникада, металлургиялық өндірісте, үй шаруашылығында, космостық жүйелерде және жоғары дәрежелі дәлдіктегі әскери технологияларда, тағы басқа салаларда.
Осы заманғы инновациялық өндірістік техникаларды пайдалануға, өндірістің өте жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге, ресурстарды үнемдеуге ұмтылыс және өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға деген ынта автоматтандыру және басқару жүйесін ұдайы жетілдіре беруге мәжбүрлейді.
Бұл сала, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс барысында және онан кейінгі жылдары кең қарқынмен дами түсті. Соғыстан кейінгі жылдары әлем халқы мен мемлекеттерінің социалистік және капиталистік болып екі жүйеге бөлінуі олардың арасындағы бәсекелестікті арттырды. Осы бәсекелестік техникалық прогреске дем бере түсті. Жаңа техника мен технологиялар өндіріске молынан енгізіле бастады. Ғарыш саласын, мемлекеттің қуаттылығы мен ғылыми-өндірістік деңгейін көрсететін басқа да салаларды дамытуға ерекше екпін түсірілді. Міне, осы істің алдыңғы қатарында өндірісті, құрал-жабдықтарды автоматтандыру мәселесі тұрды.
Осы заманғы автоматтандыру және басқару саласының ғылыми тұрғыдан дамуы негізінен космосты игерумен, космостық және жоғары дәлдіктегі әскери технологияларды жасау талабымен және осы заманғы әскери істерді, қимылдарды басқару қажеттіліктерімен анықталады. Өндірісте, ауылшаруашылығында және басқа да салалардағы ендігі даму мәселесі осы салаларға қажетті автоматтық жүйелерді жасау, осы бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу, микропроцессорлық өңдеу, ақпараттық коммуникациялық жүйелерді дамытумен тығыз байланысты болып отыр.
Сөйтіп, қазір адамзат қауымы автоматтандыру және басқару саласын дамытуды кешенді түрде қарастыратын кезеңге келіп кірді. Бұл мәселе информатика, есептегіш техникасы және басқару бағытын дамытуды қажет етеді. Өндіріске жоғары өнімді есептегіш техникалары, жоғары жылдамдықтағы ақпараттық-коммуникациялық жүйелер енгізілуде. Осы салалар ғылыми тұрғыдан елімізде жете зерттеле түскені жөн.
Айта кету қажет, біздің Қазақстанда ақпарат және оны өңдеу мәселесі қазіргі экономикалық үрдістердің даму деңгейі мен талабы тұрғысынан алғанда әлі де болса негізгі ресурс көзіне айнала қойған жоқ. Шешім қабылдау үшін, басқару үшін оперативті ақпараттар жүйелі уақыт масштабында кең пайдаланыла бермейді. Жаңа ақпараттық құралдарға және технологияларға негізделген автоматтандырылған басқару жүйелерін өндіріске енгізуге Қазақстанның интеллектуалдық, технологиялық мүмкіндіктері, қазіргі материалдық және техникалық базасы жеткіліксіз болып отыр. Қазақстан экономикасының орасан зор деп саналатын әлеуетін ашу үшін аталған мәселеге барынша мән берілуі қажет.
Олай дейтініміз, дамыған елдерде автоматты өндірістер, есептегіш техникалары мен ақпараттық технологиялар, телекоммуникациялық жүйелер экономиканың негізін құрай бастады. Оларда бұл салалар ең жедел дамушы салалар ретінде алдыңғы қатарға шықты. Міне осылардың негізінде басқа салалар да күрт дамуда. Өйткені, осы салалардың дамуы басқа салаларға да қатты әсер етуде.
Сондықтан Қазақстан жағдайында өндірісті автоматтандыру және басқару жөнінде жеке бір бағдарлама қажет пе деп ойлаймын. Бізге қазіргі уақытта басқа елдерден алдыңғы қатарлы технологияларды трансферттеумен қатар сол технологиялардың пайда болуы және жедел дамуын зерделеу де қажет. Яғни “балықшыға балық берме, қармақ бер” деген секілді мәселенің түбіріне үңілген жөн.
– Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында, басқа да үкіметтік құжаттарда өндірісті автоматтандыру ісіне қаншалықты мән берілген? Осы төңіректе ескеретін мәселелер бар ма?
– Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа Қазақстан жаңа дүниеде” атты халыққа арнаған Жолдауындағы қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, елімізде бәсекелестікке қабілетті экономиканы құру, өндірісті жаңарту мен жаңғырту жөніндегі тапсырмалары өндірістегі, қоғам мен тұрмыстағы көптеген үдерістерді автоматтандырған жағдайда жақсы жүзеге аспақ. Осы үшін автоматты және автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізудің материалдық-техникалық, технологиялық және интеллектуалдық базаларын жедел түрде енгізуді ойластыру қажет. Елбасымыз біз қарқынды түрде дамыған жағдайдың өзінде басқа елдердің де, әсіресе, дамыған елдердің қарап отырмайтындығын, оларға ілесу үшін жанталаса жұмыс істеудің қажеттігін талай рет ескерткен болатын. Олардың міне, бірден бір қарап отырмайтын саласы – нақ осы өндіріс пен қоғамдық үдерістерді автоматтандыру саласы. Өйткені нақ осы салада алға кетудің мәні зор. Бұл саладағы ілгерілеу қоғамды жедел түрде дамытуға мүмкіндік береді. Елдің даму қарқынына қарқын қосады. Аттаған адымын әлдеқайда ұзарта түседі.
Міне, сондықтан да дамыған елдер бұл іске барынша мән беруде. Олар қазір өндіріс пен тұрмыстағы автоматтандыру ісіне болашақта үлкен серпін беріп, осы істерде адамды алмастыратын жасанды интеллект жасау ісімен белсене шұғылдануда. Міне, осының бәріне біздің Үкіметіміз үлкен ой көзімен қарап, индустриялық-инновациялық дамудың аса өзекті мәселесі болып табылатын автоматтандыру мәселесіне барынша мән беруі керек. Әйтпесе, біз қазіргі дамыған және жедел дамушы елдерге ілесе алмайтын боламыз.
Рас, ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмайды. Үкімет бұл салада бірқатар жұмыстарды жүзеге асыра да бастады. Елімізде технопарктердің құрыла бастауы, ЧИП жасауға арналған кремний өндірісінің қолға алынуы – осының айқын айғағы.
– Өндірісті автоматтандыру мен басқару саласында кадр дайындау мәселесі қалай шешіліп келеді? Ол пән, мамандық ретінде қандай оқу орындарында қашаннан бері оқытылады? Сіздердің оқу орындарыңызды бітірген түлектерге сұраныс бар ма? Осы мамандық бойынша білім берудің қазіргі деңгейі туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстанда автоматтандыру және басқару саласын дамыту үшін ең алдымен оны кадрлық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Мұның негізі біздің елімізде өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қалана бастады деуге болады. Осы жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінде “автоматика телемеханика” және “есептегіш техника”, ал Қарағандыдағы техникалық университетте “ақпараттық өлшегіш жүйелері” мамандықтары бойынша кадрлар дайындала бастады.
Дегенмен, қазіргі уақытта осы заманғы автоматты басқару жүйелері, электронды есептегіш мәшинелері, ақпараттық коммуникациялық жүйелер мен технологиялық құрал-жабдықтар және оларды жобалау, іске қосу, пайдалану салалары бойынша жоғары білікті кадрлардың жеткіліксіздігі өткір сезіліп отыр. Бүгінгі күні аталған мамандықтар бойынша тек автоматтандыру және басқару саласы бойынша ғана білікті инженерлер дайындауға болады. Бірақ өкінішке орай, елімізде бұрыннан бар және біршама жақсы дамып келе жатқан “Кәсіпорындарды автоматтандырылған басқару жүйелері” (автоматизированные системы управления предприятием) мамандығы не себептен екені белгісіз, кейін келе “Ақпараттық өңдеудің компьютерлік жүйелері және басқару” деп аталатын классификаторда “Есептегіш техника” мамандығына қосылып кетті. Сөйтіп, экономикаға, өндіріс пен қоғамға қажетті кәсіпорындарды, фирмаларды, мемлекеттік мекемелерді ақпараттандыру және басқару ісіне қатысты маңызды мамандық түрі іс жүзінде жоғалып кетті.
Қазір Қазақстанда информатика, есептегіш техника және басқару бағыты бойынша қызмет етіп жүрген 3 ғылым докторының үшеуі де және ғылым кандидаттарының көпшілігі осы бүгінгі автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша әзірленген адамдар. Бұлардың барлығы дерлік Москва мен Санкт-Петербургтің техникалық оқу орындарында білім алғандар. Олар қазір жоғары білікті мамандарды әзірлеу үстінде. Сондықтан елімізде қазіргі уақытта автоматтандыру және басқару мамандығындағы кадрлар ғана өздерінің инженерлік білім деңгейін жоғалтпайтындай жағдайда әзірлену үстінде.
