Астана қаласы отбасы институтын қолдау орталығында саланың қызметін жетілдіруге, полимодальды кеңесшілерді даярлауға бағытталған практикалық семинар-тренинг өтті. Келелі кеңеске Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің отбасын қолдау орталықтары жұмысын жетілдіруге бағытталған жобалық кеңсенің жетекшісі Фарида Сағындық басқосудың мән-маңызына тоқталып, мақсатын мәлім етті.
«Қазір елімізде 65 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеттері – мемлекеттік отбасы саясатын жүргізу, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көмек көрсету, мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру. Бүгінгі іс-шара да отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіруге арналып отыр. Дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою, жұмыстың бірыңғай әдіснамасын құру, оны жүзеге асыру барысында олқылықтар болса, орны осындай семинарларда толығады. Сондай-ақ халыққа кеңінен ақпарат беріледі», деді Фарида Сағындық.
Пікірсайысқа қатысқан спикерлер түрлі тақырыпта баяндама жасады, орталықтардың жұмысын жүргізуде мемлекет тарапынан арнайы қаржылай қолдау артып келе жатқанына тоқталып, қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарды қолдау, оларға көмек көрсету қашанда өзекті екенін жеткізді.
2024 жылдың сәуір айында «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңның қабылдануы отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызды қадам болды. Заңның жаңа редакциясы ОҚО қызметіне де өзгерістер енгізді – Отбасын қолдау орталықтарының бірыңғай желісі құрылып, отбасы мәселелерін шешуде кейс-менеджмент енгізілді. Мамандардың айтуынша, орталықтар көмекке жүгінгендердің жағдайын кешенді түрде бағалап, әр отбасының жағдайына байланысты жеке жоспар әзірлеп, оны жүйелі жүзеге асырып келе жатыр.
Қазір қиын жағдайда қалған отбасыларды ерте анықтау мақсатында Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің мамандарынан мобильдік жұмыс топтары құрылған. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының жеделдігі мен ыңғайлылығы үшін әлеуметтік қызметтерді ұсынудың интеграцияланған моделі ретінде мобильді қосымша әзірленіп, сынақтан өтіп жатыр. Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Бақтияр Айтбаевтың айтуынша, онда елордадағы отбасыларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіледі.
«Әлеуметтік саясат – қоғамның өмір сүру жағдайын реттеудің бір бағыты, осы орайда, қала әкімдігі тарапынан әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды қолдап, жалпы қоғам мүшелерінің әл-қуаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту негізінде 2019 жылғы 26 тамызда қала әкімдігінің жанынан «Жанұя» отбасын қолдау орталығы қанатқақты жоба түрінде ашылды. Жобаның мақсаты – қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек, сонымен қатар отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету. Орталық қанатқақты жоба режімінде өз жұмысының жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеп, 2020 жылғы мамыр айынан бастап мемлекеттік мекеме болып ресми түрде жұмыс істей бастады. Орталық «бір терезе» қағидатына негізделіп, қала тұрғындарының (көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, отбасыларға, т.с.с.), азаматтардың жекеленген санаттарына кешенді консультациялық қызметтер көрсетеді», дейді ол.
Жаңа заң қолданысқа енген сәттен бастап қолдау орталықтардың саны өскен. 2025–2027 жылдары олардың санын 208-ге жеткізу жоспарланып отырғанын айтады мамандар. Өткен жылы орталық мамандары 400 мыңнан астам кеңес берген. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ мобильдік топтардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде көшпелі оқыту семинар-тренингтері өткізіліп тұрады.