Ал жоғарыда айтылған қалған мамандықтар бойынша біздің елімізде Кеңес өкіметінің соңғы кездерінде 5-6 ғылым кандидаты ғана бар еді. Оның үстіне бұл салалар заман талабына сәйкес динамикалық даму бағытында жедел өзгерістерге ұшырады. Соңғы 20-30 жылдың өзінде бұл салалар бойынша бұрынғы алған білім ескіріп қалды. Сондықтан болар, осы салалар бойынша кадр проблемасын шешу үшін жоғары мектептерде бакалавр, магистр және PhD докторлар дайындауға ұмтылыс танытылуда. Барлық техникалық университеттерде және басқа да инженерлік, тіпті инженерлік емес жоғары оқу орындарында информатика, есептегіш техника және басқару саласы бойынша 2005 жылы енгізілген жалпы қазақстандық білім бойынша мамандық классификаторына сәйкес және мемлекеттік білім стандартына сәйкес мамандар әзірленуде. Бүгінгі күні біздің жоғарыда келтірген себептерімізге байланысты нақ осы мамандықтар бойынша кадр дайындауға қатысты, яғни қазіргі енгізіліп отырған стандарт пен классификаторға қатысты қоғамда үлкен пікір-таластар өрбуде. Бұл пікір-таластар беріліп отырған білімнің мазмұнына, студенттердің оқытылу деңгейіне қатысты өрбу үстінде. Аталған мамандықты шала-шарпы игеріп шыққан студенттер ертеңгі күні дұрыс маман болып шыға ала ма, өндірістің өскелең талабын ақтай ала ма дегендей сұрақтар туындауда.
Осы туындап отырған пікір-таластарға қарап информатика, есептегіш техника, бағдарламалық қамсыздандыру, ақпараттық жүйелер, математикалық және компьютерлік жүйелерді және тораптарды, коммуникация ақпараттары мен ақпараттық технологияларды және жалпы ақпараттық технологияларды жобалауға, жасауға және іс жүзінде пайдалануға қабілетті мамандарды дайындау деңгейінің төмен екендігін байқауға болады. Бұл салалар бойынша кадр дайындау деңгейі мектептерде оқытылатын қарапайым компьютерлік сауаттылық деңгейінен алысқа бара алмай отыр. Ал кейбіреулері жаңа мамандықтарды оқытуға оқытушылардың өздерінің білімдері мен тәжірибелері, қабілеті жетпегендіктен үйреніп қалған математика мен физиканы оқытуға көшті. Сөйтіп, жасырып-жабары жоқ, еліміз бойынша автоматтандыру және басқару ісінің әр саласы бойынша мамандар дайындау толық дәрежесінде мүмкін болмай отыр. Мұның өзі еліміздің индустриялық-инновациялық бағытта жан-жақты, кең құлашты дамуына кедергі болатындығы түсінікті.
Ал, енді Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің физика-техникалық факультетіндегі өзіміз дайындап жатқан автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша кадрларға келетін болсақ, басқа көптеген мамандықтарға қарағанда біздің түлектерімізге деген сұраныс жақсы деуге болады. Оларды кәсіпорындар оқу бітірісімен өздері іздеп келіп, жұмысқа қабылдап жатыр.
– Қазір қоғам жедел алға басуымен қатар өзіндік қайшылықтарға тап болуда. Әлемді кернеген соңғы дағдарыс осының айқын дәлелі болғандай. Дағдарыстың бірінші кезекте әлемдік қаржы жүйесіндегі қайшылықтардан бастау алғандығы жайлы көп айтылып жатыр. Осыған енді өндірістік үдерістердің алға басуынан туындайтын ескі мен жаңаның күресі секілді қайшылықтардың да әсері болған жоқ па екен? Бұл жайында не айтасыз?
– Жалпыға тән белгілі бір түсініктері болғанымен кез келген дағдарыстың ішкі астарлары мен себеп-салдарларын түсіну қиын дүние. Сондықтан қоғамда түрлі көзқарастар етек алып отырған дәл қазірдей жағдайда бұл жайында бірдеме деп кесіп айту қиын.
Бірақ осы ретте америкалық әлеуметтанушы әрі футуролог О.Тоффлердің осыдан біраз бұрын айтылған пайымдаулары еске түседі. Адамзат қоғамының даму тарихын аграрлық, өнеркәсіптік, яғни индустриялық және постиндустриялық дәуірлерге бөліп қарастыратын Тоффлер қазіргі уақытта бұрыннан қалыптасып қалған әлемдік индустриялық жүйені үшінші толқынның, яғни постиндустриялық толқынның талқандау үдерісі жүріп жатқандығын айтады. Ол мынадан көрінеді: Өмірдің барлық салаларында ақпараттық технологиялардың кеңінен енгізілуі негізінде бірте-бірте “ақпараттық қоғам” қалыптасу үстінде. Оның басты белгілері көпшілікқолды тауарлар мен өнімдерді көптеп шығаратын алып өндірістерді енді дербес шағын өндірістер алмастыруда. Ал бұрынғы қалыптасқан алып индустриялық жүйелердің бұлайша талқандалуы барлық өнеркәсіптік дамыған елдерде жаһандық көлемдегі дағдарысты жағдайлармен қабаттаса жүретіндіктен мұны ескі мен жаңаның күресі деп те атауға болады. Өйткені, туындап келе жатқан жаңа дүниенің жаңа өндірістік қатынастары мен өндіргіш күштері жұлқынып алға түспейінше ескі дүние оған бірден орын босата қоймайтындығы түсінікті. Осының бір мысалы осы соңғы әлемдік дағдарыс кезінде байқалды. Осы дағдарыс тұсында көптеген кәсіпорындар құлдыраса, енді бірі беріктік танытты.
Жалпы, осы қозғалып отырған мәселе жайлы “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа ғимаратында БАҚ басшыларына берген сұхбатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: “Біз шикізат секторына балама болатындай экономика құрамыз, басқа жол жоқ... Егер дағдарыс тұсындағы әлемдік жағдайға назар аударатын болсақ, Еуропада оның сынына төтеп бере алған бірден бір ел Германия болды. Себебі, оның экономикасының 80 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бизнестің бұл түрлері осы елдің барлық аумағында біркелкі орналасқан. Шағын және орта бизнестің бір ерекшелігі – өзгеріс жағдайына өте бейімділігі. Оның бағыт-бағдарын жедел өзгертуге болады. Ал бізде Кеңес Одағы кезінде құрамында 10 мың, 20-30 мыңға дейін адам істейтін алып кәсіпорындардың көбірек салынғаны белгілі. Олар дағдарысқа осал болып шықты. Жаңағы бағдарламаның бір мәнісі, міне, осындай өмір өзгерісіне, сын сәттерге бейімділік таныта алатын жаңа экономиканы жасау болып отыр” деді.
Сөйтіп, Елбасы ескерткеніндей, шаруашылық жүргізудің қазіргі замандық моделінің маңызды сипаты ретінде алдыңғы қатарлы әлем елдерінің ғылымды көбірек қажет ететін, энергиялық қуаттар мен адам еңбегін, материалдарды үнемдейтін өндіріс түрлеріне көше бастағандығын айтуға болады. Бұл үрдіс ілкімді автоматтандырылған жүйелерді, компьютерлік техникалар мен роботтарды өндіріске кеңінен енгізу арқылы жүзеге асуда.
Осыдан көріп отырғандығымыздай алдағы өмірімізде өндірісті автоматтандыру мен басқару ісіне балама жоқ. Біздің бүгінгі жүзеге асырмақ болып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламамыздың негізгі өзегі де осы болып шықпақ.
Демек, өндірісті автоматтандыру мен басқару ісі дегеніміз, Елбасы атап көрсеткен жаңа экономиканың жаны болып шығады. Жаңа заманның жаңа кәсіпорындары шағын болып келгенімен, олардағы жұмыс үдерістері мен басқару ісінің автоматтандырылуы жағдайында атқаратын қызметі мен еңбек өнімділігі өте үлкен болмақ. Сондықтан өндірісті, түрлі қызмет салаларын автоматтандыру ісіне қазірден бастап мән беріп, осы іспен айналысатын, сала бойынша кадр дайындау мәселесіне мән беріп отыратын тиісті бір құрылымды құрғанымыз қажет еді. Астана жаңа университеті, міне, осы мақсатта қызмет ететіндігі анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.